Еңбекші мигранттар енді еркін жүре алмайды

  • 19.02.2020
  • Malim Админ

Тілі қышып кеткенде «Өзбектер өз жерінен нәсіп таппай, Астана мен Алматыныны маңайлап жүр», деп лепіре сөйлейтін қазақ үшін сырттан келіп жұмыс істейтін мигранттар таңсық емес. Ертеректе қырғыз келген, осы күні сырттан келіп Қазақстаннан нәпақасын айырушылардың басым бөлігі өз ағамыз деп әспеттей көтеретін өзбектер екені белгілі жағдай. «Еңбекші мигранттар» деп ресми айдар тағып, ат берген бұл жұмысшылардың дені Қазақстанға құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында келеді. Расында, қазақ малын өзі-ақ бағады, ал, ежелден-ақ жер еміп, там салып өскен өзбек жұртының қолына балға беріп, үй салдыруды құп көреді ел. Дегенмен, бұл жағдайға қатысты заң бұзушылықтар мен өзге де бармақ басты, көз қыстылыққа салынатын жағдайлар кездеспей тұрмайды. Арзан жұмыс күші үшін адам не істемейді, тіпті, бірер мәрте құжатсыз келімсекті үйінде тығып ұстаған да жағдайлар ұшырасқан. Қолында құжаты болса да, онысының уақыты өтіп кеткен соң, аттап баса алмайтын жұмысшы қайтеді? Қожайынының қолына жеке куәлігін ұстатып жіберіп, не десе де көнуге мәжбүр болады. Бұл мәжбүрліктің түбін қазсаңыз – құлдыққа барып бір-ақ тіреледі. Демек, табиғатынан озбыр келетін адам баласы әп сәтте-ақ баяғы құл иеленушілік дәуірге оралып, қолынан келсе ақсүйек болып шыға келуге дайын. Ал, ХХІ ғасырда құл жұмсау деген түсінік – артта қалушылық, тіпті, жабайылық есептелетінін ұмытпау керек. Осы жағынан алғанда, тегін жұмыс күші де, арзан еңбеккер де заң бұзушылық арқылы пайда болатынын түсінуге болады. Осыған орай, «гастарбайтер» деген атпен танымал сырттан келетін еңбек мигранттарының құқығын қорғау ісі де маңызды болмақ. Шекараны адам жетіскеннен бұзбайды немесе келіп алып, қалып қоюға тырыспайды. Әрине, осы күні кеденнен заңсыз өту сирек ұшырасады, ал, келген соң Қазақстанда болуға рұқсат берілген уақыттан асып кетсе де, кетпей жүріп алатындар жиі ұшырасады. Олардың тағдырына кім алаңдайды, кім қол ұшын созады?

Жасыратыны жоқ, сырттан келушілердің басым бөлігі қара жұмысқа мығым демесеңіз, негізінен сауатсыз болып келеді. Әрине, қара таниды ғой, дегенмен, өз құқығын білмейді, құжаттың, заңның талаптарына онша бір мән бермей жатады. Міне, оларды өзгелердің пайдалануына осы жағдай да әсер етеді. Осыған орай бұған дейін ұсынылған екі ел арасындағы еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау туралы заң жобасы ақыры мақұлданды.

Қазақстан Республикасы үкіметі мен Өзбекстан Республикасының үкіметі келісе отырып, бірлесе жасаған заң жобасы Қазақстанның Парламент Мәжілісінде талқыланып, қаралды. Ақыры қабылданды. Бұл заңның Қазақстан парламентінде қаралуы да кездейсоқ емес, сыртқа барып нан тауып жүрген қазақтар да жоқ емес, бірақ, дәл осы Өзбекстанда құқығы тапталып, қара жұмыспен күнелтіп жүрген Қазақстан азаматы жоқ деуге болады. Ал, Қазақстандағы өзбек мигранттарының жайын жоғарыда аздап айттық. Демек, бұл заң жобасының негізінен іске асатын аймағы Қазақстан территориясы болмақ. Сол себепті, бұл заңның ақырғы шешімін Қазақстан Республикасының Парламенті айтты.

Сонымен, Қазақстан мен Өзбекстан арасында еңбекші мигранттардың құқықтарын қорғау тәртібі қалай айқындалды? Ресми атауы «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы еңбекші мигранттардың еңбек қызметі және олардың құқықтарын қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» деп аталатын заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мақұлданды. Бұл келісімге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы сәуірде Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында қол қойған. Ташкентте бекітілген бұл келісімге орай арнайы заң жобасы әзірленуге тиіс болған. Құжаттың негізгі мақсаты – қос тараптың көші-қон қатынастары мен барыс-келісті реттеу және заңсыз еңбек қызметтерін болдырмау жөнінде шараларды жүзеге асыру.

Бұл құжаттың жай-жапсарын осы салаға жауапты ведомствоның басшысы министр Нұрымбетов айтты:

«Келісімді ратификациялау екі елдің арасындағы еңбек көші-қон процестерін реттеуде ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді деп сенеміз. Ратификация басқа нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау немесе оларға өзгерістер енгізуді талап етпейді. Келісімнің күші екі ел арасындағы барлық еңбекші көшіп-қонушыларға қолданылады және олардың қызметі мен құқықтарын қорғау мәселесін реттейді», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Бұл құжат тек өзбектердің құқығын қорғайды деуге болмайды. Бұл жерде қандай да бір заңды келісіммен жүргізілген жұмыстың сапасын заңды жолмен талап ете аласыз. Яғни, сыртын сылап-сипап, көз алдайтын жұмыспен тайып тұратын мигранттар да аз емес. Сондай жағдайда, құрылыстың ақшасы төленген соң арада біраз уақыт өткен соң жұмысты атқарушылардың ісінен шикілік шығып, тұтынушы тарап қандай да бір қиындыққа тап болса, төлеген ақшаны қайта өндіріп алуға немесе жұмысты қайта істетуге мүмкіндік алады. Әйтпесе, «іс бітті, қу кетті» деп, сан соғып қалатын отандастарымыз да аз емес. Бұл бір ғана қыры. Екінші қыры – бұл біздің нарыққа сай келмейтін арзан жұмыс күшінің ішкі жұмыс бригадалардың жұмысына кедергі келтірілмейді. Балға ұстап, шеге қағу қазақтың да қолынан келеді. Қыста демалып, жазда «шабашка» деп, жолға шығатын үй салғыштар қазақ арасында да көп. Міне, солардың басты бәсекелесі, бәсекелесі болғанда, сұранысты төмендетіп, бағаны түсіріп жіберетін «әріптестері» де осы өзбек мигранттары. Сол себепті, ендігіде мигранттар да жергілікті нарыққа сай жұмыс істеуге мәжбүр болады. Демек, баға көтерілсе, сырттан келетіндерге деген сұраныс та азаяды. Бұл ішкі нарықтағы ақшаның сыртқа заңсыз кетуіне тоқтау салады деп те болжауға болады.

Сонымен қатар, бұл құжаттың тағы бір артықшылығы – мигранттардың керек кезінде, яғни, белгілі бір жағдайларда тегін медициналық көмек алуына мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жұқпалы аурулар кезінде қатты бақылауда ұсталады. Айналасына қауіп төндіріп тұратындай болса, оны тез арада залалсыздандыру, оқшаулау жұмыстары жүргізіледі. Мұндай жағдайда, әрине, әр ел өз азаматының денсаулығына жауапты болғандықтан, тез арада еліне қайтару мәселесі алға шығады. Одан бөлек, еңбекші мигранттар оларды қабылдап алған елдің заңдарын толықтай сақтайды және сол елдің азаматтары сияқты демалуға құқылы. Келісімде сырттан келушілерді бақылап отыратын өкілетті органдар бекітіліп, жұмысшылар мен қызметкерлердің базалық кепілдіктері де қарастырылған.

Фото: inform.kz

Байланысты жаналықтар

ОСК: Президенттің жеңісін мойындаңдар

09.08.2020

Ұлттық телеарнада партия өкілдері теледебатқа шығады

22.12.2020

Дін тыныш жүр, митингіге шықпа дейді

28.09.2020

Әлнұр Ілияшев: Түрмеге қамалсам, Тоқаевқа сөз келер еді

24.06.2020

Сот Навальныйды түрмеге қамау туралы шешім шығарды

02.02.2021

Полиция, сот және прокурор карантинде моншаға баруға неге құмар?

16.02.2021