Туған жерімізді жүрегіміз әлдилеп жүрсін!

Malim Админ

  • 08.07.2021

Туған жер деген қасиетті тіркес неге әркімге ыстық екен? Шыр етіп дүние есігін ашып, кіндік қаның тамған мекенді жүрегіңнің бір бұрышында аялап, әлдилеп сақтайсың. Өмір сапарында туған еліңнің әр пұшпағында жүруің де мүмкін. Бірақ неге туған жер жақын?

Адам Атаны Хақ тағала топырақтан жаратыпты. Сен туған жердің топырағы бәлкім сені аптабымен әлдилеп, самалымен сүйген шығар... Көзіңді ашып көргенің – туған анаңнан соң туған жерің ғой. Бәлкім, сондықтан алғашқы тас, алғашқы су, алғашқы ағаш көз жанарыңда мәңгі қалады. Кім біледі?... Әйтеуір бір тылсым күш сені туған жеріңмен матап ұстайды.

«Әркімге туған жері – Мысыр шаһары» деген сөз бар. Бәлкім, Мысыр ертегілерде көп кездескендіктен, ертегідей ел деп елестеген шығар. Бірақ осы сөзде шындық бар. Жетісудің әсем табиғатына қарт Маңғыстаудың баласы тамсана қояр, бірақ дәл туған даласындай сүйе алмайды. Әбу Сәрсенбаевтың бір мерейтойына батысқа бір топ қаламгер барыпты. Сонда құмдауыт жер. Бір кезде боран соғып, құм ұйытқыпты. Сонда жалаңаш кеудесін құмды боранға тосып, Әбіш Кекілбаев далада тұр дейді. Егер Әбіш Маңғыстауда тумасы жәл солай рахаттанып тұра алмас еді-ау. Сол Әбудің:

Уа, туған жер, топырағыңнан жаралдым,
Алабыңнан арманыма нәр алдым.
Тұнығыңнан жүзіп іштім сендегі,
Алтын арай таңғы жұпар самалдың., - деген өлеңі қазір әр қазақ баласы айтатын, айтқанда да сезініп, жан жүрегімен айтатын сөзге айналды.

Ал Қасым Аманжоловтың «Туған жерін» бәріңіз білетін шығарсыз.

Шықшы тауға, қарашы кең далаға
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?

Уа, дариға, алтын бесік туған жер
Қадіріңді келсем білмей кеше гөр
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей
Ақын болмай тасың болсам мен егер

Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің
Нендей күйге жүрегімді бөледің
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім...

Міне, нағыз перзент сөзі. Перзент жүрегі. Ешкім туған жерінен безіп кете алмайды. Туған жер деген – туған анаң. Ол жақтың барлық адамдары туысың сияқты. Мейлі қай рудан болсын, қай ұлттан болсын. Оқа емес. Сенің танысың, ауылдасың, жерлесің.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында туған жер туралыбөле жара атағанда, оның бағасын одан әрі біле, сезіне түскендей едік. Қандай да бір атақты адам туған жеріне көңіл бөліп жатса, жұрт жапа-тармағай соны жазып, мақтап жатады. Ал қарайым біз сияқты адамдар туған жеріне көңіл бөлсе, әдеттігідей көрінеді. Неге?

Сайын Мұратбеков деген жазушыны білесіздер. Соның «Кәмен тоғай» деген әңгімесі бар. Ауылдың шетіне жеміс ағаштарын егіп, онысы жайқалып өсіп, кейін кәмен дүниеден өткеннен кейін де жас ұрпаққа пана болған аяулы жер. Ал сондай Кәмендер қазақтың әр ауылында бар. Қазір кез келген ауылдың уатсап тобы бар. Сонда бір қиындық болса, қуаныш болса, бәрі жабылып көмек береді. Бұл да туған жерге деген құрмет емес пе? Туған елге деген сый емес пе?

Біздің ауылда Садыр ата деген молда кісі болды. Ұлты – түрік. Ірі денелі, сары кісі еді. Келбеті еміс-еміс есімде қалыпты. Ақ сақалы, ақ шапаны бар-тұғын. Сол кісіні елдің бәрі жақсы көретін. Қазағы да, түрігі де, ұйғыры да, дұңғаны да Садыр ата десе, тік тұратын. Сол атамыз бір жылдары ауылымызға мешіт салдырды. Түркиядан таныстары шықты ма екен, әлде алғашқы экономикалық саясат тура келді ме, сол кісінің тұсында ауылымызда зәулім мешіт салынды. Басы-қасында Садыр ата жүрді. Қазір де елі ішінде бұрынғы әңгіме қозғалса, Садыр атаның аты айтылады.

Туған жерге қызмет ету сондай ірі шаруалардан бастап, ұсақ-түйекке дейін жатады. Әркім туған жеріне туын тіксе, біздің әр ауылымыз көркейер еді. Олимпиада чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің бір ауылдың адамдарын жұмыспен қамтып, қол ұшын созып отырғаны әмбеге Ақорданың төрінде аян болды емес пе? Елбасының өзі қолдап, жақсы пікір айтты.

Осындай біздің алдымызда үлгілер бар. Біз солардың бәріне үйренуге тиіспіз. Елбасы оны бекер айтқан жоқ. Біліп айтты. Сезіп айтты. Әр ауылдан қазір білікті азаматтар шықты. Солардың бәрі өз ауылын ойласа, қандай тамаша болар еді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «...Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегіміз әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» - деп ағынан жарылды.

Рас! Ақиат сөз. Туған жерімізді жүрегіміз әлдилеп жүрсін!

                                                                                                    Азамат Тұрсынбай

Байланысты жаналықтар

Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

27.03.2024

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

27.03.2024

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

26.03.2024

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

25.03.2024

Қазақ боксшылары 6 алтын, 3 күміс, 2 қола жеңіп алды

24.03.2024

Сегіз қазақстандық боксшы Литвадағы турнирдің финалына шықты

23.03.2024
MalimBlocks
Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензия бар.

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Қазақ спортшылары олимпиадаға жолдаманы Тблисиде өткен әлем кубогінде жеңіп алды.

Қазақ боксшылары 6 алтын, 3 күміс, 2 қола жеңіп алды

Халықаралық жарыс Литваның Кунас қаласында өткен. Турнир боксшы әрі тренер Альгирдас Шоцикас құрметіне ұйымдастырылған.

Сегіз қазақстандық боксшы Литвадағы турнирдің финалына шықты