АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде журналистермен кезекті кездесу өткізген кезінде тілшілердің бірі оның жақында айтқан пікірін еске салды. Сол жолы Трамп Украина Ресеймен соғыста жеңіске жетіп, тіпті басып алынған барлық аумақтарын қайтарып алуы мүмкін екенін айтқан болатын, деп хабарлайды Malim.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Осы сұраққа Дональд Трамп былай деп жауап берді:
«Украинаның әзірге жеңіске жету мүмкіндігі бар. Мен олардың жеңетініне сенбеймін, бірақ ондай ықтималдық бар. Мен ешқашан “жеңеді” деп айтқан емеспін, мен “мүмкін” дедім. Кез келген нәрсе болуы мүмкін. Соғыс — өте оғаш құбылыс. Онда жаман да, жақсы да көп жағдайлар болды».
Қыркүйек айының соңында Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Трамп өзінің Truth Social желісінде Украина Еуропаның қолдауымен Ресей басып алған барлық аумақтарын қайтарып ала алады деп жазған болатын.
Алайда өткен аптада Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлескеннен кейін Трамп Украинадағы соғыс туралы пікірін тағы да өзгертті.
Батыс БАҚ-тарының мәліметінше, жуырда Вашингтонда өткен келіссөздер кезінде ол Зеленскийге Мәскеуге кейбір аумақтарды беруге кеңес берген, өйткені керісінше жағдайда Украина «жойылып кетуі мүмкін» деп айтқан.
Фото: Reuters