Нұрбек Кеңесбайұлы. Үкі
Қаладағы қымбаттау қонақ үйдің мәлім бір бөлмесінде жатқан екеудің жамылшысы әлде қашан сусып түсіп, сұп-суық құшақтар айқасып кеткен болатын. Бақболдың арқасын өрге-төмен сипалап, тынышы кетіп жатқан Элвираның қолына, оның жотасындағы кедір-бұдыр беріштер айқын білінді. Денесі болар-болмас дір ете түскен ол, қос сұқ саусағының ұшымен қап-қатты боп бітіп қалған беріштерді санай бастады.
- Біііір, екііі, үшшш...
Қос жауырынның сәл төменгі жағынан бүйректің тұсына дейінгі аралықта, шеңбер формасында біткен шордың саны он екі еді.
***
Қаршадайынан томаға тұйық болып өскен Бақбол ешкіммен де емен-жарқын сөйлеспейтін. Көбінде оңаша қалып кітап оқиды немесе ағаштан тапанша жасап ойнайды. Әр түрлі формада жасалған тапаншалардың бетіне «Beretta 92F», «GM-100», «Fabarm», «Progress» сияқты таңбаларды бәкісімен ойып жазып алатын еді. Әкесі қалаға барған сайын оған «Аппалуза», «Механик», «Несчастье» «Коломбиана» т.б. кинолардың DVD табақшаларын әкеп беретін. Қолына түскен кино табақшаларын ол үнемі жарым түнде, ал күндіз болса саңылау біткенді түгел бітеп қойып, жападан-жалғыз отырып көретін.
Бақболдың боқшасынан сабағына қатысты кітаптардан сырт та бірен-саран роман кітаптар және ағаш тапанша мен кішкене ғана бәкі үзілмейтін-ді.
Бір жолы мектептен қайтып келе жатқанда көршілес сыныптасы Ғайнимен сөзге келіп қалады. Оны бас салып төпештей жөнелейін десе қыз бала, онсыз да көп сөйлегісі келмей, зығырданы қайнап келе жатқанда, Ғайни күтпеген қимыл жасап, Бақболды шапалақпен тартып кеп жіберсін. Қыздан мұны күтпеген ол не істерін білмей булығып тұрғанда, қыз тағы тілін тартпай:
- Сен жармағанның тұқымысың, сенің тұқымыңа қарғыс тиген екен, оны маған шешем айтты. Саған жуыма деген, енді сенімен ойнамаймын, - деп бұрқырай жөнелді.
Беті дуылдап, өзін әрең ұстап тұрған кішкентай Бақболға қызың мына сөзі қатты тиді. Өзімен жасты қыздан мұндай сөзді естіп, оның шапалағын жегенше өлгенім артық деп, боқшасындағы кішкене бәкісін алып өзіне оқтамақшы болғанда, қасындағы құрдастары жабылып жүріп, қолындағы бәкісін әрең тартып алған еді.
Әдетте құрдастары шектен шығып бара жатса, барлығын өз орындарына қоя алатындай жұдырықшылық өнері де бар еді. Ал қызға қолы бармады. Неге екенін өзі де түсіндіре алмайды.
Десе де ол, «қарғыс тиген» деген сөзді осымен екінші рет естіп тұр. Алдымен атасы, одан екі айдан кейін әжесі, жарты жылдан кейін жеңгесі қайтыс болғанда, ауылдағы Қызылбақсы деп атанып кеткен жалғыз басты шал, Бақболдың әкесіне: «Сендерге қарғыс тиген екен», - деп жатқанда, осы сөзді бірінші рет естіген болатын.
Бізді не қарғыстауы мүмкін деген ой Бақболды да көп мазалайтын. Сосын, өткен жылы қыста, ағасының қақпанына түсіп қалған үкі оның ойынан бір сәт шыққан емес. Аяғын қақпаннан босатпай тұрып, жуан таяқпен қанша төпештесе де өлмей қойып еді. Сұлық жатқан үкіні енді өлген шығар деп ұстай берейін десе, денесіне қол тигізбей шоршып кетеді. Бастабында Бақболға қызық көрінгенімен, соңын ала шалажансар құстың көзіне қарауға дәті бармай, ағасын күтпестен үйге қарай зытып берген.
Кейін сол үкінің қанаттары іні-қарындастарының бесік жапқыштарына қадаулы тұратын.
***
Бастауыш мектепті ауылдан тәмәмдаған Бақбол, қаладағы әскери жоғарғы оқу орнына грантпен қабылданды.
Өзінің қалаған мамандығына түскен Бақболдың қуанышында шек жоқ. Ал ондағы нысана ату, ұзаққа жүгіру, қаруды бөлшектеп қайта құрастыру, күрес, бокс сынды спорт түрлерінен алдына жан салған емес. Бойы биік, денесі шымыр, бет-әлпеті келісті жігітке оқу орнындағы қыз біткен ғашық еді.
Бір жолы қаладағы дәмхананың бірінде жападан-жалғыз тамақтанып отырған Бақбол, қарсы жағындағы үстелдің біріне жайғасқан қызға көзі түсе берді. Қыз алдына қойылған бірнеше кітаптің бірін асықпай парақтап, бар ынтасымен оқуға кіріскен. Оның алдында бір бокал шай ғана тұр. Қыздардың кітап оқығанынан артық сүйкімділік жоқ екен ғой деген ойға келді Бақбол.
Тағы бір сенбілік демалыста, үлкен кітапхананың бірін аралап жүрген Бақбол, баяғы қызды тағы кездестірді. Кітап дүкенінің кассасында кезекте тұрған қыздың қолында Гарсия Маркестің «Холера тұсындағы махаббат» дейтін кітабы бар еді. Бақбол да ойланбастан дәл сол кітапты сатып алды.
***
Кітапханадағы бірнеше аптаға жалғасқан ұрлана қараулар, ол екеуін саябақтан бірақ шығарды. Қыздың аты Элвира. Филология факультетінің 2 курс студенті. Өзі аздап өлең жазады. Десе де, Бақбол оның ақын болу арманын құптамаған.
Екеуі сондай жарасымды жұп, болашаққа бір көзбен қарайтындай сана деңгейіндегі махаббаттары, көрген елді тамсандырмай қоймайтын. Үш жылдық жоғары оқу орнындағы балдай тәтті күндері, олар үшін бәрінен қымбат. Қаладағы қым-қуыт тірлік, оқу орнындағы әділетсіздік, тұрмыстағы экономикалық қиыншылық, олардың арасын тіпті де жақындастырмаса, алшақтатқан жоқ.
Бақбол түндерде қосымша күзет жұмысын істейді. Ауылдарынан ақша келіп тұрмаса да, екеуінің керек-жарағына жететін ақшаны Бақболдың өзі-ақ тауып жүрді. Элвира да қосымша жұмыс істейін дегенімен, Бақбол оған келісім бермеді. Қайта оған көптеген кітаптар сатып алып беріп, үнемі қуантып жүрді.
Соңғы курста екі жақтың үлкендерінің рұқсатымен, екеуі бірге тұратын болған. Аядай бөлмеде екі ағаш төсек, бір үстел, екі орындық, төрде ілуді үкілі домбыра ғана бар. Екуінің сабаққа дайындалып, тамақ ішулеріне, кітап оқуларына осы жағдайдың өзі жеткілікті.
Түн жарымда жұмыстан келіп, Элвираның маңдайынан емірене бір иіскеп алып, өз орнына барып жайғасатын Бақболдың бұл әрекеті, қызды қатты таңғалдыратын. Элвира әуел баста жігітінің бұл қылығына дән риза болғанымен, кейіндеп жек көре бастады. Оңаша бөлмеде қыз жанында тыныш жататын еркек болады екен ғой деп қайран қалатын. Кітап жүзінде басқалай болушы еді ғой деп іштей күлімсірейді кейде.
Кейіндеп Элвираның тым көңілсіз жүргенін байқап, Бақболдың өзі де бірдемені сезген сияқты еді. Жұмыстан кеш оралған түннің бірінде, ол сүйіктісін құшағына қысып тұрып:
- Мен қазір асығыс емеспін, маңдайға жазған жарым өзің боласың. Мен сені кіндік қаным тамған ауылдағы үйімнің босағасын аттатып алған соң, ақ некелі төсегімде күтем, – деп сыбырлаған.
Қыз оның бұл сөздерін тектілікке балап, өзін бір сәт бақытты сезінгенімен, күндер өте келе тағы да сол мән-мағынасыз түндерден зерікті. Ол ойындағысын Бақболға жайып салып, өзіне не керек екенін айтайын десе, беті ашылмаған қыздың намысы жібермеді. Ал айтпайын десе, іші күйікке толып барады. Ол тіпті Бақболдың денсаулығынан да алаңдай бастаған...
Еркек болғасын Бақбол да ойламайды дейсің бе, кей түндері неше-неше оқталып, тәуекелге басқысы келгенімен, болашақ жарының қызығын некеден кейін көрмекші болды. Ол осы ұстанымын өзіне берген серт ретінде қабылдап, одан аса алмай-ақ қойды. Ал Элвира ауылға кеткен кездерде, бірер рет жеңілтек қыздарға барып қойғаны да бар. Тым аңсап кетпесе де, тән лаззатының адамға керек екенін ол да жақсы біледі. Десе де, Элвираға келгенде ол өз сертінен аса алмай-ақ қойды.
Бұл онысын болашақ жарына деген үлкен құрмет деп түсінген болатын.
***
Екеуі де жоғарғы оқу орнын жақсы тәмәмдағасын, Элвира қалалық түйінді мектептің біріне мұғалім болды, Бақбол облыстық полиция департаментіне жұмысқа тұрды.
Қос тараптың келісімімен, жігіт қызға үкі де тақтырып үлгерген еді.
Қалап сүйген жарын құшуға асығып, енді төрт айдан кейін үйленем деп жүрген Бақболдың күткені болмады. Бірге тұрған соңғы жарым жылда, Элвира тым көңілсіз жүретін болған. Кейде жарым түнде тұрып алып, телефон арқылы біреулерге өлең оқып беріп жататын. Бақбол оны сезсе де сезбеске салып, бөтен ештеме ойламай жата беретін. Кейін келе, оған өлең жазба дегені сәл артықтау екенін де түсінген.
***
Беліне 97-2 тұрпатты атыс мылтығын асынып, кірпік қақпай күзетте тұрған Бақболдың телефоны: «... Ол сыйлаған бақытты, мен де сыйлар едім ғой...» - деп сайрай жөнелді.
- Алло, қазір жетем, - деді де, қаладағы мәлім бір қонақ үйге қарай жүгіре жөнелді.
Ол қонақүйдің есігінен кіре бергенде, ішкі жағынан жалаң бас біреу атып шықты да, оны иығымен бір соғып өтіп, қаша жөнелді. Неде болса ішіндегі жағдайды иелеп барып, іске кірісермін деп ойлаған ол, қонақ үйдің баспалдағымен ентіге басып, жоғарыға көтерілген.
Ол төртінші қабатқа жеткенде, көзі қанталап, түсі сұрланып тұрған досы Сержанды көрді. Ал мәлім бір бөлмеде Элвира шашын жайып, төсін жалаңаштап, көзі күлімдеп отыр. Ол отырған төсектің бас жағындағы киім ілгіште, ер адмның шапкасы ілулі тұр. Үстелдің үстінде бір қап темекі, бір кітап, тағы бір қап бірдемелер тұр. Өз көзіне өзі сенбей, дел-сәл күйде тұрған Бақболды елеп тұрған Элвира жоқ. Қайта оның жанарынан: «Сенің қолыңнан келмеген дүние, елдің қолынан келеді», - деген намыс жыртар сөздер айтылып тұрғандай.
Жұмысқа кіргелі талай қақтығыстарды көріп, тап бермеде қаруын кезей қалатын кәсіптік дағдының бұл жерде іске аспайтынын сезінді де, дереу есін жиған ол, қонақ үйден ұзай берді.
Үкікөз көше шамдарының жарығы оны қап-қара түнекке бастап бара жатты.
Бөлімшеге асыға басып, оқ өтпейтін киімдерін шешіп, жұмыстастарына ештемені бірдіргісі келмей, үйге тез қайтқысы келді. Десе де үйде оны күтіп тұрған болашақ жары жоқ. Ал кеудені намыс өртеп барады.
97-2 тұрпатты атыс қаруын мойнына асып алып, кеңсе ішінде ары-бері теңселе басып жүрді де, ешкімге байқатпай, бүйрек тұсына мылтықтың түтігін тіреп тұрып, басып кеп қалды. Одан ары қарайғысы мүлдем есінде жоқ.
Арнайы тәжірибеден өтіп, тек ғана қорғаныс органдарына берілетін 97-2 тұрпатты атыс қаруы, бір басқанда он үш оқты бүркіп шығаратын. Бақболдың бір бүйрегін сызып өтіп, бауыр, өт, өкпесін зақымдаған он екі оқты, белінен жауырынына дейінгі аралықтан теріп алған дәрігерлер, он үшінші оқтың омыртқада екенін, оны алса адам өміріне қауып төнетінін айтқан.
25 күннен кейін есін жиған Бақбол, алты ай дегенде өзі жүре алатын халге жетті. Ол орнынан тұрғанда бір бүйрегі мен өті алынып тасталған еді. Тәңірі қолдағанда, жүрегі сау. Арнайы емханада бір жыл жатып, үйіне оралған Бақболдың денсаулығы біртіндеп қалпына келе бастады.
Сол кездерде Элвираның жаңа тапқан жігіті оны тастап кеткен болатын.
Бір бүйрегінің жоқтығы некелік байланысқа қаншалық әсер етерін сынап көрмекші болған Бақбол Элвираны қонақ үйге шақырып алған еді...
Сол түні Элвира өзіне үкі тағылғанын ойлады.