Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната
Көзін тырнап ашқаннан тоталитаризм орнаған мемлекетте өмір сүріп келе жатқан қоғам мүшелері де «тарсылдан қорықпайтын тышқан» сияқты. Мұндай елде біреудің өмірін бақылау, ізін аңду қалыпты дүниедей көрінеді. «Жизнь других» фильмі Оскар алғанда осындай қоғамның біраз киносыншысы «мұның несі жаңалық?!» деп таңданысыпты. Бұл санатқа біздің де қосылуымыз бек мүмкін. Өйткені біз де «диірмендегі тышқанның» немесе айғайлауға, дауыс шығаруға қорқатын әйгілі «Көшкін» спектаклінің кейіпкерлеріміз.
«Біреуді аңду, қоғамды үрейде ұстау- адам құқығына қол салу, жеке тәуелсіздігіне нұқсан келтіру»-деп қарайтындар бұл Оскарды әділетті шешім деп есептейді. Неміс режиссері Флориан Хенкель фон Доннерсмарктың дебюттік фильмі 1984 жылдардағы Шығыс Берлиндегі қырғиқабақ қиын кезеңдерді сөз етеді. Неміс киноакадемиясының 7, Еуропалық киноакадемияның 3 жүлдесін, 2007 жылы америкалық киноакадемияның «ең үздік шет тіліндегі фильм» Оскарын иеленген кино мемлекет бақылауындағы шығармашылық адамдарының өмірі мен құпия агент қызметкерінің ішкі күресін баяндайды. 2 млн долларға түсірілген дебюттік фильм әлемдік прокаттан 77 млн доллар жинайды.
"Жизнь других" фильмі. Агент Вислер (Ультрих Мюэ)
Мемлекеттік саясаттың өнерді идеология құралына айналдыруға әрекет етуі бүгіннен ғана басталған жоқ. Эрнест Гомбрих өзінің «Өнер тарихы» кітабында император Константин мен Ұлы Григорий Папа да өз кезеңдерінде Батыс Еуропадағы өнер "христиан дінін ұстанушыларға Құдай сөзін жеткізуі керек" деп есептегенін жазады. «Григорий Папаның пайымы сюжет неғұрлым қарапайым және мағыналы болуы тиіс және ең маңыздысы қасиетті мәннен адам зейінін бұрып алып кетердей дүниенің бәрін алып тастау керек дегенге саятын»-дейді. Осы идеяның өміршеңдігі кейінгі кезеңдердегі өнердің де тәуелділігінен көрінеді. Адам зейінін насихаттық кино арқылы мемлекеттік басқару механизмдеріне байлап алу әлі үзілген жоқ. «Жизнь других» фильмі осындай мәселелерге қатысты бізге таласты ой тастапты. Құпия қызмет агентінің өз қызметіне сатқындығы «өмірде болмаған, болмайды да. Мұндай қызметке ішкі стержні бір идеяға, бір сенімге нық бекіген адамдар ғана алынады»-дейді реалистік көзқарастағы біраз көрермен. Ал Флориан Хенкель фон Доннерсмарк осы тұста «адам зейінін бұл қасиетті мәннен» бұрып алып кетуімен ерекшеленеді. Ол агент Герд Вислердің өзгерісі арқылы өнердің, ізгіліктің кез келген бағдарламаланған идеологияны әлсірете алатынын көрсетеді. Режиссердың өзі де бұл тұрғыда: "Өзгеріс бірден болмайды,Вислер өз идеологиясына сенімді біртіндеп жоғалтады"- дейді.
Фильмнің қысқаша мазмұны:
«Жизнь других» фильмі Германиядағы өнер адамдарын мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің (Штази) қатаң бақылауда ұстаған кезеңдерін суреттейді. Штази капитаны Герд Вислер драматург Георг Драйман мен оның ғашығы, актриса Криста-Мария Зиландты аңдуға тапсырма алады. Драйман капиталистік режим жақтасы ретінде күдікке ілінеді. Алғашында Вислер басшылыққа күдіктілердің іс әрекетін түгел баяндап отырады, бірақ біртіндеп ол Драйманға қатысты деректерді бақылау қызметінен жасыра бастайды.
Талантты режиссер, жақын досы Альберт Йерсктің өлімінен кейін Драйман өзіне өзі қол жұмсау дерегі бойынша ГДР-дың батыста, Венгриядан кейінгі екінші орында екенін көрсетіп, оның себебі мен салдарын әшкерлейтін мақала жазады. «Шпигель» журналына шыққан бұл мақала шығыс Берлинде үлкен шу тудырады.
Қауіпсіздік қызметінің күдігі Драйманға түскенде, Вислер оны қорғауға, жауып-жасыруға тырысады. Мәдениет министрі Хемпфтың ізіне түсіп, кездесуге мәжбүрлеуінен бас тартып, тек қана Драйманның жанында қалғысы келген Криста Мария Зиландтың да басына қара бұлт үйіріледі. Құпия қызметтің мәжбүрлеуінен соң актриса Драйманның жазу машинкасын қайда жасырып жүргенін айтады. Алайда Штази адамдары драматургтың үйіне жеткенше Вислер барып, ол машинканы тығып үлгереді. Үйді тінту кезіндегі ауыр көңіл күйге төзбей үйден жүгіре шыққан Криста Марияны көлік қағып, ол оқиға орнында қайтыс болады. Драйманға қатысты істегі жалғыз куәгер қайтыс болған соң, құпия қызмет өкілдеріне істі жабуға тура келеді. Агенттің «қылмысы» анықталғаннан кейін оны басшылық жазалап, пошта қызметіндегі қара жұмысқа кеседі.
Арада біраз жылдар өткеннен кейін Драйман өзінің құтқарушы агенті жайлы толық мәліметті архив құжаттарынан біледі. Вислерді іздеп тапқанымен, онымен сөйлесуге батылы жетпеген жазушы «Жақсы адам жайлы соната» кітабын жазады. ..
"Жизнь других" фильмі. Драматург Георг Драйман (Себастьян Кох) пен актриса Криста -Мария Зиланд (Мартина Гедек)
Фильм философиясы осы тұста маған ұлы Абайдың: "Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім" деген ойымен үндесіп тұрғандай көрінді. Абай бұл ойға көптің мінезін түзеуге себепкер болған өз мысал-үлгісімен келді. Режиссер да бұл мәселеге өз кейіпкерлерінің шынайы образдары мен ұлы өнердің жүректерге түсірер сәулесі арқылы келгендей.
Актер Ультрих Мюэнің шеберлігі көрерменді тәнті етеді. Адамның ішіндегі екі линия, екі көңіл күй қақтығысын сыртқы эмоциясыз көрерменге жеткізуге болатынын осы образдан байқадық. Біз әдетте адам бойындағы, ойындағы өзгерісті әртүрлі көңіл күйлер (жылау, күлу, елжіреу, күйіну, айғайлау секілді) арқылы ажыратамыз. Ал, Мюэ кейіпкерінің көңіл күйі сол әуелгі сұсты, сезімсіз агент бейнесімен-ақ ашылып тұр. Ол жүрек түпкіріне түскен ізгілік нұрын ешқандай бет мимикасына сүйенбей-ақ сыртқа алып шықты. Басты кейіпкерді таңдауда режиссердың жолы болыпты.
Драматург Георг Драйман (Себастьян Кох), актриса Криста -Мария Зиланд (Мартина Гедек), агент Вислер (Ультрих Мюэ) үштігі Штази бақылау қызметін жеңді. Әуелде драматург пен актрисаның саяси ұстанымын әшкерлеу үшін оларды аңду миссиясына кіріскен агент фильм барысында өлеңге елітіп, музыкаға егіледі, таза өнер өкілдеріне иіледі. Бұл қандай саясат болса да, оның қолында өзқызметкерлерін жансыз, робот сарбазға айналдыратын құдіреттің жоқтығын көрсетті. Өзгеріс заманда емес, адамда. Себебі әлем әлі сол орнында, әлемде өзгерген ештеңе жоқ, өзгерген адам ғана...
https://www.youtube.com/watch?v=nnboZiWjsh0