Қазақстан футболшылары Солтүстік Македониядан жеңілді

Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі матчта Солтүстік Македониядан жеңіліп қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
J тобындағы кездесу Астанадағы “Астана Арена” стадионында өтті.
Матч қонақтардың 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Жеңіс голын 33-минутта Александр Трайковски соқты. Ол допты бірден қақпаға бағыттап, Мұхамеджан Сейсеннің қақпасын дәл көздеді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы есепті теңестіруге бірнеше мүмкіндіктерге ие болды. Үш шабуыл қақпа маңындағы темірге тиді: 16-минутта Ғалымжан Кенжебектің соққысы бағанға тисе, 57-минутта Максим Самородовтың добы көлденең тіреуге барып соғылды. Ал 85-минутта ойынға қосалқы құрамнан шыққан Дастан Сатпаев та бағанға дөп тигізді.
Бұдан бөлек, Ислам Чесноков, Нұралы Әліп және басқа ойыншылар да қауіпті шабуылдар жасады. Алайда олардың әрекеттері нәтижесіз қалды.
Келесі матч 4 қыркүйекте өтеді. Қазақстан құрамасы өз алаңында Уэльс құрамасын қабылдайды.
Еске сала кетейік, іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойында Қазақстан сырт алаңда Уэльске 1:3 есебімен жол берген болатын. Ал екінші матчта қонақта Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңді.
Фото: ҚФФ

Ең көп оқылған
