Ұлттық спорттың оңалуы. 2022 жыл несімен есте қалды?
Ұлттық спорт жанашырлары мен жанкүйерлері үшін биыл олжалы жыл болды деп айтуға болады.
Жасыратыны жоқ, оншақты жыл бұрын Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрылып, оның тізгінін экс-президент Н. Назарбаевтың немере інісі, бүгінде түрлі қылмысы үшін 6 жылға сотталған және де басқа қылмысқа қатыстылығы тексеріліп жатқан Қайрат Сатыбалды мен оның жақтастары ұстағалы қоғамда реніш пен түсініспеушілік басталған еді. Оған себеп ұлттық спортқа әсіре діншілдердің белсене араласуы, шектен тыс уағызы мен насихаты еді. Биыл мұндай солақайлыққа жол жабылғандай.
Биыл ұлттық спорт түрлерін дамыту һәм насихаттау бағытында нәтижелі, ауқымды жұмыс атқарылды. Қажетті инфрақұрылым жасақталып, халықаралық және республикалық деңгейде сайыстар өткізілді. Бұл ретте Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының еңбегі зор.
"Ұлы дала жорығы"
("Ұлы дала жорығы" бәйгесінің меже жеткен сәті )
Сонымен, биылғы ең айтулы шара – елімізде бұрын-соңды болмаған республикалық «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонын айтуға болады.
Сайдың тасындай іріктелген шабандоздар Астанадан Түркістан қаласына 1200 шақырымды артқа тастап, мәреге жетті. Аламан бәйге екі апта бойы даңғайыр даламыздағы тақымы тастай жігіттер мен шапқан сайын тынысы ашылатын шын жүйріктерді әйгілеп берді. Сайын даланы сәйгүлігімен шиырлаған олар мыңнан астам шақырымды 110 сағатта бағындырып, үздік нәтиже көрсетті. Күліктердің күшін саралаған сайыстың әрбір кезеңі спорт сүйер көрерменге тікелей эфир арқылы уақтылы ұсынылып отырды. Бұл мықтылар марафоны ұлттық спорттың болашағын айқындап, әр аймақта білекті шабандоздар мен белді аттардың мол екенін айғақтағандай.
Сондай-ақ, бұл бәйге-марафон алдағы жылдары тұрақты өтпек. Оған қатысуға ат баптаған әр елдің шабандоздары қызығушылық танытып отыр. Демек, бұл бәйге-марафон қазақтың дәстүрі мен болмысын дәріптеуде халықаралық брендке айналуға сұранып-ақ тұр. Оны жүзеге асыруға билік те пейілді.
Мәселен «Ұлы дала жорығы» туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бәйгенің басты мақсаты да – осы» деп бірегей жобаның жастардың намысын жанып, оларды отаншылдық рухта тәрбиелейтінін баса айтқан болатын.
Ұлттық спорт қауымдастығының жаңа басшысы Исламбек Сәлжанов та «Біз үшін бұл – ат спортын дамыту ғана емес, ұлттық брендті қалыптастыру, руханиятымызды жаңғырту және елдің рухын серпілтуге арналған шара» деген еді. Яғни, биылғы жыл ұлттық спорт тарихында бәйге-марафонның басталуымен қалмақ.
Көкпарда есе қайырдық
(Көрнекі фото. Reuters)
Бұрынғы жылдары көршілерге барып, күлкіге қалып қайтушы едік, биыл елімізде көкпар спорты көкке өрлеген, жаңа жетістіктерге жеткен жыл болды. Аймақтық, республикалық, халықаралық чемпионаттарда көкпаршылар оза шауып, топ жарып, тұғырдан көрінді. Қазір Ұлттық құрама командада 24 көкпаршы бақ сынап жүр. Осы жылы көкпар Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енді. Осы дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 1-орынды қанжығаға байлады. Қазір еліміздің әр өңірінде көкпардан 17 тұрақты команда бар. Ұлттық спорттың бұл түрімен 50 мың әуесқой айналысса, жалпы 500-ге тарта кәсіпқой спортшы топтық құрамада ойнайды. Бүгінде әр аймақта тақымы мықты көкпаршы мен топ жарып өтер аттың есімдері ел ішінде аңыздай тарап жатыр. Бұл керемет үрдіс.
Аударыспақтан «Алтын» жинаған жыл
(Көрнекі фото)
Аударыспақ спортынан да ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар аз емес. Бүгінде елімізде 1600-ден астам адам аударыспақпен әуесқой түрде шұғылданады екен. 153 адам бұл спортқа кәсіпқой ретінде ден қойған. Биыл Ресей федерациясының Татарстан республикасында өткен әлем чемпионатында біздің спортшылар 5 салмақ дәрежесінде 2 алтын, 2 қола медальға қол жеткізді. Алты елдің апайтөс аударыспақшылары арасында Қазақстан құрамасы мықтылығымен даралана білді.
Садағын сағымға ілдірген бабалардың ұрпағымыз!
(Жаңаөзен қаласында садақ атудан өткен жарыстан көрініс)
Елімізде садақ ату спорты соңғы кездері кенжелеп қалған еді. Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, садағын сағымға ілдірген бабалардың ұрпағы едік. Биыл осы бір саф өнердің көкжиегі кеңігендей. Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында біздің мергендер үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, дәстүрлі садақ атудан әлемнің 32 елінен 135 спортшы бақ сынаған сайыста құрамамыз күміс жүлдеге ие болса, жамбы атудан үш түрі бойынша әлем чемпионы Ералхан Айкөз жеңіс биігін бағындырды. Осылайша, Қазақстан құрамасы қоржынын жамбы атудан бір күміс, бір қола жүлдемен толтырды. Осы спорт түрімен 13 адам кәсіби түрде айналысады. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласында Дәстүрлі садақ атудан тұңғыш республикалық чемпионат ұйымдастырылды. Оған аймақтардан мергендікті меңгерген 170 садақшы қатысты. Биыл садақ ату спорт түрі санатына ресми түрде енді. Мемлекет осылайша ұлық өнерді дәріптеуге күш салып отыр.
Биыл жүзеге асқан игі істердің бірі – Астанада алғаш рет ашық аспан астындағы садақ ату орталығының ашылуы. Онда дәстүрлі өнерді үйрететін үйірмелер жұмыс істейді. Ұлттық спорт кешені жамбы ату мен алыс қашықтыққа тұрып ату спортына арналған. Мамандар озаттардың ойыны бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес қосатынын айтады. Өйткені, атсыз садақ атуға қатысуға ниет білдіргендердің саны жылдан жылға көбейіп келеді.
Асық атқан азбайды!
(Астанада өткен "Алтын тұғыр-2022" салтанатты марапатауынан)
Мергендік пен ептілікке баулитын асық ойыны да қарқын алып келеді. Биыл 1-4 желтоқсан аралығында Астана қаласында асық атудан тұңғыш Азия чемпионаты өтті. Айтулы жарыс Моңғолия, Қытай, Үндістан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Пәкістаннан келген 80-ге жуық спортшының басын қосты. Одан бөлек, қазан айында асық ату мен бес асықтан Қазақстан кубогі сарапқа салынды. Оған ерлер және әйелдер командаларынан барлығы 70-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Қазір еліміздегі асық атумен шұғылданатын спортшылардың саны 60 мың шамасында екен. Өңірлерде 1388 асық ату үйірмесі жұмыс істейді.
Қазақ күресінен Азия кубогы жыл сайын өтеді
Түркияның Изник қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында біздің спортшылар қазақ күресінен 6 медальға қол жеткізді. Жақында Астана шаһарында апайтөс балуандар арасында Әлем чемпионаты өткізілді. Боз кілем шеберлері бұл сында 7 алтынды қанжығасына байлады. Түркістан жерінде де балуандар бәсекесі ұйымдастырылып, қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне арналған Азия кубогы аяқталды. Алдағы жылдары Азия кубогын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Тоғызқұмалақ енді жалғыз жүрмейді
Ұлттық спортты дамыту бойынша өңірлердің мүмкіндігі де ескерілгені қуантады. Биыл Ақтөбе облысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының филиалы ашылды. Қазір облыстық қауымдастық осы аймақтағы барлық федерациялардың басын біріктіріп, ұлттық спортты жүйелі түрде дамытуға, оны насихаттауға көңіл бөліп келеді. Соның бір дәлелі – биыл Ақтөбеде алғаш рет тоғызқұмалақтан VI әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға 20-дан астам елден келген спортшылар қатысып, бақ сынады. Жалпы есепте Қазақстан спортшылары бірінші орынды иеленді. Тоғызқұмалақ федерациясы бұған дейін жеке дара жүріп келсе, осыдан екі ай бұрын ол Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына енді. Бұл бірігу тоғызқұмалақ ойынын дәріптеуге үлкен серпін бермек.
Құсбегілік болмаса, ұлттық спорт бола ма?
(Көрнекі фото)
Биыл Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Қазақстандық құсбегілік федерациясы арасында да әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес, Құсбегілік федерациясы ресми түрде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына қосылды. Биыл осы бағытта 7 спорттық шара өтсе, келесі жылы оның санын екі есе көбейту жоспарланып отыр. Құсбегілік өнерді енді кәсіби тұрғыда дамытып, халықаралық жарыстарда ұлттық спорт ретінде таныту көзделген.
«Алтын тұғыр» кімге бұйырды?
(Ұлттық спорт түрлерінің жанкүйері Ерлан Қарин. "Алтын тұғыр-2022" салтанатты шарасында)
Біздің спортшыларды халықаралық аренада әйгілеген бәсекенің бірі - Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары екенін жоғарыда айттық. 13 спорт түрі бойынша әлемнің 102 мемлекетінен 3 мыңнан астам спортшы бақ сынаған бәсекеде жерлестеріміз топ жарып, 9 медаль алып қайтты. Осыған дейін Дүниежүзі Көшпенділер ойындарында Қазақстан екі күміс қана олжалаған болатын. Оның біреуін Дәстүрлі садақ атудан еншілесек, екіншісін жамбы атудан иеленген едік.
Алда күтіп тұрған ең үлкен шара – 2024 жылы V Дүниежүзі көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Бұл ұлттық спорттың деңгей-дәрежесін паш етер, қауымдастық жұмысының сынға түсер сәті. Жауапкершілік пен мүмкіндіктердің таразыға тартылар мезеті. Сондықтан қауымдастық алдында қадау-қадау шаруалар тұр. Халықаралық спорттық шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, осы жарыста үздік шығатын спортшыларды дайындауға қазірден қам жасала бастады.
Айта кетейік, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы аударыспақ, бәйге, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, тоғызқұмалақ және өзге де өнер-қайрат спорты түрлерін біріктіретін құрылым. Биыл қауымдастық басшылығына президент болып белгілі кәсіпкер, меценат Исламбек Сәлжанов сайланғалы бері ұлттық спорт серпіліп, жаңаша қарқын алды.
«Ұлттық спорт халықтың рухын көтеріп, баршаға ортақ құндылықтарды қалыптастыратын, отаншыл және мемлекетшіл сана-сезімді күшейтуге ықпал ететін маңызды сала. Оның статусы – мемлекеттің абыройы. Біз ұлттық спортты дамытуға көңіл бөлу арқылы елдік рух пен бірлікті күшейтеміз. Мемлекеттің халықаралық беделін көтереміз»,- деп атап өткен болатын қауымдастық басшысы.
(Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы төрағасы Исламбек Сәлжанов "Алтын тұғыр-2022" марапаттау шарасында)
Міне, осындай жетістікке жеткен ұлттық спорт майталмандары күні кеше Астана төрінде дәстүрлі «Алтын тұғыр - 2022» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау салтанатты шарасын өткізді. Ұлттық спорт қауымдастығы мұрындық болған салтанат осымен тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Марапаттау рәсімінде 10 номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, 32 спортшы мен жаттықтырушыға «Алтын тұғыр» сыйлығы табыс етілді. Салтанатты шарада тоғызқұмалақ, құсбегілік, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, көкпар, бәйге, садақ ату спорт түрлері бойынша жыл үздіктері анықталды. Сондай-ақ, «Жыл жаңалығы» арнайы аталымы иесін тауып, Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің алғыс хаттары табысталды. Жеңімпаздарға 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлық берілді.
Аламан бәйгенің бір демушісі-"Аманат" партиясы болатын
Атап айтсақ, «Үздік көкпар командасы» аталымы бойынша Ұлттық құрама «Алтын тұғыр» мүсіншесін алды. Ал «Үздік бәйге аты» аталымын ат иесі Ұлан Омаров еншіледі. Аударыспақ спортынан Әлем чемпиондары Шыңғыс Ержанов пен Данияр Смайлов топ жарды. «Жыл жаңалығы» аталымын «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек иеленсе, Теңге ілу бойынша жыл марапаты Бәйдібек Сабыровқа бұйырды. Қанат Қасымхан «Үздік дәстүрлі садақ ату мергені», Айкөз Ералхан «Үздік жамбы ату спортшысы» атағына қол жеткізді. Тоғызқұмалақ бойынша ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев, әйелдер арасында Әсел Далиева үздік шықты. Ал асық атудан ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы үздік команда ретінде бағаланды. «Алтын тұғыр – 2022» сыйлығының иегерлерінің арасында «Үздік құсбегі» аталымының «Бүркіт» түрі бойынша Бақдәулет Бабажан, «Қаршыға» түрінен Бексұлтан Сейітжан, «Ителгі» түрі бойынша Таңат Оспанқұлов төбе көрсетті.
Салтанатты құттықтау шарасына мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, қауымдастық төрағасы Исламбек Сәлжанов, мәдениет және спорт министрілігі өкілдері мен депутаттар қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Сондай-ақ, салтанатты кеште сахна жұлдыздары өнер көрсетті. «Алтын тұғырдың» мақсаты – атқа міну мәдениетін дәріптеп, зияткерлік ойындарды дамыту. Осы бағытта еңбек сіңірген азаматтардың есімдерін ардақтау.
(Суреттер Ұлттық спорт түрлері қауымдастығынан)