MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

«Соғыс адам бойындағы жаман мінездердің бәрін сыртқа шығарады», «Бәріміз қаһарман едік, қазір кісі өлтіретін қанішерге айналдық».

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

  • 08.05.2021

«Соғыс адам бойындағы жаман мінездердің бәрін сыртқа шығарады», «Бәріміз қаһарман едік, қазір кісі өлтіретін  қанішерге айналдық».

Бұл соғыстың ащы сабағынан кейінгі Фридхельмнің  шынайы  ақтарылуы еді. Бұған дейін олар өздерін Берлиннің ғана емес, әлемнің иесі, әлемнің еркесі сезінді. 20 жастағы адамның әрбіріне тән мұндай көңіл күйді,  алып ұшқан амбицияны, олардағы жастық энтуиазмді көпшілік жақсы түсінді. Және екінші дүниежүзілік  соғысқа қатысқан әрбір солдатты жалған идеологияға алданған ұрпақ, пафосты ерлік жырының құрбаны ретінде қарастыра бастады.

Неміс киносындағы соғыс драмасында адамның алға шығуы тақырыптың салмағын арттырды, көрерменді бұған дейін қалыптасқан соғыс туралы фильмдер стандартынан алыстатты, адам трагедиясы жеңген тарапқа да, жеңілген тарапқа да ортақ екенін көрсетті. Сол арқылы соғыста жеңімпаз болмайтынын дәлелдеді.  Үш сериялы «Біздің аналар мен әкелер» (Unsere Mütter, unsere Väter) фильмінің  көрерменді жылатуының да, жұбатуының да себебі осында.

2013 жылы жарыққа шыққан неміс режиссері  Филипп Кадельбахтың бұл фильмі әлемде үлкен  қоғамдық резонанс туғызды. Ресейлік көрермен  «совет әскерлерін зорлықшы, жауыз, қатыгез қылып көрсетуге тырысқан фильм» десе, «поляк партизандарын ормандағы қарақшы бейнесінде берген» деп польшалық көрермен өз наразылықтарын білдірісті.

Фильмнің қысқаша мазмұны:

Фильм жақын достардың майданға аттанар алдындағы кездесуінен басталады. Өздерінің ұлы жеңістеріне шүбәсіз сенген бесеу үш төрт ай көлемінде болатын Рождество мерекесінде осы жерде қайтадан бас қоспаққа уәделесіп тарасады. Ертесі ағайынды Вильгельм мен Фридхельм Винтерлер Ресей жеріндегі ұрыс даласынан бірақ шықса, Грета Мюллер неміс офицері Дорнмен байланысады. Дорн  Гретаны атақты әнші жасауға, оның досы еврей Виктор Гольдштейннің Берлиннен Америкаға кетуіне көмектеспекке уәде береді. Алайда, неміс офицері Гретаны алдап, Викторды әйгілі азап вагонына тиеп, қуғынға ұшыраған өзге еврейлермен бірге Польшаға аттандырады. Шарлота майдан госпиталіне мейірбике болып жұмысқа тұрады.

Фильм барысында Дорн Гретаны шығыс майдандағы неміс әскерлеріне концерттік бағдарламамен жібереді. Ағайынды Винтерлер Курск маңындағы телеграф станциясы үшін болған кескілескен ұрысқа қатысады. Осы майданда Фридхельм Вильгельмді қаза тапты деп ойлайды. Өзі ауыр жараланып, Шарлота жұмыс істеп жүрген госпитальға түседі. Шарлотаға Вильгельмнің қазасын естіртеді. Алайда, Вильмгельм снаряд жарғышағынан жарақат алып, өз өзіне келе алмай майдан даласынан кетіп қалады, оның жалғыз өзі  өзен жағасында отырған жерінде  неміс патрульдері ұстайды. Жазалаушы тарап оны  ұрыс даласынан қашпақ болды деп айыптап, алдымен  өлім жазасына кесіп, артынан айып батальонына жібереді. Вильгельмнің қайтыс болғанын естіген Шарлота госпиталдағы бас дәрігермен көңіл қосады. Гретаның өзінен ауыр аяқ екенін естіген неміс офицері оны ішінен аяусыз ұрып, баласын түсіріп, түрмеге қаматады.    

Фильм соңында жартылай қираған кафеде Виктор, Вильгельм, Шарлота үшеуі кездеседі. Олар өздері фильмнің басында уағдаласқандай екі үш айдан кейін емес, тек бес жылдан соң ғана кездесті және Грета мен Фридхельмсіз...                   

Біз «адам мемлекет үшін, сен еліңе не бердің?» дейтін советтік идеологиямен армансыз сусындаған ұрпақпыз. Кеңестік елдердің киносындағы идея да тек қана осы сценариймен өрбіді.  «Артымызда Москва, шегінерге жол жоқ!», «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген ұран бабаларымызды жалаң қолмен от көсетіп, оққа ұшырды. Әлем «Мемлекет адам үшін» деген көзқараста өмір сүруді әлдеқашан бастап кетсе де, біздің мемлекеттік идеология мен патриоттық тәрбие әлі әуелгі әуенінен ажырамай отыр.  Мемлекетті, ұлтты, билікті, басшыны  көзсіз сүйгізудің мұндай «озық» үлгісінен режиссерлар саналы түрде бас тартып, соғыстағы адами факторларды,  адам қайғысын алға шығармай соғыс қасіреті мен зардабын көрсететін  шынайы фильмдерді ешқашан түсіре алмайды.

«Біздің аналар мен әкелер» фильмі соғыстың жастардың жігерін қалай жасытқанын, биік армандарынан қалай алыстатқанын, қарапайым неміс азаматтарын қалай бақытсыз еткенін көрсетті. Бір мақсат, бір мүдде, ортақ Отан идеясының әлемде өте сәтсіз идеология болғанын  кино тілінде сөйлетті, дәлелдеді.

Мұнда біржақты айыптау жоқ. Керісінше, орыс әскерлерінің әрбір үй үшін, әрбір ғимарат үшін жан аямай ерлікпен шайқасқаны айтылады. Мұнда «кім кінәлі?» деген сұрақ қойылмайды. Режиссер неміс офицерлерінің бейкүнә қарусыз адамдарды қалай атып, қалай дарға асқанын, үй жайымен қоса өртеп, әлемге қалай геноцид жасағанын әділетті беруге тырысады. Неміс әскерлерін тек қана басқыншы образында қалдырмайды, фильм кейіпкерлері арқылы олардың да дәл өзгелер секілді соқыр саясаттың құрбаны болғанын, олардың да трагедиялы тағдыр иелері екенін шебер жеткізеді.

Жеңісті монополиялау кеңес өкіметінің сапында болған елдер психологиясына әбден сіңісті болыпты. Газет материалдарының бірінен жақында екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тыл еңбегінде болған бір ардагер туралы жазылған мақаланы оқыдым. Онда «Оның адал еңбегімен тапқан қаражатына жасалған жаңа танк, жаңа ұшақ  және қару-жарақтар фашист баукеспелердің бастарына оттай қадалды. Ол өзі жасаған оқтан жаудың баудай қырылғанын  естіп, ұлы жеңісті жақындатуға өзінің еңбегі сіңгеніне шын жүрегімен қуанды» деген жолдарды оқыдым. Бұл да біздің кинолардағы қолдан жасалған героизмнің насихаты секілді. Неміс кинолары соғыстағы мұндай «героизмдерді» көрсетпейді («Сталинград», «Көпір», «Кеме»). Мұндағы кейіпкерлердің бәрі соғыстағы адамның ішкі монологын сыртқа шығаруға тырысады. Сол арқылы соғысқа қарсы фильмдер түсіреді.

Тарихтағы мұндай қателіктер ұлттық идеологияның адами ізгі қасиеттердің ғана насихатшысы болу керек екенін көрсетті. Өз ұлтын өзгеден артық қою - басқаны менсінбеу, оны жою  секілді жаулық пиғылды оятатынын осындай соғыстар дәлелдеді.

MalimCinema айдарынан оқи отырыңыз: 

Көрермен көзімен: Акира Куросава әуені

«Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

Параллель соғыстар («Мандариндер» фильміне көзқарас)    

«Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

Жақсы адам жайлы соната«Жизнь других» фильмі жайында

Иран «жауһарлары»

 

Байланысты жаналықтар

Жүрек сөзі. «Қара айна» (Black Mirror) сериалы

18.04.2021

MalimCinema. Иран «жауһарлары»

26.03.2021

MalimCinema. «Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

20.03.2021

Malim Сinema: «Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

09.03.2021

Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната

19.02.2021
MalimBlocks
Жүрек сөзі. «Қара айна» (Black Mirror) сериалы

MalimCinema. Иран «жауһарлары»

MalimCinema. «Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

Malim Сinema: «Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

Malim-Сinema. Жақсы адам жайлы соната