Танымал тележурналист Ерқанат Көпжасар “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясының Алматы қаласындағы филиалының директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа басшыны ұжымға корпорация төрағасының орынбасары Айзада Жаманқұлова таныстырды. Ерқанат Көпжасар бұған дейін “Таңшолпан”, “Кеш жарық, Қазақстан”, “Ашық алаң” бағдарламаларының жүргізушісі ретінде көрерменге кеңінен танылған.
Ерқанат Көпжасар 1987 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2012 жылы Қазақ радиосының “Әлеумет” редакциясында редактор ретінде бастаған. Кейін Қазақ радиосының Алматы студиясында қызмет атқарды. 2017-2022 жылдары “31 каналдың” “Информбюро” ақпараттық бағдарламасында жетекші тілші болды.
2022 жылдан бері “Қазақстан” телерадиокорпорациясында еңбек етіп, “Qazaqstan” ұлттық телеарнасының бағдарламалар өндірісі дирекциясында продюсер-жүргізуші және “Ашық алаң” бағдарламасының жүргізушісі қызметін атқарды.
Айта кетейік, “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясының құрамына “Qazaqstan”, “Balapan”, “QAZSPORT”, “Abai TV” телеарналары, Қазақ радиосы, “Шалқар” ұлттық арнасы, “Classic” радиосы, сондай-ақ аймақтық телерадиокомпаниялар кіреді. Корпорация Қазақстандағы телерадио журналистикасының ғасырлық дәстүрін жалғастырып келе жатқан жетекші медиа ұйымдардың бірі саналады.