Жовтис басқаратын ұйымның қызметі үш айға тоқтатылды
Алматы қаласы Әуезов ауданының кіріс басқармасы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның қызметін үш айға тоқтату және 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (583 мың теңге) айыппұл салу туралы қаулы шығарды. Белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис жетекшілік ететін Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро бұл шешімнің үстінен шағым түсірмек.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис malim.kz-ге берген сұхбатында кіріс басқармасы шығарған шешімді "заңсыз" деп атады. "Бұл шешімнің заңдылыққа түк қатысы жоқ. Таза саяси шешім бұл. Салықшылар тағып отырған кінәнің салық есебіне, салық төлеуге, ақшаны мақсатсыз жұмсауға мүлде қатысы жоқ. Бұл жерде ақшаны алу жөніндегі ақпараттық есепте ақша сомасында болмашы айырмашылық кеткен. Ол бар-жоғы он минуттың ішінде түзетіле салатын нәрсе, айырмашылықты оп-оңай түсіндіруге болады, ешқандай заңбұзушылыққа жатпайды", - дейді Е.Жовтис.
Құқық қорғаушы мұның астарында саяси себеп жатыр деп есептейді. "Меніңше, бұл биліктің Қырғызстан, Беларусь пен Ресейде Навальныйдан кейінгі оқиғаларға реакциясы. Бұл жерде белгілі бір конспирология жатқандай. Яғни билік Қырғызстан, Беларусь, Грузия, қазір Ресейегі оқиғалардың артында Батыс күштері тұр, олар шетелден ақша алып елді шайқалтқысы келіп жүр деп есептейді. Азаматтық қоғам өз бетінше өмір сүріп, құқығын талап ете алатынына сенбейді. Қысқасы, бұл авторитарлы режимнің азаматтық белсенділіктің бетін қайтарғысы келген әрекеті", - дейді Евгений Жовтис.
Қаулы әзірге күшіне енген жоқ. Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы бұл шешімнің үстінен кіріс департаменті, әкімшілік сотқа, қажет болса апелляциялық сот пен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданбақ.
Былтыр қарашада "Эхо", "Еркіндік қанаты", Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро, МИСК, "Medianet", "Құқықтық медиаорталық" пен "Қадір-қасиет", Халықаралық құқықтық бастама үкіметтік емес ұйымдары салық органдарының негізсіз тексерісі туралы хабарлады.
15 қаңтарда Алмалы аудандық салық департаменті "Эхо" ұйымының қзыметін үш айға тоқтату және 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарған. Ал 19 қаңтарда астанадағы Есіл аудандық кіріс басқармасы "Еркіндік қанаты" ұйымына 277 мың теңге көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.