Түркістан облысының Сайрам ауданында жаңа туған сәби қаза тапты. Сот материалдарына сәйкес, әйел жүктілігін туыстарынан жасырып, медициналық есепте тұрмаған, деп хабарлайды Malim.kz.
Түркістан облысының Сайрам ауданында жаңа туған сәбиін өлтірді деп айыпталған әйелге сот үкімі шықты. Әйел жүктілігін тоғыз ай бойы жақындарынан жасырып, босанғаннан кейін нәрестесін шұңқырға тастап кеткен.
Сот оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сот материалдарына сәйкес, әйел 2025 жылдың сәуірінде жүкті болған. Алайда емханаға есепке тұрмай, медициналық тексеруден өтпеген.
Тоғыз айдан кейін ол үйінің ауласындағы дәретханада тірі сәби босанған.
Облыстық соттың баспасөз қызметі болған жағдайды түсіндірді.
"Босанғаннан кейін ол жаңа туған нәрестені шұңқырға тастап, оның өмірін сақтап қалу үшін ешқандай шара қолданбаған. Баланың дүниеге келгенін жасыру мақсатында ауладан құм, тас және топырақ алып, шұңқырда жатқан нәрестенің үстін жапқан. Нәресте қайтыс болды", – деп мәлімдеді сот.
Сот әйелді Қылмыстық кодексінің 100-бабының 2-бөлігі "Ананың жаңа туған баласын өлтіру" бойынша кінәлі деп таныды.
Істің мән-жайын ескере отырып, сот оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.