Malim Сinema: «Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

  • 09.03.2021

Жарыққа шыққанына 40 жылдан асса да өзектілігін жоймайтын фильмдер болады. Оған француз фильмі деген анықтамалық күшейткіш қосылса тіпті. Жалпы комедияның қалай түсіріліп, ондағы кейіпкер бейнесінің қалай суреттелетінін білгісі келетін көрерменге француз киносы — таусылмас қазына. Олардың кез келгенінен комедияның қалай әлеуметтік драмаға немесе драманың қалай трагикомедияға айналатынын көресіз.

Ал, француздың әйгілі «Ойыншық» фильмі бәріңіздің естеріңізде шығар, ә? Сондағы «ойыншық» журналист Франсуа Перрен (Пьер Ришар) сияқты кейіпкерлер біздің қоғамға да бөтен емес екен.

"Ойыншық" фильмінің қысқаша мазмұны:

Франсуа́ Перре́н (Пьер Ришар) — 17 ай бойғы жұмыссыздықтан соң «France Hebdo»газетіне әзер дегенде жұмысқа тұрады. Газет қожайыны миллионер Пьер Рамбаль Коше иелігіндегі компаниялардың бәрін өзі жетекшілік етеді. Журналистердің жұмысын да өзі қадағалайды, оларды жұмыстан өзі босатып, өзі қабылдайды. Франсуа Перренге алғашқы тапсырма ретінде редакция қожайынның ойыншықтар дүкені туралы мақала жазу тапсырылады. Дүкен аралап жүргенде журналист миллионердің ұлы Эриктің көзіне түседі. Эрик бірден өзіне ойыншық ретінде журналист Франсуаны сатып алғысы келетінін айтады.

Перреннің қарсылығына қарамастан қызметкерлер оны бірер апта ойыншық болуға көндіріп, арнайы сыйлық жәшігі қорабына салып, миллионердің үйіне алып келеді. Алғашында шолжаң баланың әр қылығына ашуланатын Франсуа уақыт өте келе оның жалғыздығын, ата анасының ажырасуына байланысты туындаған ішкі қарсылықтарын түсінеді. Біртіндеп баламен сырлас досқа айналып, екеуі Эрик Рамбаль Кошенің редакторлығымен деп үйіндегі шағын баспа мәшенкесімен өздерінің сатиралық газеттерін шығаруға кіріседі. Эриктің әкесі Пьер Рамбаль Кошенің байлықтарын, елге жасаған қысастық, қиянаттарын әшкерелейтін тақырыптармен мақалалар бере бастайды. Бұл үлкен қожайынның ашу ызасын туғызса да, біртіндеп оның көзқарасының да өзгеруіне түрткі болады.
Фильм 1976 жылы түсірілген.

 

Malim Сinema Пьер Ришар "Ойыншықтар" фильмінде

Айтпақшы, біздегі бір шенеунік немересін таситын шопырды машинада телефон қарағаны үшін шапалақпен тартып жіберіп, жұмыстан қуыпты. Атасының бұл қылығына қатты ренжіп, бұлқан-талқан болған жиен-немере: «Ата, ол сенің емес, менің шопырым, оның жұмыстан кететін кетпейтінін сен емес, мен шешуім керек!» - деп екі күн сабаққа бармай қойыпты. Амалы таусылған кәрия үш күннен кейін әлгі жігітті шақырып, жұмысқа қайта қабылдапты. Осы оқиғаны естігенде бірден менің ойыма «Ойыншық» фильмі түсті. Әйгілі Пьер Ришардың қайталанбас актерлік шеберлігіне сүйсіне отырып, киноны тағы бір мәрте қарап шықтым (бүгінгі әңгімені осы фильмге арнайық, бірақ алдағы уақытта сіздермен бірге француз комедияларына қайта ораламыз, бұйырса).

Бірақ, қай қиырда өмір сүрсек те, ортақ мінез, ортақ кемшіліктер мен ізгіліктер біздің жолымызды әртүрлі рухани қақтығыстарда тоғыстырады. Уақыт ығыстырса да маңызы көлеңкелене қоймаған осындай фильмдер біздің бүгінгі киноөндіріске жолсілтер болса деп армандап та аласың. Рас, бізде Пьер Ришар жоқ. Бірақ мына бір диалогтағыдай қайшылықты кейіпкерлер өріп жүр. Назар салыңызшы:

Сізге не болды, Бленак, не істеп жатырсыз?
— Шешініп, президент мырза...
— Жалаңаш күйіңізде редакцияны аралап шығуға дайынсыз ба сонда?
— Сіз солай бұйырып тұрсыз ғой, президент мырза?
— Сонымен бұл жерде кім қауіпті, Бленак мырза, кім құбыжық? Шешінуді бұйырған мен бе, жалаңаштануға дайын тұрған сіз бе?
— Білмеймін, президент мырза.
— Міне, мәселе осында...

Қызмет үшін, атақ үшін жанын жалдайтын адам көп бүгін. Қазақ қоғамындағы әлеуметтік алшақтық пен бюрократияға қатысты осындай сан мыңдаған мысал бар. Олардың қай-қайсысы да қарап отырсаңыз, бізде комедия жанрында фильм түсіргіш «құдіреттерге» сұранып тұрған тақырып. Қоғамдағы әлеуметтік жікті, бай мен кедей, бастық пен жұмысшы, әке мен бала арасындағы ауыр қарым-қатынасты сатира тілімен соншалықты жеңіл, сонымен қатар өзектілігін ұғынықты беру фильмді өміршең туындыға айналдырды. Режиссер Франсис Вебер күллі адамзат үшін байлық құндылық емес, байлық адами шынайы қарым-қатынас пен рухани теңдік те екенін көрсетті. Рамбаль Кошенің ішкі жалғыздығын балаға қатысты көңіл күйі арқылы бере отырып, шалыс кеткен әрбір адамда өз қателігін түзейтін мүмкіндік бар екеніне үндейтін таңдау тастады.

Қоянбаевтың көрермені "Ойыншық" фильмін көрсе ғой

Қоянбаевтың киноларын көріп өсіп келе жатқан бүгінгі буынға комедияның да терең мағынасы мен көзқарастарды өзгерте алатын құдіреті бар екенін, бүгінгі көріп жүргендерінің комедия емес екенін ұғындыратын осындай ежелгі классикадан да көрсетіп тұрса ғой, шіркін. Өйткені мұнда көтерілген мәселенің тереңдігін бұзбай мағынаны эстетикалық талғаммен әдемі жеткізген шеберлік жатыр. Бұл комедия осындай классикалық сұлулығымен, кәсіби шеберлігімен мәңгілік.

Фильмге қатысты қызықты детальдар:
* «Ойыншық» (фр. Le Jouet) фильмі — Франсис Вебердің режиссер есебіндегі алғашқы дебюттік жұмысы
*Актер Пьер Ришардың да кинодағы алғашқы рөлі. Ол бұл рөлді 33 жасында алған
* Оған дейін Пьер Ришар кабактарда билеп табыс тапқан
* «Ойыншық» фильмі кино тарихында ешқандай жүлде алмаған

Оқи отырыңыдар:  Malim Cinema: Параллель соғыстар («Мандариндер» фильміне көзқарас)  

Оқи отырыңыздар: Malim Сinema. Жақсы адам жайлы соната. «Жизнь других» фильмі жайында

суреттер интернеттен алынды

Байланысты жаналықтар

MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

08.05.2021

Жүрек сөзі. «Қара айна» (Black Mirror) сериалы

18.04.2021

MalimCinema. Иран «жауһарлары»

26.03.2021

MalimCinema. «Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

20.03.2021

Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната

19.02.2021
MalimBlocks
MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

«Соғыс адам бойындағы жаман мінездердің бәрін сыртқа шығарады», «Бәріміз қаһарман едік, қазір кісі өлтіретін қанішерге айналдық».

Жүрек сөзі. «Қара айна» (Black Mirror) сериалы

MalimCinema. Иран «жауһарлары»

MalimCinema. «Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната