Неміс баласы Николай командалық көкпарға қатысқысы келеді
Николай Наурыз мейрамына орай тосын сый алды
Көкпар тартатын неміс баласы Николай (Жәнібек) Дыцель Наурыз мейрамына орай тосын сый алды. Оған спорт жанашырлары сәйгүлік сыйлап, ерекше тарту жасады.
Ауыл маңында көкпар тартып жүріп, бүкіл елге танымал болған шикіл сары неміс баласы жылқыға қызығушылығым одан сайын арта түсті дейді. Көкпаршы Николай Дыцель 14 жаста. Сәйгүлік тізгіндеген бала мен оның анасы Динара Жақашева Malim.kz тілшісіне сұхбат беріп, ой бөлісті.
Николай Дыцельдің туған жері – Қостанай облысы. Бала бір жасқа толғанда ата-анасы Алматы облысы Кеген ауданының Жалаңаш ауылына қоныс тепкен. Қазақ мектебінің 9-сыныбында оқиды. Айтуынша, алты жасында атасы ашамайға мінгізген. Сол кезден бері қамбар ата түлігіне деген құштарлығы ояныпты. Жігіттің өнері мен қайратын сынайтын ұлттық спортпен мықтап айналыссам деген жоспары бар.
«Жылқыға атам баулыды. Үйдегі ұсақ малды қайырып келуге мені жұмсайтын. Біртіндеп жылқыға әуестік пайда болды. Алты жасымда, енді атқа міне бастағанда бір-екі рет құлап та алдым. Бірақ, жасып қалған жоқпын. Өсе келе атам тай алып берді. Соны үйретіп, достарыммен бірге ауыл арасында мініп жүрдім. Тайымды баптап, бәйгеге де қостым. Ақырындап сәйгүлікке бой үйретіп, құштарлығым оянды. Ара-тұра ауылдастарым көкпар тартады. Көк серкені тақымға басқан ағаларды көріп, осы сайысқа қызыға түстім. Атым өсіп-жетілген соң көкпар тартысына кірдім. Қазір ұлттық ойынның қыр-сырын толығырақ меңгеріп қалдым»,-дейді Николай.
Неміс баласының көкпар тартып жүргеніне екі жыл болған. Анасы Динара Жақашеваның айтуынша, басында олар баланың атқа мінуіне қарсылық танытқан. Бір жағдайға ұшырап қалса, қалай болар екен деп алаңдаған. «Николай кішкентай кезінде бұзық болды. Қазір қазақ мектебінде оқиды. орыс мектебіне беріп едім, онда оқи алмады. Бірінші сыныпты ғана орысша оқыды. Екінші сыныпқа көшерде «мен қазақ мектебіне ауысамын, қазақ мектебінде оқимын» деп бой бермеді. Бокс, каратэ үйірмелеріне бердік. Бірақ жылқыны таңдады. Кешке дейін атқа мініп салпаңдаған соң атын да сатып жібердім. Үйде отырмайтынды шығарды. Қазір жылқы басын көбейтіп жатыр. Ат баптағанды ұнатады. Әкесінің жылқыға құмарлығы жоқ. Никоша қайсысы тай, қайсы құнан, ат екенін ажырата біледі» дейді ол.
Николай болашақта ауылда қалып, мал басын көбейткісі келетінін айтады. Асыл тұқымды жылқы өсіруді көздейді. Қазір 4 бас тұлпары бар.
Бозбаланың қамбар атаға түлігіне, көкпар сайысына қызығушылыған байқап, біз де «үлкен көкпарға шыққың келе ме?» деп сұрадық. «Әзірге ешкім командаға шақырған жоқ. Бірақ, шақырса келемін. Себебі, мен командалық көкпарға ерекше қызығамын. Алматы облысы Кеген ауданында көкпардың бұл түрі дамымаған. Тек ауыл арасында, жиын-тойда көкпар тартамыз. Елімізде өтіп жататын чемпионаттарға қатыспаймыз. Командалық көкпарда бақ сынасам деймін» дейді атқұмар бала».
Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын досының туған күніне орай ұлттық ойында бақ сынап жүрген Николай Дыцель әлеуметтік желі жұлдызына айналды. Жылқықұмар жеткіншек журналист, фотограф Ернар Алмабектің камерасына іліккен болатын.