АҚШ журналисі: Бозжыра ерекше қорғалатын аумаққа жатқызылуы керек
АҚШ-тың жиһанкез журналисі, Пулитцер сыйлығының екі мәрте лауреаты, National Geographic журналындағы "Out of Eden Walk" жобасының авторы Пол Салопек Бозжыраға қонақ үй салуды "қазаққа жасалған қылмыс" дейді. Пол Салопек 2016 жылы "Out of Eden Walk" ("Эденнен басталған саяхат» – Эден – Інжілдегі жұмақ бағы – ред.) жобасымен Қазақстанның батысын аралап, Бозжырада болған. "Out of Eden Walk" жобасымен 33,8 мың шақырым жерді жаяу аралап жүрген журналист Бозжыра тәрізді адам қолы тимеген тұмса табиғат орындары әлемде өте аз қалды дейді. Жиһанкез таңғажайып, сиқырлы мекенді сақтап қалу үшін қазақстандықтарды бірігіп әрекет етуге шақырды.
– Пол мырза, жақында adamdar.ca басылымына берген пікіріңізде Бозжырада бутик-қонақ үйдің салынуына алаңдап, құрылысты "қазақ халқына қарсы жасалатын қылмыс" деп атапсыз. Бозжырада қонақ үй салу неліктен алаңдаушылығыңызды тудырды?
– Мұны ғаламшардың 20 мың шақырымын жаяу аралаған адамның пікірі деп қабылдаңыз. Жер бетінде бульдозермен қазылмаған, қопсытылмаған, жыртылмаған, пайдалы қазбаны өндіру үшін қазылмаған, беті тегістеліп жол төселмеген, тоналмаған, бүлінбеген, сүрілмеген немесе адам қолымен танымастай етіп қиратылмаған табиғи ландшафтар өте аз. "Шөл, шөлейт жер – сән-салтанат үшін емес, адамның рухы үшін қажет, ол өмір сүруге қажетті су мен жақсы нан тәрізді дүние". Шөлді сүйетін жазушы Эд Эбби осылай деген. Қазақстанның батысы – Маңғыстаудағы айшықты және алыста жатқан Бозжыраның ландшафты және ол ұстап тұрған нәзік экожүйе – Жер бетінде өте аз қалған, адам бүлдірмеген сирек жерлердің бірі. "Әлемге көрсету үшін" деген сылтаумен осындай шөл жердің ортасына бассейндер, жолдар мен қала өмірінің өзге инфрақұрылымы бар қымбат қонақ үй салу – ресурстарды өндіру мен пайда табудың ақылға қонымсыз моделі. Өйткені қалай болғанда да индустриалды туризм – бұл өндіріс. Ол қашанда да залалын келтіріп, белгілі бір нәрседен айырады. Меніңше, нәзік ландшафтқа ауыр із қалдыратын осы жоба – қателік.
Пол Салопек Бозжырада. Фото: nationalgeographic.org
– Жақында Маңғыстау облысының әкімдігі Бозжырадағы қонақ үй құрылысы жайлы қоғамдық тыңдау өткізді. Қонақүй қаумал шекарасынан 500 метр жерде, Бозжыраның негізгі көрнекі орындары – "азу тістерден" төрт шақырым, ал "кемеден" екі шақырым жерде салынады. Белсенділер мұны Бозжыраға тым жақын дейді. Онда бассейндері бар коттедждер, тікұшақ қонатын алаң, ресторандар, мәшине тұрағы, ат қора және визит орталық болмақ. Осы нысандардың құрылысы, қонақ үйдің өзі Бозжыраның бедері мен жануарлар және өсімдіктер әлеміне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Мен биолог немесе геолог емеспін. Мен әлемді жаяу аралайтын сторителлермін. Сондықтан осы ландшафттың жүздеген шақырымын жүріп өткенде жиған физикалық және метафизикалық тәжірибеге сүйеніп қана айта аламын. Бұл – адам тимеген жабайы тұмса табиғаттың қорғалған әлемі. Бұл –тұщы суды тауып ішу оңай емес шөлейт жерлердің қосалқы экожүйесі. Бұл –адам қоқыспен көркін бүлдірмеген көкжиектер орны. Жөнсіз туристік инфрақұрылым нәзік табиғи ресурстарға салмақ түсіреді, бүлдіреді. Мен үшін Бозжыраның басты құндылығы – оның нәзіктігі, ал көліктер нөпірі мен Құдай сақтасын, тікұшақтар сол нәзік жүйені бүлдіреді. Бозжырадағы тыныштық жойылады, қазылады, таусылады. Не үшін? Жай ғана пайда үшін. Ал осы қонақ үйге барып, бұл апатты қаржыландыратын Божыраға келушілер өздеріне адам тимеген, қаймағы бұзылмаған жерді емес, бүлінген түпнұсқаның сапасыз имитациясын сатып жатқанын білмей де қалады. Олар үшін Маңғыстаудың шөлі мен шатқалы жай ғана фон, бассейнге арналған сурет қана.
– "Out of Eden Walk" жобасымен көптеген елді араладыңыз. Бозжыраға ұқсас өзге ерекше жерлерде болдыңыз ба? Болсаңыз, ол жерлерде қонақ үй бар ма? Қонақ үйлер мұндай табиғи жерден қаншалықты алыс орналасқан?
– Әдетте мен олардың арасындағы арақашықтықты өлшемеймін. Мүмкін болса, ондай қонақ үйде аялдамауға тырысамын. Қысқаша қайырар болсам, Бозжыраның барынша көп жері ерекше қорғалатын аумаққа жатқызылғаны жөн. Және осы ерекше қорғалатын аумақ жергілікті халық, ғалымдар мен ландшафты бүтін күйінде сақтау туралы техникалық кеңес бере алатын сарапшы мамандардың бақылауында болғаны дұрыс. Ең дұрысы, мұны корпорацияларға бермеу.
Пол Салопек бөтелкедегі суды көму үшін Маңғыстау жерін қазып тұрған сәті. Сурет Пол Салопектің жеке мұрағатынан алынды
– Қонақ үй салуды жоспарлап, халыққа насихаттап жүрген билік аймақта жаңа жұмыс орындары ашылады, туристер келеді, жабайы туризмді реттейміз дегенді алға тартады. Бірақ осындай аймақта қонақ үй салмай-ақ туризмді реттеу жолы бар ма? Бәлкім, сіз көп жерді саяхаттап жүріп осындай мысалдарды көрген боларсыз?
– Туризм туралы көп білмеймін. Туризм маған қызық емес. Мен тек әртүрлі жерлерді аралап жүрген адаммын. Мен бұдан гөрі "бұл жобаға жергілікті халық бастамашы болды ма, жобаны солар ұсынды ма? Әлде банктегі есепшотын ақшаға толтырып, қалтасын қампайтқысы келетін сырттағы компанияның ұсынған дүниесі ме?" деген сұрақ қояр едім. Жұмыс орындарын ашып, жұмыс беру – дау тудырмайтын аргумент. Кедейшілік жанға батады. Табиғаттың тұмса көрінісі азық бола алмайтыны рас. Алайда жұмыс орындарын ашудың бұдан гөрі ақылға қонымдырақ, ұзақмерзімді жолдары болуы керек. Жергілікті бақташыларды мен сияқты меймандарға даяшы немесе қонақ үйдің ванналарын жуып-шаюшыға айналдыруды жарқын болашақ етіп дәріптеу – жақсы аргумент емес.
– Бозжыраны қорғаушылар белсенділер биліктің шатқалға, ондағы жануарлар мен өсімдіктер әлеміне залал келмейді" дегенімен келіспейді, олар онлайн петицияға қол жинауға кірісті. Бозжыраны қалай сақтай аламыз? Бозжыраны сақтап қалғысы келетін белсенділер мен халыққа қандай кеңес бересіз?
– Ковид болсын-болмасын, Маңғыстауға туристер жаппай барады. Бозжыра тым ерекше мекен болғандықтан, оның салыстырмалы түрде белгісіз болып қала беруі қиын. Қонақ үй тумбочкаларына суда тез еритін кофе пакеттері қойылмай тұрып, осы ерекше мекеннің таңғажайып екеніне көз жеткізіп, барып алғаныма мойынсұндым. Ал бірақ Қазақстан халқы – жергілікті мүдделі тараптар, белсенділер, ғалымдар, қоршаған ортаны қорайтын саясаткерлер Бозжыра бүлінбей тұрып, осы таңғажайып, сиқырлы мекенді сақтап қалу үшін дәл қазір бірігіп әрекет етуі керек. Сіздер Батыс Қазақстанның ең ірі биомы – Бозжырадағы адам-табиғат қарым-қатынасының шешуші кезеңінде тұрсыздар. Бұл оңай болмайды. Бұл – мұра. Мен сіздерді қолдаймын.
Анықтама. Пол Салопек 1961 жылы Калифорния штатында дүниеге келіп, Мексикада өскен. АҚШ журналисі және жазушысы. АҚШ-тың бірқатар беделді ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Пулитцер сыйлығының екі мәрте лауреаты. Алғашқы Пулитцер сыйлығын 1998 жылы адам геномының әр алуандығы туралы жазылған мақалалар үшін алған. Екінші мәрте бұл сыйлықты 2001 жылы Конгодағы азаматтық соғыс жайлы журналистік зерттеу үшін иеленді.
2013 жылы Пол Салопек National Geographic журналы, Knight және Abundance қорларының қолдауымен «Out of Eden Walk» («Эденнен басталған саяхат» – Эден – Інжілдегі жұмақ бағы – ред.) жобасын бастады. Жоба бойынша Пол Салопек ежелгі адам миграциясы жолымен Африкадан Еуразияға, одан Аляскаға 33,8 мың шақырым (21 мың миля) жерді жаяу саяхаттайды. 2013 жылы журналист саяхат жеті жылға созылады деп жоспарлаған. Алайда Пол Салопек 7 жылдың ішінде 33,8 мың шақырым жердің жартысын да аралап үлгере алмағандықтан, жоба мерзімі ұзартылды.
Пол Салопек «Out of Eden Walk» жобасы боййынша 2016 жылы Қазақстанның батысын жаяу аралап шыққан. Бозжыра шатқалында болған.
Пол Салопек әлемнің 50-ден астам елінде болған. Қазіргі кезде «Out of Eden Walk» жобасымен әскери төңкеріс болған Мьянмада жүр.
Ескерту. Сұхбаттың "Пол Салопек: Бозжыраға қонақ үй салу - қылмыс" атты алдыңғы тақырыбы этикалық мәселе тудырғандықтан, өзгертілді. Аса құрметті сұхбат берушіміз Пол Салопек пен қадірлі оқырмандардан кешірім сұраймыз.