Жүрек сөзі. «Қара айна» (Black Mirror) сериалы

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

  • 18.04.2021

«Қара айна» – жасанды интеллект мүмкіндіктері артқан заманда өмір сүріп жатқан адамдардың шынайы бет-бейнесін көрсетуді мақсат етеді. Көрермендердің басым  бөлігі фильм біздің өмірімізге етене еніп кеткен техниканың, технологияның  зиянын, көлеңкелі жақтарын көрсетуді мақсат еткен деседі.

 Біз сериалдарды өнерден гөрі өндіріске, табыс көзіне  көбірек жақындатамыз.  Ондағы сценарийге үлкен талап қоймайтынымыз да сондықтан.   Мұндай жұмыстардан мағыналық тереңдік, жүрек тебірентерлік шешім күтпеу де осы өлшем тұрғысынан қарағанда - заңдылық.  Тіпті әйгілі «Тақтар таласын» да ғасырдың озық жетістігі санағанмен, ондағы «таңғажайыптар»  бүгінгі заман адамының жанына соншалықты   жақындай алған жоқ.   Ал  «Қара айна» адамзаттың ақыл-ойына, ондағы адами қасиеттерге қатысты  ішкі ізденісіне төңкеріс жасайтындай құдіретімен трендтегі сериалдардың көшін бастады.

Адамды зұлым, зәлім болмаса қорқау, қараниет, екіжүзді, аяр етіп көрсететін технология емес, адамның өзі. «Қара айна» осындай шындықты өзінің фантастикалық тәсілімен кез келгеннің алдына тарс еткізгенде қай қайсымыздың болса да, абдырап қалатынымыз  осыдан. Себебі, бізге өз ішіміздегі қараңғы бұрыштарға үңілу қорқынышты. Сериал жетістігі соны  адамзаттың ішкі шыңырауынан сүйреп шықты. Ол біздің тұмшалап тастап, анда-санда ғана  белгілі бір дозада жіберіп отыратын сиқырлы сандығымыз еді.    Бүкіл жан дүниесіндегі жақсылы-жаманды қасиеттерінің сериал тілімен сыртқа лықсыған сәтінде  адамзаттың аздап шок алғаны да, ақиқатқа тура қарай алмай ашуланғаны да осыдан.

Бәріміз «Платон менің досым, бірақ маған ақиқат қымбат» дейтін әйгілі тәмсілді айтқанды жақсы көреміз. Өзімізді шыншыл, реалист көрсетуге ұмтыламыз. Ал, «Қара айнаның» сюрреализмімен бетпе бет келгенде шын мәнінде найзағай ұрған адамның жағдайын түсінгендей боламыз.  Сериал жаңа технологиялар арқылы адамның осындай  терең сезімдеріне бойлайды. Оның игерілмеген тың секілді қозғаусыз жатқан ми талшықтарын түрткен кезде  көрерменнің түсініксіз күйге, құлазу мен қорқынышқа бой алдыруы да мұнда қалыпты құбылыс.   «Қара айна» адамда осындай мінездер, қарау ниеттер, небір жауыздықтардың болатынын ғана көрсетті. Оны көрерменнің қабылдау қабылдамауы  тағы да өз еншісінде.

Қара айна «Қара айна» ( Black Mirror) сериалы жайлы мәлімет:

«Қара айна» ( Black Mirror) — британдық, ғылыми- фантастикалық телесериал-антология. Идея авторы, сценарист Чарли Брукер. Режиссерлері Оуэн Харрис, Карл Тиббеттс, Джеймс Хоуэ, Отто Баферст, Эрос Лин. С Сериал жаңа ақпараттық технологиялардың адам өміріне әсерін көрсетуді мақсат етеді. Сериалдың әр сериясы әртүрлі тақырыпқа құрылған, актерлары да бөлек. Брукер сериалдың сатиралық бағытты ұстана отырып қазіргі қоғамның бет алып бара жатқан бағытын көрсету екенін айтады. Чарли Брукер «Қара айна» атауы кез келген үйде тұрған электронды гаджеттердің қара дисплейінен алынғанын жеткізген. Сериалдың алғашқы екі маусымы 2011-2013 жылдары британдық Channel 4 телеарнасынан көрсетілген.  2015  жылы сериалды көрсету құқығы американдық  Netflix компаниясына өткен. Компания үшінші және төртінші маусым (әр маусым алты сериядан) көрсетілімдеріне 12 серияға тапсырыс берген. Үшінші маусым 2016 жылы 21 қазанда, төртіншісі  2017 жылы 29 желтоқсанда эфирге шықты.  2019 жылдың 5 маусымында «Қара айнаның» үш маусымының тұсаукесері өтті.

«Қара айнада» фантастикадан гөрі психологизм басым. Мәселен, бірінші серия да авторлар өмірде болуы мүмкін шындықты алға тартады. Бір қарағанда көрермен былай ренжуі мүмкін: Неге режиссер осындай анайы тақырыпқа бірінші сериясында-ақ барды? Қалай премьер министр сондай танымал, лауызымды басымен террорист ұрлап кеткен ханшайымды құтқару үшін шошқамен жыныстық қатынасқа түсуге келісті? Мүмкін емес дүниені елді шок жағдайына түсіру үшін қалай мүмкін етеді?...

Алайда, өмірде терроризмнің бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Әлем біреуді біреу ұрлап кету, жарып жіберу, атып тастау, бөлшектеп тастау секілді оқиғаларға күнде куә болып отыр. Еуропаны қараңыз, терроризмнен аз зардап шекті ме? Мәселен, Норвегияда алаңсыз бір аралда демалып жүрген 79 баланы белгісіз бір террорист барды да, атып тастады немесе Австралияда тағы біреу барып мұсылмандарды қырып кетеді. Болмаса Ауғанстан мен Сирияны алайық, күн сайын қаншама бейбіт тұрғын қаңғыған оқтың құрбаны болып жатыр? Айналада осындай жауыздықтар жасалып жатқан кезде біз ендеше қалай мұндай сценарийді оп-оңай жоққа шығара аламыз?! Сериал көрермен күтпейтін осындай тосын тақырыптарға бара алуымен ерекше.

Келесі бір серияларында ақыл-есі ауысқан қызды телефонға қуалап жүріп түсіретін тобырды көрсетеді. Бұл да бізге ортақ қоғам, бізде бұндай немқұрайлықтан сау емеспіз.  Тағы бір сериясы ерлі-зайыптылардың арақатынасындағы келеңсіз жағдайларға, түсініспеушіліктерге арналады. Адам денесіндегі чип, флешка осы кикілжіңнің бүкіл ақиқатын анықтап, алдарына  тартады.  Бұл көрерменнің болашаққа деген қорқынышын еселейді.

Енді бір сериясы синтетик робот адамдарға арналады.  Бұл жердегі ақиқат тіпті ащы, әрі қабылдауға ауыр.  Қалыпты адам мен жасанды интеллект жемісінен туған роботтар шайқасы. Ондағы ішкі дағдарыс, ішкі жанайқай көрерменін өз шыңырауына үңілдіреді. Бұндағы оқиғалар бізге сіңісті болған «Адам адамға қасқыр, жыртқыш жау» деген теорияның заманы өткенін көрсетеді. Әр эпизод   «адам  лақтырып тастайтын зат немесе езе салатын жәндік» деген теорияға көбірек иландырады.

Бұл сериал біздің өміріміздің айнасы.  Мұнда атақ, абыройды әлеуметтік желі арқылы жинауға ұмтылып, тауы шағылатын қыздар да, жолдасы қайтыс болып оның орнын синтетик күйеумен алмастыратын бақытсыз әйел де, сайлауға түсіп жолы болмай далада қалған жігіт те бар.  Өзіңе  таныс кейіпкерлер, өзіңнің өмір сүру дағдыңа айналған сюжеттер алдыңнан шыққан сайын туындының  саған соншалықты жақын, әрі соншалықты ауыр екенін сезінесің.

Сериалды көріп отырған кей тұста «жаңа технология шынымен адамзаттың рухани көкжиегін ашты ма? Олардың қарым-қатынасын, байланысын жақсартты ма? Жанына жайлылық сыйлай алды ма, жарқын болашақты бізге қалай жақындатты?- деген сауалдар көлденеңдейді. Және осы сұрақтарға кереғар тұжырымдар да қылаң береді. Бұл сауалдар жауабы да мен мұндалап қылтиған сәтте аздап қуанып, артынан амалсыз құлазисың. Қуанатының  - ғаламның осындай таңғажайыптарына куә болып отырғаның, құлазитының - технология заманы саған өзің ғана еншілейтін  ештеңе қалдырмай бара жатқаны...

Бұған дейін адамзат біреуден қиянат көрсе оның жазасын, наласын сол адамның өзінің ар-ұятына қалдыратын, сериал өлшемі адамға тән мұндай есептерді, күмән мен күдікті бір ғана флешкаға, чипке, технология жадысына жүктепті. Кей көрермен «мұндай шым-шытырық, хаус сериалды көргенше өз ішінде драмасы бар, трагедиясы, комедиясы бар бейбіт мамыражай тақырыптарды сөз ететін фильмдерді көрмеймін бе!» депті. Бір қарағанда бұл көрерменнің де пікірі дұрыс, ақиқатты ақтару кімге ұнайды, әрі ол көпшіліктің бүгінгідей үлкен сүргінде  жүрген кезінде жарқ ете қалса.

 

MalimCinema айдарынан оқи отырыңыз:

Иран "жауһарлары"

«Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

Параллель соғыстар («Мандариндер» фильміне көзқарас)    

«Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

Жақсы адам жайлы соната«Жизнь других» фильмі жайында

Байланысты жаналықтар

MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

08.05.2021

MalimCinema. Иран «жауһарлары»

26.03.2021

MalimCinema. «Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

20.03.2021

Malim Сinema: «Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

09.03.2021

Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната

19.02.2021
MalimBlocks
MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

«Соғыс адам бойындағы жаман мінездердің бәрін сыртқа шығарады», «Бәріміз қаһарман едік, қазір кісі өлтіретін қанішерге айналдық».

MalimCinema. Иран «жауһарлары»

MalimCinema. «Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

Malim Сinema: «Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната