MalimCinema. Иран «жауһарлары»

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

  • 26.03.2021

Иран «жауһарлары». Иран фильмдерінде жарқыраған шамдар, голливудтың мың құбылған мүмкіндіктері мен жаңа технологияның жетістіктері жоқ. Иран фильмдерінде бүкіл әлем ұмтылатын ашықтық пен арқаны кеңге тастайтын еркіндік те жоқ. Бірақ оларда  шынайы, адами қарым-қатынас пен әділетшіл, таза, әуезді қолтаңба  бар.  Азаматтық қоғамды  аңсайтын қарапайым көптің арман-тілегі мен әділетсіз режимі бар. Мұнда осы өмірді өнер тіліне айналдыра алған ұлы суреткерлер бар. Бұл жердегі режиссердың азат ойы барлық цензурадан биік.  Осы азат ой көрерменін пессимистік шарасыздыққа емес, оптимистік  мұратқа бағыттайды. Айналадағы әртүрлі көңіл-күйлер арқылы тұтас бір қоғамның суретін айна-қатесіз, әсіребояусыз  беру шеберлігі Иран фильмдерін басқалардан осылай өзгешелеп тұр.

Джафар Панахидің «махаббат хаты»

Джафар Панахи режиссер, сценарист, продюссер. Панахидың фильмдері Канн кинофестивалінің «Алтын  камера» (1995, «Ақ шар»), Локарнодағы кинофестивалінің «Алтын қабылан» (1997, (Айна»), Венеция кинофестивалінің «Алтын арыстанын» (2000, «Шеңбер») иеленсе, Берлиналенің «Күміс аюын» ( 2006, «Офсайд») алған.

2010 жылы Джафар Панахи тұтқындалып, 2009 жылғы сайлау қорытындыларына наразылармен бірге  қарсылық акциясына қатысқаны, билікке қарсы шыққаны үшін алты жылға сотталады. Панахидің 20 жыл шығармашылықпен айналысуына, сұхбат беруіне тыйым салынған.  Алайда бұл шектеу суреткердің шығармашылығын тоқтата алған жоқ.  2011 жылы режиссер «Бұл фильм емес» киносын түсірді. Оның флешкасын торттың арасына тығып, шетелге  өткізді. Бұдан кейінгі 2015 жылы түсірілген «Таксиі»  «Алтын аюмен» марапатталды. Джафар Панахи 2012 жылы әйгілі А.Сахаров сыйлығының иегері атанды.

Джафар Панахи

«Ұзақ жылдар бойы салдыр-салақ адамдар тұрған пәтерге енді басқа адамдар көшіп кіретін болса,  — олар, ең әуелі, дәрі сеуіп, бүргелерді түгел қырып-жойып, пәтерді тазартып алады. Дәл осы сияқты, Брук та өзінің қойылымдарын аяушылықтан толық тазартты» -депті орыс режиссері Г.Козинцев ағылшын режиссері Питер Брук шығармашылығы жайлы (С.Фрейлих «Кино теориясы»).   Иран фильмдеріндегі ізденістер де өз фильмдерін әртүрлі пендеуи аяушылықтардан   арашалап алады. Бұған әйгілі Джафар Панахидың өміріне айналған өнері мысал. Ол Иран қоғамының шынайы суреткері, фильмдері бүгінгі Иран тыныс-тіршілігінің айнасы.

Режиссердың «Бұл фильм емес», «Такси», «Үшеу» фильмдері бір қарағанда көркем фильм  көргісі келетін адамның ішін пыстырады.  Мәселен, «Бұл фильм емес» киносы шындығында кино емес,  Панахидың күні бойғы қайталанатын тірлігі (таңғы ас ішу, телефонмен сөйлесу, қайта тамақ ішу, кино туралы әңгіме айту, досымен пікірлесу) камераға түседі. Режиссер цензурадағы өз өмірін осылай киноға айналдыру арқылы қарапайым ирандықтардың құқығы ғана емес, әлемге ортақ өнер деген өлшемнің де шекарасының бұл елде қалай тарылып тұрғанын көрсетеді. Көрермен оның тұсаулы таланты мен кинодағы ақиқатына осындай деректі кадрлары арқылы тәнті болады.

Джафар Панахидың «Таксиін» Берлин кинофестиваліндегі әділқазы төрағасы Даррен Аронофски «кинематографтың махаббат хаты» депті.

«Такси» фильмінде  кейіпкер жоқ, ұлы өнерге деген махаббат бар. Кино түсіруге, одан басқа да шығармашылық жұмыстармен айналысуға тыйым салғаннан кейін Джафар Панахи Тегеран көшесіне көлігінде бейнерегистраторы, қолында қарапайым телефоны ғана бар таксист есебінде оралды.  Таксиге отырған қала тұрғындарының  күнделікті әңгімесі  халықтың қиын өмірінен бір үзік мысал болып режиссер таспасына түсті. Панахидың таксиіне отырған әрбір адам  кейіпкердің рөлін ойнайтын әртіске айналды.  «Әлеуметтік проблеманы түсіру үшін режиссер тек қана реалист болу керек»- дейді Панахидың өзі.  Қаржылық, техникалық, бюрократиялық кедергілерге қарамастан жанкештілікпен кәсібін жалғастыра беру шынында кинематографияға деген   нағыз махаббаттың мысалы.

Біз әдетте «көркем фильмге әсірелеу, ойдан кейіпкер қосу, оқиға құрастыру кешірімді» дейміз. Панахи фильмдері бұл тұжырымды жүз пайыз теріске шығарады. Ол керісінше, режиссер көрерменді алдамау керек деп есептейді. «Иранда әйелді орамалсыз киноға түсіруге болмайды. Әйел тіпті үйінде жалғыз болса да, төсегінде ұйықтап жатса да оның шашы міндетті түрде орамалмен жабылуы керек. Мен  осындай өтіріктен қашу үшін әйелдерді үнемі көпшілік жүретін қоғамдық ортада, көшеде түсіремін. Мен өз көрерменімді алдағым  келмейді»-дейді.

Панахи шығармашылығының басым бөлігі адам құқығы, оның ішінде әйел теңдігіне арналады. Режиссердың  «Үшеу» фильмі Иран қоғамындағы  әйелдердің ауыр өмірін, олардың теңсіздігін суреттейді. Өзіне-өзі қол жұмсамақ болған жас қыздың видеоүндеуімен басталатын фильм ирандық әйелдердің ешқандай мәселеде таңдау құқығы жоқтығын, оларға бұл ортада қысым, қорлық-зорлық көптігін сөз етеді. Актриса болуды армандаған жас қыздың үзілуге шақ үмітін кинода  Панахи мен актриса Бехназ Джафари қайта үрлейді. Панахи көрерменіне ауыр тұрмыс-тіршілік ақиқатын ғана ұсынбайды, ол өзгеруге ниеттіні осындай тығырықтан шығуға ұмтылған адамдардың әрекеті арқылы алыстағы сәулеге ұмтылдырады.

Джафар Панахи саясаткер емес, бірақ елдің әлеуметтік проблемалары мен елдегі адам құқығының ашық түрде аяқасты болатынын кино тіліне айналдырып, көрерменге ұсына алғаны үшін саяси жүйенің қуғынына айналған ар тұтқыны. «Жаңа өнер дегеніміз – жаңа тақырып қана емес, жаңаша көре білу, демек бейнелеудің жаңаша әдісі» (С.Фрейлих «Кино тарихы»)  Ең бастысы, Иран киноөндірісі қаракетсіз отырған жоқ, цензураны айналып өтіп, өзінің озық ойлы режиссерларының арқасында «бейнелеудің жаңаша әдістерін» тауып, үздік фильмдерді жарыққа әкеліп жатыр.

Асгар Фархади өлшемі адами келбет

А. Фархади — «Ең үздік шетел фильмі» («Надер мен Симиннің ажырасуы» (2012), «Коммивояжер» (2017) номинациясы бойынша әлемде тұңғыш рет екі мәрте  Оскар алған   иран режиссері. «Алтын аю» (Халықаралық Берлин кинофестивалі), «Алтын глобус»  (Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының жүлдесі) , Канн кинофестивалінің жүлдегері.

Иран киносында өзгермейтін бір тақырып бар, ол адами шынайы қарым-қатынас пен ислами әдеп, салт-дәстүрге негізделген ұлттық тәрбие. Режиссер Асгар Фархадидың фильмдерінен бояуы қою интригадан гөрі адам мінезінің қалтарыстарына үңілетін кадрларды көп кездестіресіз. Ол үшін адам болмысының ашылғаны маңызды. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін фильмдерінің бәрінде осындай терең психологизм бар. Алайда, голливудтық спецэффекті немесе сәт сайын құбылатын  интригаға көбірек үйренген кейбір көрермен мәселен,  Асгар Фархадидің «Коммивояжер» фильміне қатысты   «бұл жерден қандай трагедия  көріп тұрсыздар?» -дейді.

 

 

 

Коммивояжер

Фильм кейіпкерлері Эмад (Шахаб Хоссейни) пен Рана (Таране Алидости) – интеллигентті жас отбасы. Эмад күндіз мектепте әдебиеттен сабақ берсе, кешке келіншегімен бірге жекеменшік, шағын театрда спектакльде ойнайды. «Коммивояжердің өлімі» қойылымына дайындалып жүрген кештердің бірінде жас отбасы өмірдің ауыр сынақтарының бірімен бетпе-бет келеді. Өздері тұратын үй құлауға айналып, жарыла бастаған соң жас отбасы жаңа пәтер іздейді. Театрдағы достарының бірі оларға өзінің ескі үйін ұсынады, алайда онда бұрын жеңіл жүріспен айналысқан әйелдің тұрғанын ескертпейді. Эмад театрда қалып, Рано үйге ерте келген кештердің бірінде алдыңғы пәтер жалдаған әйелдің бұрынғы клиенттерінің бірі олардың үйіне кіріп кетеді. Көршілері Раноны ваннада басы жараланып, құлап жатқан жерінен тауып, ауруханаға жеткізеді. Жас отбасындағы психологиялық қиындықтар осылай өрбіп, шиеленісе береді...    

Әйгілі Алексей Серебряковтың: «Әртістік оңай кәсіп емес, мәселен, ит пен баладай шынайы болу екінің бірінің қолынан келмейді»дейтін сөзі бар еді. «Бүгінгі Тегеранның өңі жылдам өзгере бастады. Бұл жағдай адами қарым-қатынастарды да сын тезіне салды. Осы жолда түп негізіңді сақтай отырып жаһанданудың ағысына  бейімделесің немесе сол жолда құрдымға кетесің»-дейді Фархади.  Асгар Фархади фильмдеріндегі актерлардың образдарынан шынайылық көрінеді. Шынайылық пен кейіпкер бір біріне кіріккенде ғана суреткер армандаған образ шығады. Көрерменді соңына дейін жетелейтін де осылар.  Фильмдегі үнсіздік, фильмдегі күрсініс, ондағы әрбір әрекет адамды өзі түсіне алмайтын ішкі күйімен табыстырады. Егер актер Серебряков теңеуіндегідей кино шынайылықтан ада болса біз онда  өз ішіміздегі қырық түйіншекке оралған әртүрлі сезімдерімізге маңайлай да алмас ек. Мұндағы көрерменнен көрерменнің айырмасы да осында, біреудің  трагедиясын өз сүзгісінен өткізе отырып, оны сезінуінде.

Фильм табытта жатқан күйеуімен қоштасып отырған актрисаның «Біз  қарызымыздан құтылдық, бірақ енді ол үйде тұратын ешкім жоқ» - дейтін монологымен аяқталады. Шытынаған әйнектің қолыңды шымылдата тіліп жіберетіні бар.  Фильмнен кейінгі әсер де осыған ұқсас...

Фархади фильмдерін бір-бірінен аумайтын,  әйел мен еркек қарым-қатынасындағы психологиялық қайшылықтарға ғана құралатынын айтушылар да бар. Алайда, Фархади ізденістері  «Шынайы суреткер шығармашылық азабынан өмір бойы арылмайды. Әрбір жолы бәрін жаңадан бастағандай болады» -дейтін С.Фрейлих («Кино тарихы»)  тұжырымына көбірек жақын.  Фильмдеріндегі қолтаңба ұқсас болғанмен, мұнда мінездер әртүрлі, ұлттық құндылықтар мен оқиғалар  басқа.

«Надер мен Симиннің ажырасуы»      

Режиссердың «Эллидің хикаясы»,  «Надер мен Симиннің ажырасуы» секілді фильмдерінде  жастардың, жалпы халықтың біразындағы шетелге кету, батыс еркіндігін аңсау көңіл күйі сезіледі. Надер мен Симиннің ажырасу себебі де осындай эпизодпен басталады.  Симин шетелге көшкісі келеді, күйеуі Надер бұған қарсы. Өйткені оның альцгеймер ауруына шалдыққан әкесі бар. Қызы анасымен шетелге кеткісі келгенмен әкесін қимайды. Науқас қарияны қарау үшін жұмысқа жалданған күтуші әйел мен оның күйеуі Надерге жала жауып ақша өндіріп алмақ болады. Бірақ шешуші сәтте діндар әйелдің ар-ұяты ол қиянатқа жол бермейді. Драма осындай екі линияны шиеленістіре отырып алып шығады. Ерлі-зайыптының қарым-қатынасында терең философия жатыр.  Фархади бұл жерде де отбасылық өлшемнен асып,   жабық қоғамдағы өзге адамдардың  психологиялық портреттеріне дөп түседі.

 Шолпан Рақымқызы

MalimCinema айдарында:

«Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

Параллель соғыстар («Мандариндер» фильміне көзқарас)    

«Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

Жақсы адам жайлы соната«Жизнь других» фильмі жайында

Байланысты жаналықтар

MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

08.05.2021

Жүрек сөзі. «Қара айна» (Black Mirror) сериалы

18.04.2021

MalimCinema. «Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

20.03.2021

Malim Сinema: «Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

09.03.2021

Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната

19.02.2021
MalimBlocks
MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

«Соғыс адам бойындағы жаман мінездердің бәрін сыртқа шығарады», «Бәріміз қаһарман едік, қазір кісі өлтіретін қанішерге айналдық».

Жүрек сөзі. «Қара айна» (Black Mirror) сериалы

MalimCinema. «Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

Malim Сinema: «Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната