freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қазақстанда шетелдіктерге жұмыс істеу жеңілдейді: бұл кімдерге қатысты?

Экономика
Қазақстанда шетелдіктерге жұмыс істеу жеңілдейді: бұл кімдерге қатысты?
Фото: gov.kz

Қазақстанда шетел азаматтарының елге кіруі мен жұмыс істеу тәртібі жеңілдетілді. Енді инвесторлар, кәсіпкерлер және жоғары білікті мамандар үшін виза алу мен құжат рәсімдеу әлдеқайда оңай болмақ, деп хабарлайды Malim.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа өзгерістер аясында арнайы визалық режимдер, өтінімдерді жедел қарау және инвестициялық жобаларды барлық кезеңде сүйемелдеу тетіктері енгізілген.

Жеңілдетілген тәртіп ең алдымен сұранысқа ие мамандық иелеріне қатысты. Олардың қатарында ІТ саласының мамандары (жасанды интеллект инженерлері, әзірлеушілер, ақпараттық қауіпсіздік мамандары), медицина қызметкерлері (нейрохирургтер, онкологтар, гематологтар), сондай-ақ инженерлік және креативті индустрия өкілдері бар.

Сонымен қатар, экономикалық және әлеуметтік жобаларға қатысатын шетел азаматтары да мемлекеттік органдардың қолдауы болған жағдайда жеңілдіктерге ие болады.

Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің азаматтары үшін бөлек шарттар қарастырылған. Атап айтқанда, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей азаматтары Қазақстанда арнайы рұқсатсыз жұмыс істей алады. Дәл осындай мүмкіндік қазақстандықтарға да осы елдерде берілген.

Ал ЕАЭО құрамына кірмейтін елдердің азаматтары үшін квота жүйесі сақталады. Бұл жүйе еңбек нарығындағы сұранысқа қарай шетелдік жұмыс күшінің санын реттеуге мүмкіндік береді. 2026 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 23 мыңнан асса, еңбек мигранттары үшін бұл көрсеткіш 220 мыңнан жоғары.

Жыл басынан бері Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар бойынша 5 мыңнан астам шетелдік маманға рұқсат берілген. Ал еңбек мигранттарына шамамен 75 мың рұқсат рәсімделді.

Сонымен бірге, тұрақты тұруға рұқсат алу тәртібі де жаңартылды. Енді үміткерлер бірнеше кезең бойынша бағаланады: тіл білу деңгейі тексеріледі, деректер талданады, цифрлық тексеріс жүргізіледі және сұхбат өткізіледі.

Жалпы, бұл өзгерістер Қазақстанның ашық әрі теңгерімді көші-қон саясатын қалыптастыруға бағытталған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу