Өтірікті шындық жеңген күн

Malim Админ

  • 03.03.2020

Расымен де Мұхтар ЖӘКІШЕВТІҢ бостандыққа шығуын ол кісінің өзі және туыстары ғана емес, мыңдаған қазақстандық көптен күтті. Өйткені әу бастан ешкім М.Жәкішевтің қылмыскер екеніне сенбеді. Жәкішевті түрмеде жазықсыз 11 жыл ұстаған билік қанша тырысса да оның қылмыскер екеніне ешкімді сендіре алмады.

Түрмеде азаптау арқылы ШЫНДЫҚ үшін күрескен М.Жәкішевті билік өтіріктің алдында тізе бүктіре алмады. Тізе біктіруге ШЫНДЫҚты ту еткен М.Жәкішев және оның отбасы, адвокат Нұрлан БЕЙСЕКЕЕВ, қоғам белсенділері және санаулы тәуелсіз медиа жол бермеді. Тізе бүктіре алмайтынына толық көзі жеткен билік үш күн бұрын президент Тоқаевтың аузымен Мұхтар Жәкішевті босату туралы сот шешімін алдын ала “әділ шешім” деп сипаттады. Осылайша билік “Жәкішев ісінің” қылмыстық іс емес, нағыз саяси іс екенін ресми түрде мойындады.

Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығуы ешқандай “жылымықтың” белгісі емес. Бұл – биліктің елдегі мәз емес саяси ахуалға байланысты алда күшеюі мүмкін батыс елдері және халықаралық ұйымдардың реакциясына алдын ала жауабы. Түрмесінде саяси белсенділер жұмбақ жағдайда қаза тауып жатқан елдің басшысына ешкім “Нобель” сыйлығын бермейтінін билік жақсы түсінеді. Шеттен шығып кетсе, “Нобель” түгілі швейцариялық банктер мен офшордағы есепшоттары бұғатталып, жеке самолетпен ұшып-қонуға зар болып қалуы мүмкін екенін де түсінеді.

Басқаша айтқанда, АҚШ-тағы Магнитский заңының және соған ұқсас басқа елдердегі заңдардың алдында билік шарасыз екенін өте жақсы біледі. Ел ішінде өзіне сенімді абсолютті билік халықаралық қауымдастықтың мінез көрсетуінен қорқады. Ол қорқынышты кейінгі жылдары саяси бостандық үшін күресіп келе жатқан азаматтар күшейтті. Әсіресе, марқұм Дулат Ағаділдің жұмбақ өлімінен кейін биліктің өз болашағы үшін қорқынышы еселеп өскені анық.

Шын мәнісінде, билік тек халықаралық қауымдастықтың мінез көрсетуінен ғана қорықпайды. Өтірік құндылықтарға сүйенетін қазіргі билік кез келген шындықтан өлердей қорқады. Шындық және шындық үшін бейбіт жолмен күресуге дайын өз азаматтарынан корқады.

Отыз жыл бойы қазіргі саяси режим елді өтірік арқылы басқарып келеді. Басқаруға мүмкіндік бердік. Өйткені өтірік айту шындық үшін күресуден әлдеқайда оңай. Өтірік культке айналған қоғамда өтірік арқылы карьера жасау оңай. Өтірік жайлаған ортада өтірік арқылы жеңіл табыс табу оңай. Яғни, өтіріктен тұратын қоғамда шындықты айтатын адам өзін аутсайдер сезінетін күйге жеттік. Ар-ождан дегеннің не екенін ұмыттық.

Бостандықта жүріп өтіріктің пайдасын көріп жүрген бізге Мұхтар Жәкішев түрмеде азаптала жүріп ШЫНДЫҚ үшін күресудің үлгісін көрсетті. Осы күнге дейін Жәкішев мырза мен оның адвокаты Н.Бейсекеев талай әділетсіз сотта қылмыстық істің негізсіз екенін дәлелдеді. М.Жәкішевтің жары мен қызы түрменің сыртында ШЫНДЫҚ үшін күресті. Кезінде М.Жәкішевтің анасы экс-президент Н.Назарбаевқа денсаулығы нашар баласын түрмеден босатуын сұрап хат та жазды. Баласы үшін шырылдаған анамен бірге жұрт та автократ басшының бойында бір сәтке болса да аяныш сезімі оянатын шығар деп үміттенді. Сөйтіп жүргенде байғұс ана баласының бостандыққа шыққанын көре алмай екі жыл бұрын бақилық болды. Қатыгез жүйе Мұхтар Жәкішевке анасын ақтық сапарға шығарып салуға рұқсат бермеді.

Осылайша 11 жылдың ішінде Мұхтар Жәкішевті қызметінен, бейбіт өмірінен, анасынан және денсаулығынан айырды. Бірақ билік оны шындықа деген сенімнен айыра алмады. Дәстүр бойынша Н.Назарбаевтан кешірім сұрамады. Өйткені ол ШЫНДЫҚ үшін күресті. Ол қуыршақ парламенті,миллиардтар жұмсалатын пропагандасы, арсыз прокуроры, қолбала соты бар билікпен ШЫНДЫҚ арқылы күресті. Оның ШЫНДЫҚтан басқа ешқандай қаруы да болмады. 11 жыл тоқтаусыз күресті. Жеңіп шықты. Өтіріктен жаралған билікті Жәкішевтің шындығы жеңіп шықты.

Егер билік Жәкішевті бостандық шығару арқылы протесті көңіл-күйді басамыз десе, онда қателеседі. Өйткені шындық үшін күрес, саяси бостандық үшін күрес енді ғана басталды. “ҰҚСК” мүшесі Айгүл ОРЫНБЕК менсінбейтін, әр жерде жиналып бейбіт митингі өткізетін 20 адам өтірікке тұншыққан Қазақстанды өзгертеді. Қазақстанның бетін ШЫНДЫҚқа қарай түзетеді.

Өйткені биліктің қаруы – өтірік. Азаматтық қоғамның қаруы – шындық. Биліктің қаруы –қолбала соттар. Азаматтық қоғамның қаруы – шындықтан тұратын фактілер. Биліктің қаруы – қорқыту, үркіту, қамау, азаптау. Азаматтық қоғамның қаруы – шындық үшін бейбіт күрес. Ал шындық пен өтірік күрессе, тіпті Қазақстанның жағдайында да түбінде шындықтың жеңетінін “Жәкішев ісі” көрсетті.

Күніне 40-тан астам таблетка ішетін Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы мәз емес екенін бәріміз біліп, түсініп отырымыз. 11 жылға созылған “Жәкішев ісінің“ қаншалықты абсурд екеніне қарамастан Жәкішев мырзаның отбасы және жақындарымен еркіндікте қауышып, емделуге мүмкіндік алуы қуанышты жаңалық. Бүгін бәрімізге ауадай қажет болған ШЫНДЫҚтың жеңісінің эйфориясын сыйлаған Жәкішев мырзаның тезірек сауығып кетуін тілейміз.

Бүгін Назарбаев & Тоқаев соты "әділ шешім" шығарған күн емес. Бүгін биліктің 11 жылға созылған өтірігін Жәкішев шындығы жеңген күн. Ұзағынан болсын!

Шалқар НҰРСЕЙІТ

Фото: kursiv.kz

Жазба автордың рұсатымен жарияланды.

Байланысты жаналықтар

Айсұлтан Назарбаевтың неден қайтыс болғаны айтылды

25.03.2021

Сыр құрылысшылары мен Арал балықшылары Назарбаевқа саулық тіледі

18.06.2020

Қыл үстіндегі қауіпсіздік: Ресей, Қытай, Қырғызға тәуелді Қазақстан

09.03.2021

Диктатор десең, диктатор бола салады

07.02.2020

Ұлттық кардиохирургия орталығы "Назарбаевқа" сыйға берілді

27.04.2021

Цойдың орынбасары Назарбаевты неліктен Ресей дәрігерлері емдегенін айтты

08.07.2021
MalimBlocks
Айсұлтан Назарбаевтың неден қайтыс болғаны айтылды

Сыр құрылысшылары мен Арал балықшылары Назарбаевқа саулық тіледі

Қыл үстіндегі қауіпсіздік: Ресей, Қытай, Қырғызға тәуелді Қазақстан

Диктатор десең, диктатор бола салады

Ұлттық кардиохирургия орталығы "Назарбаевқа" сыйға берілді

Цойдың орынбасары Назарбаевты неліктен Ресей дәрігерлері емдегенін айтты