Жуырда Әзербайжанның мәдени астанасы Шуша қаласында «ІІ Түркі әлемі жас ақындар фестивалі» өтті, деп хабарлайды Malim.kz..
«Вагиф поэзия күндері» аясында ұйымдастырылған беделді фестивальге түркі дүниесінің алты елінен талантты жастар қатысты. Олардың басқосудағы шығармаларына ортақ әдеби мұра, ұлттық поэзия және рухани сабақтастық тақырыптары арқау болды.
Фестиваль Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің, Гейдар Әлиев қорының қолдауымен өткізілді. Соңғы жылдары дәстүрлі сипат ала бастаған бұл әдеби алаң түркі халықтарының жас ақындары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, мәдени ықпалдастықты дамытуға бағытталған маңызды халықаралық жоба ретінде танылып келеді.
Фестивалдің салтанатты ашылу рәсіміне Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Адиль Керимли, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, түркі әлемінің көрнекті ақын-жазушылары, әдебиеттанушылары мен мәдениет қайраткерлері қатысты.
Фестивальдің марапаттау рәсімі Молла Панах Вагиф музей-кесенесінің алдында өтті. Түркі дүниесінің жас ақындарына арналған жоғары марапаттарды Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Адиль Керимли мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев салтанатты түрде табыстады.
Биылғы фестивальде қазақ ақындары ерекше нәтижеге қол жеткізді. Жас ақындар Еділбек Дүйсен, Құндыз Жұбаева және Әлихан Махаш түркі халықтарының ұлы шайыры Молла Панах Вагиф атындағы алтын медальмен марапатталса, Әлия Іңкәрбек пен Мақсат Дауылбай фестиваль дипломанты атанды.
Шушада халықаралық ІІ «Түркі әлемі жас ақындар фестивалі» өтті