"Орын жоқ, дәлізде тұрыңдар". Тәуелсіз бақылаушыларға кедергі жасалды

Елнұр Бақытқызы

  • 10.01.2021

Тәуелсіз бақылаушылар ұйымдары бүгін өтіп жатқан парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауын бақылауға кей өкілдері қатыстырылмағанын хабарлады. Кейбір бақылаушыларды учаскелік сайлау комиссиясының төрағалары "орын жоқ" деп дәлізге жіберсе, енді бірін "ПТР тестерін жарамсыз" деп кіргізбей қойған.

Сайлауды 1998 жылдан бері бақылайтын "Молодежная информацонная служба Казахстана" қамқоршылар кеңесінің төрайымы Ирина Медникова malim.kz-ке берген сұхбатында ұйымның 5 бақылаушысы Алматыдағы сайлау учаскелеріне кіргізілмегенін айтты. Бұған олар тапсырған коронавирусқа анықтайтын ПТР тест "жарамсыздығы" себеп болған. "Кеше Алматы әкімдігі кешкі алтыда "Сұңқар" ауруханасының ПТР тесті жарамсыз, олардың ПТР тест жасауға құқығы жоқ екенін хабарлады. "Сұңқар" басшысы онымен келіспей, БАҚ арқылы қарсылығын білдірген. Бүгін республика бойынша ұйымның 110 бақылаушысы учаскелерде сайлауды бақылауға кірісті. Олардың 61-і Алматыда. Бірақ 15 адам түрлі себеппен сайлауды бақылауға жіберілмеді. Олардың бесеуі  "Сұңқарда тапсырған ПТР тест жарамсыз" деген себеппен сайлауды бақылауға қатыстырылмады", - деді Ирина Медникова.

"МИСК-тің жарғысы бойынша сайлауды бақылауға құқықтарың жоқ" деген себеппен Алматыда 3, Петропавлда бір бақылаушыны сайлауды бақылауға қатыстырмаған. "Учаскелерде басқа бақылаушылар болғандықтан орын жоқ" деген себеппен Алматыда 2, Қарағанды, Қостанай мен Петропавлдың әрқайсысында бір бақылаушыны учаскеге кіргізбей қойған.

HAQ қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тоғжан Қожалиева да ұйым атынан куәлік алған тәуелсіз бақылаушылар учаскелерге кіргізілмегенін жеткізді.

"Ақтөбе мен Шымкенттегі бақылаушыларымыз учаскелерге жіберілмеді. Ешқандай негіз жоқ. Сол себепті қазір Орталық сайлау комиссиясына шағым түсіргелі жатырмыз. HAQ тек Алматыда бақылай алады дейді, бірақ жарғы бойынша ондай шектеу жоқ, ұйым сайлауды республика бойынша бақылай алады", - деді Т.Қожалиева.

HAQ барлығы 1040 бақылаушыға мандат дайындаған, бірақ бірлестік жетекшісі кейбірі аймақтарға жетпей қалғанын айтады. Кеше Шыкентте қалалық полиция HAQ-тің 600 бақылаушыға жіберген куәлігін тартып алған.

"Біз елшіліктер мен ЕҚЫҰ-ға хат жазған соң, Шымкентте кешірім сұрап, 600 куәлікті кешкі жетіде қайтарды. Бірақ аймақтарға таратып үлгермей қалдық. Мысалы, Сарыағашқа жетпей қалды. Қызылордаға 300 мандат жіберсек, оның 12-сі ғана жеткен, қалғанын жолда полиция ұстап алды. Ақтауға да осы себептен куәліктер жетпеді", - дейді Т.Қожалиева.

HAQ бақылаушылары Алматыда кейбір учаскелерде "орын жоқ" деген себеппен дәлізде тұр. "Өзім де 547-учаскеде дәлізде тұрмын. Іште үш бақылаушы бар. Орын жоқ деп кіргізбей қойды. Дәлізден бюллетень салатын жәшік көрініп тұр. Бірақ орындық жоқ әрі суық", - дейді Т.Қожалиева.

"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры да тәуелсіз бақылаушыларға түрлі кедергілер жасалғанын хабарлады.

Ұйым бұл сайлауда 300-ден астам бақылаушыға куәлік берген. "Бірде жарғыға, бірде басқа құжатқа шүйлігіп, учаскелерге кіргізбейді. Кіргізгендердің учаскеде ары-бері жүріп тұруын шектейді", - делінген хабарламада.

 

Байланысты жаналықтар

Nur Otan-ның міндеті –Арқалықтағы әр тұрғынның сенімін ақтау

24.12.2020

«FORTE BANK» қызметкерлерімен кездесу

15.12.2020

«Nur Otan» партиясының Теректі аудандық сайлауалды штабы жұмысын бастады

14.12.2020

Жаңа депутаттарды Шөкеевтің туыстары күтеді

13.01.2021

Отырар «Нұр-Отанмен» өрекендейді!

23.12.2020

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз

14.12.2020
MalimBlocks
Nur Otan-ның міндеті –Арқалықтағы әр тұрғынның сенімін ақтау

«FORTE BANK» қызметкерлерімен кездесу

«Nur Otan» партиясының Теректі аудандық сайлауалды штабы жұмысын бастады

Жаңа депутаттарды Шөкеевтің туыстары күтеді

Отырар «Нұр-Отанмен» өрекендейді!

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз