Абай облысындағы Орлов шахтасында екі жұмысшы уланып, біреуі ауруханада бара жатқан жолда қаза болды.
19 наурыз күні сағат 10:40 шамасында Орлов шахтасының диспетчеріне екі жұмысшының зиянды газдардан улану белгілерімен табылғаны туралы ақпарат түсті.
Зардап шеккендердің бірі ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Медициналық көмек көрсетілген екінші жұмысшының қазіргі жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр, — деп хабарлады KAZ Minerals тобының баспасөз қызметінен.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
— Кәсіпорынның басқарма төрағасы Андрей Третьяков жазатайым оқиғаны тергеуге жеке қатысу үшін Орлов кенішіне жолға шықты. KAZ Minerals тобының басшылығы мен ұжымы қаза болған қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Компания марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетеді, — делінген ақпаратта.
Бұған дейін Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апаты болып, 5 адам қаза тапқанын жаздық.