Бүгін өтіп жатқан республикалық референдумда Түркістан облысының тұрғындары ерекше белсенділік танытуда.
Түркістан облысы — халық көп келіп дауыс беріп жатқан өңірлердің бірі. Өңірдегі бірқатар дауыс беру учаскелерінде таңғы уақыттан бастап сайлаушылардың үлкен кезегі түзілді.

Түркістан облысы — еліміздегі ең тығыз қоныстанған және сайлаушылар саны көп аймақтардың бірі. Сондықтан таңғы сағат 07:00-ден бастап учаскелерде халықтың қарасы қалың болды. Тұрғындар отбасымен, қариялар мен жастар бірге келіп, өздерінің азаматтық таңдауын жасауға асығуда. Бақылаушылар мен учаскелік комиссия мүшелерінің хабарлауынша, кейбір нысандарда адам санының көптігіне байланысты кезек пайда болған.
Дегенмен, дауыс беру процесі бекітілген заңдылықтарға сәйкес, ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Еске салайық, Түркістан облысында барлығы 947 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірде дауыс беру құқығына ие 1 миллионнан астам азамат тіркелген.