Дидар Оралбекұлы:  Қаланың баласы атқа қызықпайды дейтіндер қателеседі   

Басында тосырқай қарағанмен, қазір көзқарасы басқаша

Олжас Қасым

  • 17.01.2023

Елімізде тұңғыш рет  мектеп оқушылары ұлттық спорт, салт-дәстүрді пән ретінде оқи бастады.  Астана іргесіндегі Қосшы қаласындағы «Дара» мектебінде «Ата дәстүр – ұлттық құндылық» орталығы құрылған. Аз уақыттың ішінде балалар атқа мінуді үйреніп, ат әбзелдерімен танысып, ұлттық тағамдар туралы жан-жақты білім алады.  Malim.kz тілшісі осы жобаның жетекшісі Дидар Оралбекұлымен сұхбаттасты.   


- Дидар, тақымы мығым болсын деп баланы қаршадайынан тұлпарға мінгізген қазақпыз ғой. Қала балаларын атқа мінгізіп, ұлттық құндылықтармен таныстыратын жоба бастапсыз.  «Ата дәстүр – ұлттық құндылық» орталығын ашқаныңыздан хабардар болып отырмыз.   Алдымен  өзіңіз туралы, сосын осы жоба жөнінде білсек дейміз...    

- Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Біраз жыл журналист болып та жұмыс істегенмін. Бұған дейін  Риддер қаласында тұңғыш қазақ тілді  «Жерұйық» атты газет ашып, соны шығардық. Бала кезімізден жылқыға құмар болдық, атбегі аталарымыздың соңынан ердік. Астанаға қоныс аударған соң ұлттық спортқа  жанашыр азаматтармен танысып, салт аттылар клубына мүше болдым.  Еліміздің бірнеше өңіріне атпан саяхат жасадық, басқа да өнер-қайрат спортын ұлықтау шараларына қатысып жүрдік. Сондай  сапарлардың нәтижесінде «неге қолда бар құндылығымызды кеңінен таратып, ата дәстүрімізді дамытпасқа» деген ой келіп, жобаны  қолға алдық. Сонымен, бұл ұсынысымызды Қосшы қаласындағы жекеменшік мектепке таныстырып едік, олар қолдады. Өйткені, мемлекеттік мектептердің стандартты бағдарламасында  атқа міну, садақ ату сынды ұлттық құндылықтар әлі қосылмаған.   Бұл жобаны былтыр қыркүйек айынан бастағанбыз. Қазір қолымызда он ат бар. Сабақтарымыз 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін аптасына бір сағаттан өткізіледі. Оның ішінде 2 сағаты тәжірибелік сабақ. Әр сыныпта 20 баладан бар.

Оқушылар сабақта атқа мінуді үйреніп жүр

Біздің үйірмеге 35 бала жазылды. Алдымен балаларға теориялық пән жүргізіледі. Жылқының қолға үйретілу  тарихы, атқа міну мәдениеті ғана емес, сонымен қатар өзге де ұлттық құндылықтарды оқытамыз. Осы үшінші тоқсаннан бастап садақ ату сабағын мектеп бағдарламасына қосайық деп отырмыз. Бұл өнерге ынта-ықыласын білдіріп жатқандар көп. Бүгінде балалардың басым көпшілігі ұялы телефоннан бас алмайды. Соның әсерінен көз ауруы, омыртқаның қисаюы, цифрлық аутизм секілді сырқаттар кең етек алуда. Біз оларды ұялы телефоннан ажыратып, жылқыға мініп, ата салтпен кеңірек танысуына мүмкіндік бергіміз келеді. Басында оқушылар жылқыға  тосырқай қарағанмен, қазір қамбар ата түлігіне бой үйрете бастады. Өйткені, өмірі ат көрмеген, жүген, тізгін ұстамаған балалар да бар. Сондай-ақ, бағдарлама аясында ұлттық сусынымыз қымыз туралы да оқытамын. Қоңырауға 5 минут қалғанда балаларға  беріп, дәмін татқызамыз. Ұлттық сусынның түрлері туралы да  көбірек мағлұмат береміз. Тағы бір сабағымыз ұлттық тағам құртқа арналады. Сондай-ақ, ат әбзелдері, қамшы өру секілді жауһар туындыларымызды ұл-қыздарға дәріптейміз. Үш айдан астам уақыт ішінде балалар атқа мініп, ата дәстүрді тәжірибе арқылы сезініп, қызығушылық танытып келеді. Ата-аналардың да бастамамызды құптап отырғаны қуантады.

Шәкірттер теориялық сабақта ұлттық құндылықтармен танысады            

- Сөз арасында салт аттылар клубының құрамында екеніңізді айтып қалдыңыз. Сіз олардың қатарына қалай қосылдыңыз?  Бұл қауымдастықтың мақсат-міндеттері қандай? 

- Астанаға келгеннен кейін атпен жүремін деп ойлаған жоқпын. Бірде Қабанбай батыр кесенесіне қонақтарды суретке түсіруге барып, салт атпен тарихи  жерлерді аралап жүрген  адамдарды көрдім. Жолығып, оларға  атпен жүргім келетінін айтып қалдым. «Іздегенге -  сұраған» дегендей, салт аттылар сапар барысын фотосуретке түсіріп, жазба жариялайтын маман керектігін жеткізді.

Салт аттылар клубы сәйгүлікті өмірінің бір бөлшегіндей көретін ерікті жандардың басын  қосқан ұйым деуге болады.      Осы клубтың басшысы 2014 жылы атқа мініп, серуендеуді отбасымен хобби ретінде бастаған екен. Бұл біле білгенге, керемет дене шынықтыру және психологиялық жүктеме.Осылайша  басқа да адамдар  қызығушылық білдіргендер көбейіп, салт аттылар саны артты.  Бүгінде Ұлытау, Павлодар, Баянауыл, Өскемен, Семей, Ақтөбе, Маңғыстау аймақтарында  мүшелеріміз бар. Олардың саны 100-ден асады.  Арамыздан барлық саланың мамандарын кездестіресіз. Тарихшы, дәрігер, журналист, құрылысшы, жүргізуші дейсіз бе, бәрі де қатарымызды толықтырған.   Жаз айларында, жыл сайын қасиетті жерлерге сапар шегеміз. Былтыр тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Бозоқтан Жидебайға 1000 шақырым жол жүрдік.

Астана-Жидебай бағытындағы 1000 шақырымдық сапар 

Жол-жөнекей киелі орындарға тоқтап, тарихымен таныстық. Биыл Бозоқ-Ботай деген жобамен Солтүстік Қазақстанға сапар шектік. Ботай алғаш рет жылқының қолға үйретілген жері.  Облыстық тарихи-өлкетану мұражайын араладық. Биыл жаңадан құрылған Ұлытау өңіріне саяхат жасауды жоспарлап отырмыз. Алаша, Жошы хан, Домбауыл  кесенелеріне барып қайтсақ деген мақсатымыз бар. Қысқы маусымда тоқтап қалмай,  тәжірибе алмасу мақсатында әр өңірдегі тарихи мекендерге барып тұрамыз.  Біріншіден, тарихтың тереңіне бойлап, сол жердің ерекшелігімен, бай мәдениетімен танысамыз.

Қазір ат спортында жүргеніме 5 жыл болыпты. Ең алғашқы сапарымыз Қорғалжыңға бағытталды. Басында 100 шақырымға жүріп бастап, кейін 300, 600, 1000 шақырымды бағындырдық.  Өзім 5 жыл ішінде жалпы саны 2000 километр жүріп тастаппын. Атпен сапарға шыққанда жолда көрген-білгенімді күнделігіме жазып, смартфонға түсіріп отырамын.   Жүрген бағыттарымыз туралы оқушыларға видеодан көрсетіп, әңгімелеп беремін. Баһадүр бабаларымыз бұрын ол топырақпен қалай жүрген, біз не түйдік деген секілді ойларымызды шәкірттермен бөлісеміз.

- Еліміздің аумағынан шығып, басқа мемлекеттерге атпен саяхаттайтын ойларыңыз бар ма? 

Былтыр қақаған қыста Саха азаматы жарты әлемді атпен шарлағанын интернеттен көрген едік. Бұл бағыт енді шетелде жақсы дамыған. Мажарстан, Ресей, Украинада кең таралған саяхат түрі. Осыны біз неге қолданысқа енгізбейміз? Қазір ауқымды жоспарымызды  барынша пысықтап, жүрген, енді жүретін  жерлерімізді белгілеп, маршрутын қағазға түсірдік. Сонымен қатар, былтыр  салт аттылар клубының басшысы Берік Ақылбеков  республика бойынша арғымақпен алыс сапарға шықты.  2 санатты спорт шебері деген атақ алды.  Елімізде де осындай ірі додаларды дамуға тиіспіз деп ойлаймын. 

Атқа мінуге қызығушылық танытатын балалар көбейіп келеді      

- Ал өзіңіздің жылқыға деген әуестігіңіз  қалай басталды? Бала кезіңізден атқа мінесіз бе?

- Өзім Шығыс Қазақстанның Қатон-Қарағай өңірінің тумасымын. Әкем орман шаруашылығында еңбек етті. Үлкен атамыз қойшы, тағы бір атам жылқышы болды. Өзім сол кісілердің қасында жүрдім. Атам жеті жасымнан атына мінгестіріп, қайда барса мен де сонда баратынмын. Мектепте оқығанда салмағым жеңіл болды.  Әкемнің желісті аты бар еді.  7-сынып оқығанда сол атпен аламанға түсіп жүрдім.  Нағашы атам сиырдың терісін илеп, қымыз құятын саба жасап беретін. Қарап жүрмей мен де атамнан тері илеуді  үйреніп алдым.   8 – сынып оқып жүргенде қызығушылық пайда бола бастады.   Өсе келе сол кезде білген-түйгенімді қажетке асырайын, балаларға үйретейін деп ойладым. 

- «Ата дәстүр – ұлттық құндылық» жобасының ауқымын кеңейту бағытында қандай жұмыстарды қолға алмақсыздар?   

- Бұл жобаны әдістемелік жағынан пысықтап, жаңғыртуды көздейміз. Дәл қазір қолымызда әдістеме жоқ. Ұлттық спортты  насихаттап жүрген Ахмет Тоқтабай, Сәдібек Түгел, Ержан Жаубайдың  және жылқы тақырыбында бірқатар кітап жазған авторлардың еңбектерін негізге алып,   сабақта қолданып  жүрмін.   Әлі де жұмыс істеу керек.  Егер мемлекеттік мектептердің стандартына  іліксек, талай баланың көзі ашылып, ұлттық мұраларымызға сүйіспеншілігі оянар еді.   Атқа мінуге, садақ атуға баулитын мұндай пән Қазақстан бойынша ешбір мектепте жоқ.  Біз алғаш рет ашып отырмыз.  Білуімше, Қытай қазақтары тұратын аймақтардағы мектептерде  ұлттық спортқа бейімдейтін пәндер оқытылады.  Ол жақта мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіледі.  Мемлекет тарапынан қолдау болса,  ұлттық рухтағы қаншама баланы тәрбиелеп шығуға болады.  Бұл енді Оқу-ағарту  министрлігі қолға алатын мәселе.

Суреттер Дидар Оралбекұлының жеке мұрағатынан      

Байланысты жаналықтар

Қарағандылық полицейлер ұрланған жылқылардың үстінен түсті (ВИДЕО)

03.11.2024

Қазақ пен қырғызға тек бауырмалдық жарасады. Көкпар федерациясы

13.09.2024

Жеңімпаз болған қазақ көкпаршылары қанша сыйақы алады?

12.09.2024

Көкпардан Қазақстан құрамасы чемпион атанды

12.09.2024

Көшпенділер ойыны: қазақстандық екі садақшы финалда

10.09.2024

Жұмажан Қожамбеков – қазақ күресінен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы

09.09.2024
MalimBlocks
Қарағандылық полицейлер ұрланған жылқылардың үстінен түсті (ВИДЕО)

Күдіктілер 40 бас жылқыны сатуға апара жатқан беті екен

Қазақ пен қырғызға тек бауырмалдық жарасады. Көкпар федерациясы

Көкпарда қамшысын сілтеп жіберсе, аса бір арызданатын жағдай емес

Жеңімпаз болған қазақ көкпаршылары қанша сыйақы алады?

Бүгін жерлестеріміз көкпар сайысында қырғыздардан басым түсті

Көкпардан Қазақстан құрамасы чемпион атанды

Ойын өте тартысты өтті

Көшпенділер ойыны: қазақстандық екі садақшы финалда

Сайысқа 33 мемлекеттен 120 ер және 60 әйел қатысуда

Жұмажан Қожамбеков – қазақ күресінен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы

Бұл – қазақ күресінен Ұлттық құрама қоржынындағы сегізінші алтын