Көлгіновтің кабинетіне барған аналарды полиция алып кетті
Алтай Көлгіновтың кабинетіне барған төрт ананы полиция алып кетті.
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінде тоғыз күннен бері түнеп жатқан төрт ананы полиция алып кетті. Наразылық акциясына қатысып жатқан аналардың бірі Назира Мукушеваның сөзінше, әкім Алтай Көлгіновпен кездеспекші болған төрт ананы полиция ұстап алып кеткен.
«Әкімнің кабинетіне қарай 3-4 қызымыз өткен. Төрт ананы полиция басқармасына алып кетті. Оларды әкімнің есігін сындырды деген айыппен алып кеткен. Телефондарын алып қойған сияқты. Хабарласып ала алмай отырмыз. Олармен кездесуге әкімдік тарапынан ешкім шыққан жоқ. Құзырлы орган қызметкерлері қоршап тұрып, алып кетті», - дейді Мукушева.
Оқи отырыңыздар: Әкімдікке түнеген сегізінші күн: Көлгінов аналармен кездескісі келмей ме?
Назира Мукушеваның айтуынша, қазір әкімдікте 30-ға жуық ана түнеп жатыр. Олардың арасында мүгедек балалары бар аналар да бар.
«Қазір біз әкімдікте отырмыз. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналар мен біз бармыз. Жалпы саны 30-40 адам. Полиция қызметкерлері әлі осында жүр. Қазір министрліктен адамдар шақырамыз деген, сол кісілерді күтіп отырмыз», - дейді Мукушева.
Оқи отырыңыздар: “Бізге адам деп қарап жатқан жоқ”: Аналар мүгедек балаларымен бірге әкімдік дәлізіне түнеуде
Мукушева осы уақытқа дейін кездесуге әкімнің өзі емес, тек орынбасарлары ғана келгенін айтады. Оның сөзінше, аналардың әкімдік қызметкерлері аналардың «әкім қайда, неге келмейді?» деген сұрағына тоғыз күннен бері «Алтай Көлгінов жиналыста» деген жауап айтқан.
Аналар Нұр-Сұлтан әкімдігіне 22 ақпаннан бері түнеп келеді. Олар «көп балалы аналарға үй беру», «ана мен баланың жағдайын жасау», «лайықты жұмыс орындарын ашу» сияқты бірнеше талап қоюда. Бірақ қалалық әкімдік те, «Nur Otan» партиясы да аналарға талаптарын жазбаша тапсыру қажеттігін айтқан.