Досым Сәтпаев: Никонов пен Федоров Путиннің ойын жеткізіп тұр
Саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев Қазақстанға қарата мәлімдеме жасаған Никонов та, Федоров та түптің түбінде Ресей жетекшілігінің пікірін жеткізіп тұр деп есептейді. Саясаттанушы Д.Сәтпаев malim.kz-ке берген сұхбатында Қазақстан наразылық нотасын жолдаумен шектелмей, қатаң түрде қарымта жауап беруі керек дейді. Қазақстан мұндай жағдайда не істеуі керек? Болашақта Украина сценарийі Қазақстанда қайталануы мүмкін бе? Досым Сәтпаевпен осы тақырып төңірегінде әңгілеместік.
"Қазақстанның Ресейге жауабы тым әлсіз шықты"
– Ресей Федерациясы мемлекеттік думасының білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың "Қазақстан территориясы Ресей мен Совет одағының берген үлкен сыйлығы" деген мәлімдемесі Қазақстан қоғамында үлкен шу тудырды. Артынша думаның тағы бір депутаты Евгений Федоров бұл пікірді қолдап, "Ресей Қазақстаннан территорияны қайтаруды талап етуі керек" деді. Алайда еліміздің сыртқы істер министрлігі әзірге Ресейдің уақытша сенімді өкіліне нота табыстаумен шектелді. Сіздің ойыңызша, Қазақстан тиісті дәрежеде қарымта жауап қайтара алды ма?
– Қазақстанның ресми реакциясы әлсіз және шектеулі болды. Дипломатиялық тәжірибеде нота тапсыру – наразылықты танытудың ең әлсіз жолы. Бұл мәлімдемені ресейлік сарапшы немесе қоғам қайраткері емес, мемлекеттік думаның білім және ғылым комитетінің төрағасы мен депутаты жасады. Никонов – мемлекеттік думада білдей бір маңызды қызмет атқаратын адам. Оның үстіне Никонов көп жылдан бері өзін Ресей сарапшылар қоғамындағы пікір көшбасшысы ретінде көрсетіп жүр. Ал Федоров Ресей президент әкімшілігінің қорғаныс жөніндегі кеңес мүшесі болды, Никонов сияқты ол да путиндік "Единая Россияға" мүше. Никоновтың да, Федоровтың да көп уақыттан бері Кремльмен байланысы бар. Сондықтан бұл екеуі де белгілі бір дәрежеде Ресей жетекшілігінің пікірін айтып тұр.
Айналып келгенде, Никонов пен Федоровтың айтқанына айна-қатесіз ұқсас мәлімдемені Путин де жасаған. Путин "Совет Одағы ыдыраған соң Ресей территорияның бір бөлігін бұрынғы одақтас республикаларға сыйлады" деді. Ресей басшысының "қазақтарда мемлекеттілік болмаған" деген мәлімдемесі де үлкен дау тудырды. Сондықтан Никонов пен Федоров мәлімдемесі Путиндікімен үндес. Осының өзі алаңдатарлық дүние. Әрі осыған ұқсас мәлімдемелер үнемі араға белгілі бір мерзім салып тұрақты түрде айтылып жүр. Мұны қатардағы Ресей азаматтары немесе Эдуард Лимонов сияқты маргиналды саясаткерлер емес, мемлекет иерархиясында белгілі бір лауазымды қызмет атқаратын тұлғалар айтып жүр. Мысалы, Владимир Жириновский думада фракциясы бар партияға жетекшілік етеді. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі нота тапсырумен шектелмей, әлдеқашан одан батылдырақ қимылдауы керек еді. Оның үстіне Ресей бұл ноталарды шыбын шаққан құрлы көрмейді, мүлде назар аудармайды.
Оқи отырыңыз: Ресей депутаты: «Егер сыйлық деп қабылдамасаңдар, қайтарыңдар»
"Нон грата тұлғалардың тізімін жасау керек"
– Олай болса, сыртқы істер министрлігі не істеуі керек?
– Біріншіден, Қазақстан туралы осындай доспейіл емес мәлімдеме жасаған Ресей саясаткерлердің қара тізімін жасау керек. Яғни мұндай лауазымды қызмет өкілдері нон грата тізіміне енгізілуі тиіс. Оларды Қазақстанға кіргізбеу керек. Әлбетте, арандатушылық мәлімдеме жасайтын саясаткерлер мен сарапшылардың Қазақстанға келсек деген ойы болмауы да мүмкін. Бірақ ойланбай сөйлейтін Жириновский, Соловьев, Никонов, Федоров тәрізді адамдарды қара тізімге енгізу Кремльге берілген сигнал болар еді. Яғни Қазақстан бұл мәлімдемелерге жағымсыз, оғаш инцидент деп қарамайды, мұны Ресейдің Қазақстанға қатысты доспейілді емес сыртқы саясаты деп қабылдайды деген емеурінді білдірер еді.
Ресей "бұл жекелеген адамдардың көзқарасы, оларды дұрыс түсінбедіңдер" деуі мүмкін. Бірақ мұны Ресей билігінің өкілдері федералды арналарда айтып жүр. Бірінші арнада ресми билік өкілі ретінде бүкіл Ресей мен ТМД-ға қаратып мәлімдеме жасадың ба, демек, биліктің ресми көзқарасын білдіріп тұрсың. Енді осындай мәлімдеме Қазақстанға емес, Қытайға қарата айтылды деп елестетіп көрейік. Қытай жария түрде мәлімдеме айтқан саясаткерлерді былай қойғанда, Голливуд жұлдыздары немесе танымал бизнесмендер сияқты жекелеген адамдарға қатысты қатаң санкция жариялайды. Түптің түбінде халықаралық сахнада күшті құрметтейді. Бұл – сыртқы саясаттағы классикалық ереже. Бауырластық, әріптестік, достық туралы қанша жерден мәлімдеме жасалса да, өзін қорлайтын әрекеттерге қарымта жауап қайтара алған, қатаң реакция танытқан мемлекетті құрметтейді. Ал өзін қорлайтын әрекеттерге әлсіз жауап қатып, артынша тез ұмыта салатын мемлекеттермен санаспайды. Кейін бұл мемлекетке кім көрінген тепкі көрсетеді. Сондықтан Қазақстан мұндай әрекеттерге қатаң жауап қайтарып, оны жекелеген оқиға деп қабылдамайтынын анық көрсетуі керек. Оның үстіне Украинадағы оқиғаларға қарап-ақ Қазақстан билігі әріптестік, достық, одақтас елдердің қарым-қатынасы тәрізді ұғымдар Ресей үшін мүлде жат екенін түсінуі керек еді. Тіпті осы тұрғыдан алғанда, Ресейге ықтимал қарсылас ретінде қарау керек. Ресей Украинаға әскер кіргізіп, Қырымды аннексиялап алардан бұрын Украинаға қарата дәл осындай даулы мәлімдемелер айтқан.
"Қазақстанда Украина сценарийі қайталануы мүмкін"
– Қазақстанда билік транзиті аяқталмағанын ескерсек, бізде де Украинадағы сценарий жүзеге асуы мүмкін бе?
– Иә, әрине. Бұл сұраққа жауап беру үшін кейбір құжаттарды зерттеу керек. Мысалы, бірнеше жыл бұрын қабылданған Ресейдің әскери доктринасына үңілейік. Украинадағы оқиғалардан кейін осы доктринаға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, Ресей көрші елдерде өзіне достық пиғыл танытпайтын, орыстілді азаматтардың құқығын шектейтін режим орнаса, сол елдің ішкі ісіне араласу құқығын бекітті. Яғни Ресей көрші елдегі режим өзіне дос па, әлде жау ма, оны өзі шешеді.
Егер Назарбаев саяси сахнадан кеткен соң, билік транзиті басталғанда ұлттық-патриоттық көңіл күй күшейеді, жаңадан келетін ел басшылығы Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғап, тіпті елдің Еуразия экономика одағы немесе Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымынан шығатынын мәлімдейді деп болжасақ, Ресей әскери қысым көрсету сценарийін іске асыруы мүмкін. Украинада бәрі осы сценариймен іске асты, бұл ел Батысқа бет бұрып, Кеден одағына кіруден бас тартты. Қазақстан жетекшілігі бір жағынан ресейшіл, Ресейге жағуға тырысады. Бірақ Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін қорғауы керек. Еуразия экономика одағында біздің мүддеге қайшы әрекет болды ма, қатаң мәлімдеме жасап, экономикалық құқығымызды шектейтін әрекетке тойтарыс беру керек. Ресей Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымын саяси мүддеге пайдалануға тырысып, бұл Қазақстан қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе, қатаң мәлімдеме жасап, оған жол бермеу қажет. Ресей мен Батыс арасы шиеленіскенде Ресей билігінің өкілдері "Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы НАТО-ға қарсы тұруы керек, Ресейдің өзге елдермен тартысы жайлы мәлімдеме жасауы керек" деді. Қазақстанның өзінің сыртқы саясаты, қорғаныс саясаты бар. Қазақстан АҚШ, Еуропа, Түркия, барлық елдермен әріптес. Егер Ресей геосаяси егес шығарса, бұл оның ойыны, біз Ресейдің сыртқы саяси авантюрасының тұтқынына айналмауымыз керек.
Қазақстан жетекшілігі Ресейге еліміз маңызды стратегиялық серіктес екенін көрсеткісі келеді, бірақ Қазақстан ішіндегі көңіл күй мүлде бөлек. Әсіресе Еуразия экономика одағы құрылған соң және Украинадағы оқиғалардан кейін осы көңіл күйлердің күшейгенін байқалады. Көптеген қазақстандықтар Ресей еліміздің одақтасы және серіктесі емес, керісінше геосаяси жағдай өзгерсе, ұлттық мүддеге қауіп төндірушіге айналады деп есептейді. Қазір осы екі модельдің қақтығысын көріп отырмыз. Ресми деңгейде ел жетекшілігі даулы мәлімдемелерден кейін Ресейді аздап қана сынап, әлсіз жауап қату арқылы елді тыныштандыруға тырысады. Ал бірақ Қазақстан қоғамы ел жетекшілігінен қатаң қарымта жауап күтеді. Ал ел билігі қатаң іс-қимылдан қорқады, өйткені Кремльмен қарым-қатынасын құртып алудан сескенеді. Биліктегі жоғарғы шенді шенеуніктердің басынан әлі де Совет Одағы кете қоймаған сияқты, әлі де Мәскеуді біздің үстімізден қарап тұратын бақылаушы деп қабылдайды. Ал бұл өте қауіпті. Өйткені Қазақстанда Совет Одағында өмір сүрмеген, оның не екенін білмейтін, анық шекарасы белгіленген егемен елде дүниеге келіп өскен буын ержетті. Көптеген қазақстандық өзге елдердің реваншистік мәлімдемелері мен Совет Одағына ұқсас одақтарды құруды теріс қабылдайды. Сондықтан көптеген қазақстандық өзінің бірегейлігін тек Қазақстанмен байланыстырады, ал саяси және бизнес элита өзінің бірегейлігін Қазақстанмен байланыстырмауы да мүмкін. Олар әлі де совокта жүргендей. Міне, осындай қақтығысты байқауға болады.
Оқи отырыңыз: Ресей кешірім сұрамаса, Еуразиялық одақтан шығу керек
Ресеймен одақтардан қалай шыға аламыз?
– Бұған дейін Ресеймен экономикалық одақтардан және Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымынан шығу туралы мәселе көтердіңіз.
– Иә, 2014 жылдан бері осыны айтып жүрмін. Еуразия экономика одағы – Қазақстан үшін геосаяси тұзақ. Әу бастан Еуразия экономика одағы экономикалық емес, Ресейдің геосаяси жобасы екені айқын еді. Одақ құрылғанда 2014 жылы айтқан болжамым айна-қатесіз орындалды. Тіпті сол кезде одақтың құрылуын қолдаған бизнес қазір одан көңілі қалды. Өйткені санкциялар соғысы кезінде Ресей импорт орнын алмастыру бағдарламасы арқылы өзінің ішкі нарығын қатты қорғады. Ресейде тамақ өнеркәсібінен бастап жеңіл өнеркәсіпке дейінгі барлық секторда бизнес лобби мықты. Міне, олар барлық ел, тіпті өзімен экономикалық одақтас Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстан тауарларын кіргізбей, қолдан тосқауыл қойды. Ресей дем арада жаңа талаптар мен шектеулер қойып, экономикалық одақ талаптарын бұзып, қазақстандық өндірушілерді кіргізбей тастады. Осының өзі Ресей Еуразия экономика одағы аясында әдемі экономикалық ұрандарды жамылғанымен, одақты жер жинау әдісі ретінде қарастыратынын дәлелдеді. Бірақ сөйте тұра Ресей өз нарығын ашпайды, өйткені оларды серіктес деп емес, бәсекелес деп қабылдайды.
Еуразия экономика одағы құрыла салысымен одақ ішінде бірлік болған емес, керісінше шиеленіс пен араздық туды. Бастапқыда Ресей, Беларусь пен Қазақстан арасында "өндірушілерді нарыққа кіргізбейді" деген конфликт болса, артынан Армения мен Қырғызстан қосылған соң, Қазақстан қырғыз өндірушілерін кіргізбей, Қырғызстанмен арада конфликт туды. Қысқасы, Еуразия экономика одағы өңкей шатақмінез көршілер жиналып алған коммуналды пәтерді елестетеді. Бәрі жиылып ас әзірлеуге тырысса да, рецепті бөлек болғандықтан, түк шығара алмай, ұрыс-керістен көз ашпайды. Бұл одақ экономикалық жағынан өзін-өзі ақтамады. Қазақстан экспорттан гөрі көп тауарды импорттап отыр. Сөйтіп, Ресей экономикасының қосымша шылауына айналдық. Оны былай қойғанда, Ресей экономикасына байлаулы, тәуелді болып қалдық. Нәтижеде Ресей экономикасындағы кез келген проблема бізге әсер етеді. Ресей рублі құнсызданса, теңге де тербеледі.
Сондықтан, меніңше, Қазақстан Өзбекстан тәрізді одаққа мүше болмай, бақылаушы ғана болуы керек еді. Өзбекстан Еуразия экономика одағын мұқият зерттеп, бақылаушы ғана боламыз, ешқандай міндеттемені мойынға алмаймыз деп шешті. Тура сол сияқты Ислам Каримов билігі кезінде Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымына мүшелігін тоқтатты. Өйткені Ресей бұл одақты геосаяси мақсатына падаланбақ деп күдіктенді. Ал мұның арты не болды? Түк те болмады. Ресей мен Өзбекстан арасында конфликт жоқ, тіпті Ресей-Өзбекстанның экономика, әскери-саяси саладағы қарым-қатынасы қарқынды дамып жатыр. Ұлттық мүдде тұрғысынан қарағанда, Өзбекстан бізбен салыстырғанда дұрыс әрекет етті. Еш уақытта өзіңді іс-әрекетін болжап білуге болмайтын, басқыншыл, агрессивті, асқан державалық мүддесі бар серіктеске байламау керек. Ресей де, Қытай да осындай серіктестер. Ондай серіктесті алшақ ұстау керек, бұл елдер тек күшті, ұлттық мүддені нақты қорғайтын ұстанымды мойындайды. Ал егер Қазақстан ұлттық мүддені қорғамаса, Ресей бізге тек сателлит деп қана қарайды.
– Одаққа кіріп алған соң одан шығу да қауіпті. Бұл одақтардан ештеңені жоғалтпай, елге қауіп төндірмей шығуға бола ма?
– Еуразия экономика одағының жарғысына сәйкес, одан шығуға болады. Одан шығудың арнайы регламенті бар. ТМД-дан шығудың ережесі де тура сондай. ТМД мен Еуразия экономика одағынан кетеміз деп мәлімдеген ел бір жыл ішінде одақтан біртіндеп шыға алады. Бірақ Ресеймен одаққа кірген Қазақстан өзін-өзі Ресейдің геосаяси матрицасына қуып тықты. Тіпті Қазақстан Еуразия экономика одағынан шығамыз деп мәлімемесе, Ресей мұны доспейілді емес әрекет деп бағалайды. Біз өзімізді ерікті трде Ресейдің геосаяси амбициясының тұтқынына айналдырдық. Егер Еуразия одағына мүше емес, жай ғана бақылаушы болсақ, одақтан алшақтау мүмкіндігі көбірек болар еді. Ал орта немесе қысқа мерзімде Қазақстан басшылығы Еуразия экономика одағынан шығамыз десе, одан енді құрылған уақытпен салыстырғанда қазір оны іске асыру қиын болмақ. Егер ондай мәлімдеме айтылса, Ресей Қазақстанда Украина сценарийін іске асыруы мүмкін. Орыстілді азаматтардың құқығын қорғау, Солтүстік Қазақстан территориясы риторикасын алға салып, Қазақстанға қысым көрсетуі мүмкін. Сондықтан, өкінішке қарай, Ресеймен келіссөзде Қазақстан қолында көзір аз. Ол көзірлерді әу баста өзіміз жоғалттық. Еуразия экономика одағы мен ҰҚКҰ-ға кіру Қазақстанның сыртқы саясаттағы ақымақтығын көрсетеді. Бұл одақтан алған түгіміз жоқ, есесіне бергеніміз көп. Ең алдымен экономика және қорғаныс саласындағы сыртқы саясатты іске асырудағы тәуелсіздігімізді бердік. Ең үлкен қателік те осы.
– Ресеймен одақта қалу да қауіпті, шығу да қауіпті дейсіз. Сонда бұл одақтан қалай шығу керек?
– Бұл жерде сауатты түрде қимылдап, Ресейдің сыртқы саясатын оның өзіне қарсы қолдануға болады. Мысалы, Қазақстанға қарсы мәлімдемелерді алсақ, оны жасаған адамдарды нон грата тұлғалардың тізіміне енгізу керек. Бұдан әлгі әрекеттер тыйылмаса, Қазақстан "Ресей билігі мұндай мәлімдемелерді айыптамаса, онда мұны Қазақстанға қарсы доспейіл емес әрекет деп қабылдаймыз" деп мәлімдеме жасай алады. Яғни Ресейдің агрессиясын оның өзіне қарсы қолдану керек. Демек, бірінші ескертуден кейін нәтиже шықпай, бұл әрекет қайталанса, Қазақстан "Ресей билігі олардың аузын жаппады ма, мұны жекелеген адамдардың емес, Ресей билігінің ресми ұстанымы деп қабылдаймыз" деуі керек. Қазақстандағы депутат "Орынбор – Қазақстан бөлігі" деп ресми мәлімдеме жасасыншы, Ресейде қандай шу көтерілер еді. Тіпті сыртқы істер министрі Лавров та Қазақстанды сынап мәлімдеме жасар еді. Ал біз болсақ мұны жеткілікті дәрежеде қабылдамай, "біреу бірдеңе депті, біз де жеңіл-желпі жауап беріп, тез ұмытайық" дей саламыз.
Меніңше, бұл – Ресейдің бізге қарсы ашқан ақпараттық соғысы. Өйткені бұл мәлімдемелер Ресейді ірі федералды арналарының эфирінде айтылып жатыр. Мемлекетпен байланысты, мемлекет қаржыландыратын арналарда Ресеймен серіктес елді қорлайтын мәлімдемелер айтылса, оны жекелеген адамдардың сөздері емес, Ресей жетекшілігінің ресми ұстанымы деп бағалау керек. Сондықтан Қазақстанның саяси ерік-жігері бар болса, ары қарайғы әрекет етудің механизмін жасап шығуы қажет. Бірінші рет ескерту жасап, екінші мәрте тағы ескерту жасап, үшінші мәрте нақты іс-әрекетке көшіп, Еуразия экономика одағынан шыға бастауы керек. Оны сол одақтың құқықтық нормалары шеңберінде жасаған жөн. Әрине, аяқ астынан одақтан кетеміз десек, Ресей оны қарсы әрекет де қабылдайды. Ал "бізді шығуға өздерің мәжбүр еттіңдер, пропагандистердің аузымен бізге қарсы доспейіл емес мәлімдеме жасадыңдар, демек, бізге белгілі бір дәрежеде қауіп төндіресіңдер" десе, оның жөні бөлек. Қалай болғанда да ақылға салып, амалын тауып, Ресейге үлкен соққы жасап, одақтан сауатты түрде шығуға болады. Бірақ ол үшін саяси ерік-жігер керек. Ал ондай ерік-жігерді көріп тұрғаным жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!