Еуро-2024: Германия плей-офф кезеңіне бірінші болып жолдама алды

Германия сапынан Джамал Мусиала турнирдегі екінші голын соқты.

Сабина Асқарқызы

  • 20.06.2024

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының алтыншы ойын күнінде жанкүйерлер үш матчқа куә болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Алдымен В тобында екінші турда Хорватия мен Албания тең түсті. Есепті 11-минутта албаниялық Казим Лячи ашып, алғашқы тайм осы есеппен аяқталса, үзілістен соң үш гол соғылды. Хорватия сапынан Андрей Крамарич 74-минутта таразы басын теңестірсе, 76-минутта албаниялық Клаус Гясула автогол авторы атанды. Дегенмен 95-минутта дәл осы Клаус Гясула қатесін түзеп, қарсыластар қақпасына гол соқты. Осылайша, кездесу 2:2 есебімен қорытындыланды.

Енді 24 маусымда өтетін үшінші турда Хорватия Италиямен, Албания Испаниямен өзара кім мықтыны анықтайды.

Ал А тобында алаң иелері Германия тағы топ жарды. Тұсаукесер матчта Шотландияны 5:1 есебімен ұтқан немістер бұл жолы Венгрияны да аяған жоқ. Жауапсыз екі гол соқты. 22-минутта Джамал Мусиала Венгрия қақпасын дәл көздеді. Естеріңізде болса, Мусиала бірінші ойында да мергендік танытқан. Осылайша, ол әзірге турнирдің сұрмергені болып тұр.

Бірінші матчта Швейцарияға есе жіберген мажарлар гол соғуға тырысып бақты, алайда сәттілік жетіспеді. Немістер шабуылын тоқтатпай, 67-минутта Максимилиан Миттельштедттен пас алған капитан Илкай Гюндоган қақпаны дәл көздеді. Германия қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, плей-офф кезеңіне алғаш болып жолдама алды.

Күннің қорытынды матчы А тобындағы Шотландия мен Швейцария арасында өтті. Швейцария да Германия секілді плей-офф кезеңіне шығудан үмітті болған, дегенмен жоспары жүзеге аспай қалды.

Шотландиялық Скотт Мактоминей 13-минутта өз құрамасын алға шығарса, швейцариялық Шердан Шакири 26-минутта бір голмен жауап қайырды. Ал 33-минутта швейцариялық Дану Ндоя соққан голды төреші есептемей қойды.

Словакиялық маман Иван Кружляк футболшы ойыннан тыс қалды деп тапты.

Тиісінше кездесу 1:1 есебімен аяқталды.

Фото: championat.com

Байланысты жаналықтар

Германияда қолтырауынның басын сақтаған қазақстандық ұсталды

18.05.2025

АҚШ Украинаға Patriot зымырандарын беретін болды

11.05.2025

Криштиану Роналдуның ұлы да Португалия құрамасына шақырту алды

06.05.2025

Фридрих Мерц екінші талпыныстан кейін Германия канцлері болып сайланды

06.05.2025

Қазақстандық теннисші Германиядағы турнирде жеңіске жетті

05.05.2025

Германияда 30 жыл өмір сүрген ер адам СҚО-дағы ауылына оралды

02.05.2025
MalimBlocks
Германияда қолтырауынның басын сақтаған қазақстандық ұсталды

АҚШ Украинаға Patriot зымырандарын беретін болды

Америка «қорғаныс қызметтерін» 50 миллион доллар немесе одан да көп сомаға жеткізуге рұқсат берген

Криштиану Роналдуның ұлы да Португалия құрамасына шақырту алды

Фридрих Мерц екінші талпыныстан кейін Германия канцлері болып сайланды

Қазақстандық теннисші Германиядағы турнирде жеңіске жетті

Жібек Құламбаеваның еншісінде 40 ITF жүлде бар

Германияда 30 жыл өмір сүрген ер адам СҚО-дағы ауылына оралды