Кореяда қазақстандықтарды да гастарбайтер ретінде қабылдайды – сарапшы

Қазақстаннан халықаралық ақша аударым жүйесі арқылы шетелге аударылатын ақшаның көлемі осы жүйе арқылы Қазақстанға аударылатын ақшадан екі есе көп...

Malim Админ

  • 10.01.2023
Көрнекі сурет / Фото: kaztag.kz

 

Сұхбатта қозғалатын мәселелер:

- Қазақстаннан шет елдерге аударылатын қаржының көбеюі;

- Сыртқа аударылатын ақша мен Қазақстанға аударылатын ақшаның балансының сақталмауы;

- Халықаралық ақша аударым жүйесінде Қазақстан экономикасы қалай ұтылады?

- Қазақстандағы еңбек миграциясы;

- Азаматтардың шетелге кетуі және халықаралық аренадағы Қазақстанның рейтингі, т.б.

 

Ұлттық банк есебі бойынша 2022 жылдың қаңтар-қараша аралығында ХААЖ (халықаралық ақша аударымдары жүйесі) арқылы 962,7 млрд теңге шетелге аударылған. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 4,5 пайызға артық. Былтыр 12 ай ішінде «Золотая корона», «Вестерн Юнион», «Юнистрим», «Contact», «Faster», «MoneyGram» бастаған 8 ХААЖ арқылы 1,364 трлн теңге аударылған.

2021 жылы ақша аударымдарының көлемі 2020-мен салыстырғанда 28,3 пайызға ұлғайып, секіріс жасаған. 2022-нің басында Қаңтар оқиғасы болды, соның есебінен жыл басында елде біраз уақыт ақша аударымдары азайған. Есесіне, көктемнің ортасына қарай Қазақстаннан шет елге аударылатын қаржы көлемі еселеп өсті. Ең жоғарғы көрсеткіш – сәуір айына тиесілі, 113,1 млрд теңге. Бұған дейін Қазақстаннан шетелге аударылатын қаржы Ресей мен Өзбекстанға көптеп аударылса, биылғы тізімде Түркия рекордтық көрсеткішке жетіп, 32,4 пайызға өскен.

Есесіне, Қазақстанға шет елдерден аударылатын ақшаның көлемі бұдан 2 есе аз. Қаржыгер Бауыржан Ысқақовқа «Шетелге аударылатын ақша мен біздің елге шет елден аударылатын ақшаның ара салмағына» қатысты сұрақтар қойып көрдік.

- 2022 жылы қаңтар-қараша айларында 962,7 млрд теңге ААЖ арқылы шетелге аударылған. Әр айда орташа есеппен 90 млрд теңге шетке кеткен. Бұл көп пе, аз ба?

Қаржыгер Б. Ысқақов

- Қазақстан нарықтық экономикалық қатынастағы мемлекет болғандықтан, бұл қалыпты жағдай деп айтуға болады. 2022 жыл пандемиядан шығу уақыты деп есептеледі, сол уақытта біздің елде қызмет істейтін, жұмыс істейтін өзге елдің азаматтарының көбеюімен байланыстыруға болады. Яғни, Қазақстанда тіршілік етіп, шаруасын істеп жүрген шет ел азаматтарының қаражаттарын өз мемлекеттеріне аудару процестері. Мұнда еңбек миграциясы да, сауда-саттық та бар. Бұл біз әлі де сырт мемлекеттердің импортына тәуелдіміз дегенді білдіреді. Яғни, біз өз ішкі ресурстарымызды өз қаражатымызға сатып алмай, бізге қажетті тауарлар мен қызметтерді сыртқы мемлекеттерден көп аламыз деген сөз.

- Есесіне сырттан келетін ақша бұдан екі есе аз. Бұл нені білдіреді?

- Бұл да түсінікті, жаңағы айтылған жайттарға тікелей байланысты. Және ерекше айта кететіні – біздің экономикаға ақша салатын шет мемлекет азаматтарының көрсеткішінің төмендігі. Біз өзге елдерге неғұрлым аз қызмет көрсеткен сайын, соғұрлым олардан келетін ақша аударымдары аз болады. Сыртқа кететін ақша мен сырттан кіретін ақшаның арасында баланс болу керек. Бізден шығатын ақша басқа елдің экономикасына құйылған қаржы есептеледі. Әлбетте, бізге өзге елдің экономикасына ақша құйғаннан гөрі, біздің экономикаға сол мемлекеттердің қаражат құйғаны тиімді. Бұл, ең алдымен экономикалық тұрақтылықты көрсетеді. Ал, 2 есе аз кіріс – біздің экономикалық ахуалымыздың қай деңгейде тұрғанының көрсеткіші деуге болады.

- Сыртқа кететін ақша мен кіретін ақшаның арасалмағы қандай болуы керек?

- Бізден шығатын тауарлардан гөрі бізге келетін тауарлардың көп болуы, соған сәйкес шығатын қаражаттың да көп болуы экономикалық баланстың бұзылғанын көрсетеді. Бұл «қалдық сальдосына», яғни, біздің экономиканы дамытуға тиіс инвестиция түріндегі және өзге де жүйелер бойынша түсетін қаражаттар көрсеткішінің төмендігіне әкеліп отыр.

Бұл жағдай Түркия болсын, Өзбекстан болсын, сол елдерден келетін еңбек миграциясына да байланысты және сол мемлекеттердің біздің елге сататын тауарларының үлесінің көп екенін білдіреді. Бұл қуанатын жағдай емес, өйткені, осы көрсеткіштің өзінен-ақ біздің қаншалықты импортқа тәуелді ел екеніміз байқауға болады.

- Қазақстаннан шет елге аударылатын ақшаның жартысы Өзбекстан мен Түркияға тиесілі. Өзбекстан азаматтары Қазақстанға келіп жұмыс істейді және табысын өз еліне аударады. Мұның Өзбекстан экономикасына пайдасы қаншалықты?

- Әрине, бұл Өзбекстан экономикасына тиімді. Және өзбектер Ресейде, Қазақстанда және басқа да елдерде жұмыс істеп, тапқан табысын аударып отыруға мүдделі. Себебі, Өзбекстан қаржы жүйесі сырттан ақша аударған өз азаматтарына пайыздық сыйақы тағайындап қойған. Яғни, сыртта жүрген азаматтарын ақшасын өз еліне аударуға ынталандырып отыр. Бұл мемлекеттің экономикасы үшін де, азаматтардың жеке басы үшін де тиімді. Яғни, олар тапқан табысының 70-80 пайызына дейін шетелдік валютамен табады да, айдың аяғында банк арқылы аударым жасап жатады. Бұл жерде Өзбекстан банкі ұтып тұр. Сол арқылы олар біріншіден хэшбек алады, екіншіден бұл миграциялық саясатқа да оң ықпалын тигізеді. Өзбекстан осындай оңтайлы шарттар ойластырып қойған, сол арқылы Өзбекстан экономикасына ақшаның көп келуін қамтамасыз етіп отыр.

- Қазақстанда мұндай сыйақы қарастырылмаған ба?

- Бізде ондай жүйе жоқ. Өйткені, Өзбекстанның жалпы ішкі өнімінің 35 пайызын сырттан келетін, еңбек миграциясында жүрген азаматтардан түсетін табыс құрайды. Бұларда Ұлттық қор қаражаттарының трансферттері немесе мұнайдан түсетін табыс жоқ қой, сондықтан, олар қазіргі жағдайға байланысты қосымша шарттар енгізіп, қаржы жүйесін соған ыңғайлап қойған. Бізде ондай шарт енгізілгеннің өзінде сыртқы миграция бізге ондай пайда әкелмейді. Бізде керісінше, ішкі ресурстарды сыртқы активтерге салу тәжірибесі бар.  

- Ал Түркияға кететін ақшаның бір жылда 30 пайызға жуық өсіп кетуіне – Түркияға жаппай көше бастаған қазақстандықтардың қатысы бар ма?

- Иә, Түркияға ақша аударымдарының көбеюі – соңғы уақытта сол елдің жылжымайтын мүліктерін, пәтерлерін қазақстандықтардың көп сатып алуымен байланыстыруға болады. Екіншіден, мұнда сауда мәселесі бар. Яғни, түріктер біздің елге тауар әкеліп сатады немесе қазақстандықтар Түркиядан тауарды көп тасиды. Үшіншіден, бұл ел инвестициялық климаты жақсы. Түркия осы арқылы өз экономикасына серпін беретін жан-жақты қызметтер ойластырып қойған. Соның арқасында қазақстандықтар өз елімізде бизнес ашса да Түркияның бизнесімен байланыстыруға тырысады. Мұның бәрі Түркияның экономикасына пайда әкеліп жатыр деп айтуға болады.  

- Мұндай жағдайда Қазақстан экономикасы ұтылмау үшін не істеуі керек?

- Бұл жерде біз бір нәрсеге мән беруіміз керек: Көлеңкелі экономиканың туындап кетпеуін. Ұлттық банк ақша аударымдарын бақылаушылық функциясын арттыруы керек. Мысалы, Ресей мемлекетіне қатысты. Ресей азаматтары өз қаржыларын шетелдерге аудару үшін оны Қазақстанға аударып, Қазақстан арқылы басқа мемлекеттерге шығару жағын көп ойлайды. Бұл көлеңкелі экономикаға дем береді. Қаржылық жүйемізге де кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазақстанды қаржылық транзит мемлекет ретінде пайдалануға жол беруге болмайды. Өзге ел азаматтары Қазақстанның банктеріне қаражат салып, оны ары қарай шет елге аударуға тыйым болуға тиіс. Яғни, Ұлттық банк осындай «қаржылық махинациялармен» күресті күшейтуі керек. Егер, шет ел азаматтары Қазақстан банктеріне ақша салса, ол кем дегенде бір жылға дейін біздің экономикаға жұмыс істейтіндей заң керек. Осындай шарт қою арқылы ғана біз өз экономикамыз бен қаржылық жүйемізге қатысты болатын тәуекелдердің алдын аламыз.

- Сырттан біздің елге көп ақша аударылатын елдер қатарында Ресей мен Өзбекстанның ізін басып Оңтүстік Кореяның үлесі артып келе жатқаны байқалады. Қазақстандықтарды сыртта арзан жұмыс күші, гастарбайтер ретінде қабылдай ма?

- Мен өзім Ресейде 3 ай болдым. Шыны керек, Ресейдің еңбек нарығында негізінен өзбектер, қырғыздар, тәжіктер жүр. Негізгі ауыр жұмыс істейтін топ солар. Мен ол жерде Қазақстаннан барып ауыр жұмысқа жегіліп жүрген азаматтарды көрмедім. Керісінше, Ресейдің білім саласында, бизнес көзін ашу арқылы жұмыс істеп жатқан, басқа қызмет көрсету салаларында қазақстандықтар бар. Ал, Оңтүстік Кореяның еңбек нарығында қазақстандықтардың үлесі артып отыр. Біздің көзқараспен алып қарағанда, гастарбайтерлер істейтін жұмыстың барлық саласында қазақстандықтар бар. Яғни, олар Қазақстаннан келетін жұмыс күшін гастарбайтер ретінде қабылдайды. Әрине, ол жерде Қазақстан ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары да аз емес.

- Яғни, Қазақстанда Еңбек миграциясы проблемасы бар ғой?  Жалпы, бұл көрсеткіш қандай жағдайда өседі?

- Еңбек миграциясы – мемлекеттің инвестициялық ахуалына, халықаралық аренадағы рейтингіне кері әсерін тигізетін нәрсе. Мемлекеттен жұмыс күші неғұрлым көбірек сыртқа ағылса немесе білікті кадрлар басқа мемлекетке барып жұмыс істейтін болса, ол мемлекеттің ішкі жұмыс күштерін қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ деген сөз. Әрине, Өзбекстан мен Қырғызстанға қарағанда біздің жағдайымыз әлдеқайда жақсы, бірақ, кейінгі уақытта Оңтүстік Кореяға, Түркияға кетіп жатқан жұмыс күшінің көбеюі біздің мемлекет үшін онша тиімді тенденция емес. Мемлекет ішкі еңбек ресурстарын өзінде қалдырып, өз экономикасына жұмсауға мүмкіндігі болса, онда, ол жақсы көрсеткіш есептеледі. Бұл мемлекеттік деңгейде қаралуы керек және азаматтарымыздың сыртқа кетуіне жол берілмеуге тиіс. Керісінше, арзан жұмыс күштерінің бізге келіп жұмыс істеуіне мүдделі болуымыз керек.

- Пікір білдіргеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

 

 

Байланысты жаналықтар

Ресейдің Қазақстанға саясаты өзгерді

23.12.2020

Досым Сәтпаев: Никонов пен Федоров Путиннің ойын жеткізіп тұр

15.12.2020

Еңбекші мигранттар енді еркін жүре алмайды

19.02.2020
MalimBlocks
Ресейдің Қазақстанға саясаты өзгерді

Досым Сәтпаев: Никонов пен Федоров Путиннің ойын жеткізіп тұр

Еңбекші мигранттар енді еркін жүре алмайды