Forbes тізімі тағы үш қазақстандықпен толықты
Forbes әлемдегі ең бай адамдар тізімін жариялады. Биыл тізімге Владимир Ким, Болат Өтемұратов, Тимур және Динара Құлыбаевалардан бөлек Қазақстаннан тағы үш адам кірген.
Forbes рейтингісі бойынша Қазақстандағы ең бай адам – "Қазақмыс" иелерінің бірі Владимир Ким. KAZ Minerals PLC мен «Bank RBK» мажоритарийі Владимир Кимнің дәулетін Forbes 4,6 миллиард долларға бағалаған. Ким әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде 622-орында тұр. Былтырғы жылмен салыстырғанда Владимир Кимнің дәулеті 900 миллион долларға артқан.
Forbes тізіміндегі екінші ең бай қазақстандық – «ForteBank» және "Верный Капитал" компаниялар тобының иесі Болат Өтемұратов. Forbes рейтингісінде 891-орында тұрған Өтемұратовтың байлығы 3,7 миллиард долларға жеткен. Былтыр Forbes Өтемұратовтың дәулетін 2,7 миллиард долларға бағалаған еді.
Ал Halyk banki-не иелік ететін "Алмэкс" холдинг тобының иелері, ерлі-зайыпты Динара мен Тимур Құлыбаевтардың байлығы өзгермеген. Forbes деректеріне қарағанда, олардың әрқайсысының байлығы 2,8 миллиард долларға тең. Олар әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде 1111-орында тұр.
Биыл Forbes тізіміне үш қазақстандық жаңадан енді. Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі Вячеслав Кимнің дәулетін Forbes 3,3 миллиард долларға бағалады. Вячеслав Ким әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 925-орында тұр.
Ал оның әріптесі, тізімге тұңғыш рет кірген Kaspi.kz иелерінің бірі Михаил Ломтадзе Forbes рейтингісінде 956-орында тұр. Forbes мәліметіне сүйенсек, Ломтадзенің дәулеті 2,3 миллиард долларға тең. Ломтадзе Грузия азаматы, бірақ оның активі Қазақстанда болғандықтан, Forbes рейтингісінде қазақстандық бизнесмен ретінде көрсетілген.
Былтыр күзде Kaspi.kz Лондон қор биржасына шығып, акцияларын орналастырған. Сол уақыттакомпанияның бір депозитарлық қолхаты 33, 75 долларға бағаланған. Бүгінде компанияның нарықтық капитализациясы 13,9 миллиард долларға жетті. Kaspi.kz иелерінің Forbes тізіміне енуінің бір себебі осы.
Тізімге жаңадан кірген тағы бір қазақстандық – Тимур Турлов. Forbes рейтингісінде 1517-орында тұрған Турловтың дәулеті 2,2 миллиард долларға бағаланған. Тимур Турлов Freedom Holding Corp инвестициялық тобының 73 пайыз акциясына иелік етеді. Бұл топқа "Фридом Финанс" инвестициялық компаниясы, Freedom24 онлайн-дүкені мен Фридом Финанс банкі кіреді. Былтыр Freedom Holding Corp NASDAQ Capital Market-ке шыққан. Freedom Holding Corp тобының бір акциясы 56,61 долларға бағаланады.
Ал әлемдегі ең дәулетті адамдар көшін Amazon иесі Джефф Безос бастап тұр. Оның дәулеті 177 миллиард долларға тең.
Екінші орында – SpaceX пен Tesla негізін қалаушы Илон Маск. Оның дәулеті 151 миллиард доллар.
Үшінші орында – Louis Vuitton және Christian Dior брендтеріне иелік ететін LVMH иесі Бернар Арно. Оның дәулеті былтырдан бері екі еселеніп, 150 миллиард долларға жетті.
Төртінші орында – Microsoft иесі Билл Гейтс. Оның дәулеті 124 миллиард доллар.
Әлемдегі ең бай адамдардың бестігіне Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг кірген. Оның дәулеті 97 миллиард долларға бағаланады.