Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-5

Повесть

Malim Админ

  • 25.06.2021

1. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн (Басы)

2. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-2

3. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-3

4. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-4

Кафе дегені тозығы жеткен темір дүңгіршекті әкеп қоя салған, іші сиыр қораға көбірек ұқсайтын, сыртынан қарасаң, «мына үйдің ішінде адамдар тіршілік етеді» дегенге мүлде сенгісіз, алайда формасы жалмауыз кемпірдің үйіне ұқсап қалатын қараңғы қапас екен. Дәулет кірген жерден көзі бұлдырап, сәл тосырқап тұрып қалды. Мұрнына бір күлімсі иіс келді. Және таныс иіс. Ненің иісі екенін есіне түсіре алмады. Еден сықырлап, аяқ басқан жерің солқылдайды екен. Сол жақ босағаға бүйірі тесіліп шоғы шашыраған, суырмасы салбырап күлі астына түскен бойы самаурыннан сәл ғана көтеріңкі, есесіне мұржасы ұзын пеш қойылыпты. Берік есіктен кіре бере сол пешке осқырына қарап қойды, жүзінен «сен бейшара әлі бар екенсің ғой» дегендей мысқыл байқалды. Пештен өте бере түкпір жаққа сөре қойылыпты да, сөренің артында жалпақ бет сары әйел орналасыпты. Оң жаққа бетіне қарыстай шегемен ұзын тақтай шегеленіп, қолдан добалдап жасалған алты орындығы бар үш үстел орналасыпты. Төргі үстелдің үстінде салфеткалар, көкөністер мен иленген қамыр және бір қызыл термос көзге шалынады. Ол жерге толық қара әйел жайғасыпты. Салфеткаларды бүктеп, көкөністерді аршып, енді бір жағынан ұн илеуге жауапты екен. Жемпірін беліне байлап алған шегірткедей ғана қатпа қара келіншек басына шүберек ораған швабрамен еденді ысқылап әлек боп жүр. Еденді әр ысқылаған сайын тоқылдаған, кейде дүрсілдеген дыбыстар шығады екен. Еденге қара майға малып алғандай күс-күс фанер төселіпті, қанша жуса да, кірі кетпейтін бос әурешілік екенін бірден аңғартып тұр. Мына келіншектің ішке біреу бас сұға қалғанда «бізде бәрі тамаша» дегендей, еден жуа қалатын әдеті сыңайлы. Олар ортаңғы үстелге жайғасты. Дәулет еріксіз төбеге қарады. Төбеге тұтасымен тауық жұмыртқасын тізетін лоток шегеленіпті. Шұңқыр-шұңқыр болып адамның назарын өзіне тартып тұр. Берік «мен тоңдым» дегендей тісін сақылдатып, бүрісе түсіп, сол жақ босаға жақты иегімен нұсқай сыбырлап:

– Анау құдай атқыр пешті мен жасап берейін дегелі үш жыл болды. Мыналардың құлағына кірмейді, – деді. Сөйтті де, төр жаққа мойнын бұрып, бас бармағы мен ортаңғы саусағын сүйкей шырт еткізіп:

– Бізге не бар? – деді.

– Бізде манты, пирожки, жұмыртқа және шай мен нан бар. Мұнда келсеңдерші, – деді әлгі сөренің артындағы толық қара әйел. Екеуі сөренің үстіне үңілді. Пирожкиі кепкен балықтай құрысып, бүйірі қабысып, мантысының сырты езіліп, кей жері аппақ болып мөлдірей қолдырап тұр екен. Дәулеттің қарны шұрқырап ашып тұрса да, бір жағынан, сескеніп, енді бір жағынан намысы бойын кернеп:

– Мен тоқпын, саған серік болып бір кесе шай ішейін, – деді. Берік төрт пирожки және екі кесе шайға тапсырыс берді.

Толық қара әйел термосын көтеріп келіп, шай демдеп жатты. Берік екі пирожкиді әп-сәтте қағып салды да, жұтынып қойып саусақтарының басын шылп-шылп еткізіп сорып-сорып жіберді. Дәулет кербезденіп бір пирожкидің ішін үңгіп жеді де, қабығының жартысын жеп, жартысын қалдырып қойды. Өйткені сырты тастай қатты екен.

** *

Мұндағы иіс бір кездегі Жомарт ертіп баратын, дәретхананың иісі аңқып тұратын асхананың иісіне мүлде ұқсамайды екен. Біртүрлі кеңсірігіңді қабатын күлімсі, ащы, тұтқыр иіс. Бұл иісті алғаш қай жерден сезгені кенет есіне түсті. Мұрнына мәйітхананың, ондағы бұзылған, сойылып қан-жыны шыққан өліктің иісі келді.

Бұл мәйітхананың ішін көзімен көрген. Бір рет аурухана екен деп шатастырып, мәйітхананың ішіне кіріп кеткені бар. Сонда тура өліктің үстінен түскен. Бір орыс жігіті өлікті мұздай суық бетонға шалқасынан жатқызып қойып, үстіне шелекпен қайта-қайта іркілместен мұздай суды құйып жатыр екен. Осылай етсе тіріліп кетердей-ақ шапшаң қимылдап және қимылын еш тоқтатпастан су шашып жатыр. Арасында бұған қарап қояды. Өлік үстіне әр рет шашылған судың екпінімен дір ете түскені болмаса, кірпігін де қимылдатпастан көкпеңбек тұздай көзін аспанға үрейлене қадап, аузы жартылай ашылып қимылсыз жатыр. Денесінен аққан су қызылкүреңденіп, беті бұйраланып, бетон бетімен баяу сырғиды. Дәл сол сәт мұрнына осы бір иіс келген. Ол иіс бұдан гөрі қоюлау болатын.

 

** **

Берік тынымсыз қимылдап, қалдық темірлерді үлкен бір темір бөшкеге толтырып, оған сыймағандарын бөлек жинап жатты. Қарап тұрмай Дәулет те оған көмектесіп жүрді. Берік зілдей шойын темірді көтерсе, Дәулет те елпеңдей жүгіріп бір жағынан демейді. Берік ұсақ трубаларды бір жерге үйіп құшақтай көтерсе, Дәулет те сөйтіп, бірақ киімім былғанып қала ма дегендей сақтанып, құшағын кең алып бүкшеңдей жүгіреді. Берік жерге сіңіп кеткен бармақтай темірлерді сұқ саусағымен тырналап қазып шығарса, Дәулет те солай тырналап қазып алып бөшкеге лақтырады. Сөйтіп жатып Берік бұған «еңбекпен келген мал тәтті» деп күбірлеп қояды. Бұл болса «иә, иә» деп басын шұлғиды. Бір кезде мұның көлеңкесін көрсе құрақ ұшатын, мұның даусын естісе тыпыршып отыра алмайтын Берік енді не десе де, бұл басын шұлғымауға дәрменсіз еді. Осы кезде үлкен бір бітеу жүк көлігі шегініп келді де, артқы сандығын ашып, жерге таразысын түсірді. Бұлар әлгі бөшкені сол таразыға қойып өлшеп, сосын өлшенген темірлерді көліктің артына төгіп, қайта толтырып, қайта өлшеп жатты. Сатып алушы темірдің әр өлшенген салмағын дәптеріне жазып, Берік болса ұмытып қалмайын дегендей жаңбырда тұрып сыртын әбден тот басқан пештің үстіне темірдің сынығымен шиқылдатып жазып жатты. Осылайша жарты сағаттан астам уақыттың ішінде іс тынды да, аналар Берікке 30 мың теңгені санап беріп, қол алысып тайып тұрды. Ақша әлі де Беріктің қолында жүр еді. Дәулет «оны маған береді-ау» деп түйді. Бірақ Берік олай істемеді. Дәулетке қарап күлімсіреп: «Адал еңбегіңмен тапқан ақша сондай ыстық. Адал еңбегіңмен сатып алған ақшаға жеген тамақ бар ғой, айтсам сенбейсің, сондай тәтті», – деді. Сөйтті де, бір-екі рет сіңбірініп алды. Сосын, ақшаны ішкі төсқалтасына салып, сыртын бірнеше рет басып-басып қойды. Одан қайтып «ләм» деп ауыз ашқан жоқ. Бірде алай, бірде бұлай желпілдеп жүгіріп жүрді. Бірде әлдебіреулерге барып амандасып, қауқылдасып әңгімелесіп, енді бірде дөңгелегі түсіп қала жаздап, қиралаңдаған ескі арбасы бар шай сатып жүрген әйелдермен қалжыңдасып, шайдың ақшасын бермей, «бүгінге саудам болған жоқ» деп қарызға жаздырып, оларды құйрыққа шарт еткізіп салып қап, енді бірде қол астындағы жігіттерге Дәулет түсінбейтін тілде бұйрық беріп жүрген еді.

Дәулет болса оқшауланып, адамдар жүретін тар батпақ жолда өткен-кеткендерге ығыса жол беріп, жылағалы тұрған адамдай бет әлпеті күреңітіп, құлазып тұрған. Өзін жер бетінде артық адамдай, айналасындағылардың барлығы бұған қарап қарғыс жаудырып тұрғандай жасқана жапақтап тұрды. Бір сәт Берікке қарады. Оған қарап өкпелегісі келді. Бір сәт ойланып тұрды да, оны қатты аяды. Бір кезде туфлиі жылтырап костюм киіп, қылғына галстук тағып шырт түкіретін, қолына папка ұстап, шашынан хош иіс бұрқырап, бетінің ұшы жылтырап, шалбарының қыры пышақтай болып аудиторияға кіріп келгенде, 200 студент бір жолда тау теңселгендей дыбыс шығарып орнынан тік тұрып құрмет білдіретін, тоқ балтыр студент қыздар «ағай, ағайлап» соңынан жүгіріп жүретін болашақ академиктің енді келіп «қараңғы базарда» бетін темірдің оты жеп, қып-қызыл болып жұлмаланып, әр жерін күйік шалған қалың шалбарының бөксесінен мақтасы салбырап, түйенің табанындай май сіңген аяқкиім киіп, қолы мен ерні тілім-тілім, суық қарыған денесі дірілдеп, жасына жетпей қартаң тартқан, аузына не болса соны көмейлете тыққыштап, ұртын толтыра шайнаңдап, жылынғысы келіп қара шай сатып ап, ыстық болған соң іше алмай, екі қолына кезек ауыстырып, өткен-кеткендерге дәмелене қарап «пеш алыңыз, бізде жақсы пеш бар» деп мұрнын пыс-пыс тартып қойып тұрған, ал жүргіншілер болса «жоқ, бізге пеш керек емес» деп, қолында бір стақан қара шайы бар, көзінен дүниеге деген «шексіз махаббат» оянған тым жұпыны осы бір адамға мүсіркей қарап өтіп бара жатқанда Берікке қарап тұрды да, жаны тіптен азаптанып, жүрегі тордағы торғайдай шырқырап кетті. Сосын, оған дауыстап:

– Берік, мен кеттім, – деді. Анау осыны күтіп тұрғандай-ақ, бір секунд ойланбастан:

– Жақсы. Жоқ боп кетпей келіп тұр, – деді. Дәулет кетіп бара жатып «енді сені көрмеспін» деп ойлады. Бұл кезде бағанағы жеген пирожкидің ашыған картошкасы асқазанын қарып бара жатқан еді. Содан болар, қарнының ашқаны есінен шығып кетті. Десе де, миы сыртына ағып кетердей солқ ете түсті.

** *

Дәулет қатты қамықты. Ол шошқа түрткендей қорыс-қопасы шыққан қараңғы базарларды бұрыннан жек көретін. Енді тіпті жек көрді. Тіптен көңілі қалды. Көлігіне отырды да, алақанымен бетін басып еш мақсатсыз, еш үмітсіз ұзақ ойланды. Сосын, селк етіп есін жиды да, сипаланып телефонын іздей бастады. Есіне Құмар түскен еді. Ол Құмардың визиткасын қолына алып, телефон нөмірін тере бастады.

– Алло, інім, жаман ағаң қарбалас болып кетіп жеңгеңді есінен шығарып қойған жайы бар. Ренжімей үйге айраныңнан, құрт-ірімшігіңнен жеткізіп берші. Иә, осы қазір жеткізіп берші. Сенде не бар, соны түгел жеткізіп бер. Қымыз ба, шұбат па, барлығын жеткізіп берші. Оның ақшасын жеңгеңнен алмай-ақ қой! Берсе де алмай-ақ қой! Өзім берем. Осы бір-екі күн қатты қарбаласпын. Саған өз қолыммен апарып берем. Екеуміз терлеп отырып бір шай ішерміз.

– Иә, мақұл, осы дәл қазір апарайын. Міне, кетіп барам, – деген дауыс естілді телефонның ар жағынан.

Ол өзін сәл жеңілдегендей, тынысы кеңігендей сезінді. Ешқайда, әуелі үйіне де барғысы келмей, көлік ішінде омалып сүтпісірімдей ойланып отырды. Кенет «Ғалымға барам» деген бекімге келді. Оған қоңырау шалды. Әуелі қайда екенін сұрап білді, көңіл күйінің жақсы екенін де ептеп аңғарды. Содан көлігімен өрлей жөңкіліп, құйын боп заулады.

 

** *

Долдана төпелеп тұрған көктемнің құтырық жаңбырына малшына, киімі етіне жабысып, сауда ғимаратының артқы қабырғасындағы есіктен жертөлеге түсіп бара жатты. Жертөленің кіреберіс дәлізіндегі оймақтай бөлмедегі кішкентай төсектен тыртысқан шолақ қара шалбар киген тығыршықтай қара қатын басын көтеріп, оған күдіктене, тіксіне қарады. Бұл жертөле монша еді де, анау моншашы әйел-тұғын. Дәулеттің кімге келгенін білген соң барып жүзі жібіп, иегімен түпкі бөлмені нұсқады.

Ол ішке кіргенде кішкентай үстелді қоралай диванға жайғасқан жалаңбұт төрт жігіт отыр екен. Төртеуі де дамбалшаң, төртеуі де жайдары, төртеуі де масаңдау екен. Мұны көріп олар даурығып, езулері жиылмай құрақ ұшып ығысып, Дәулетті төрге сүйреледі. Біреуі – оның бала кезден бірге оқып, біте қайнасқан досы Ғалым. Ол әрі сері, әрі асқан жомарт жігіт. Өңді, қалталы, шешендігінің арқасында ол жүрген жер думансыз, ол жүрген жер сауықсыз болмайтын. Әйелқұмарлығы, қыз көрсе сілекейі шұбыратыны болмаса, өмірінде ешбір әйелге шынайы ғашық боп көрген емес. Өткен жылы ғана жасы қырыққа ілініп әрең үйленді дегенін елден естігені болмаса, Дәулет оның «үйім, күйім бар» дегенін өз аузынан естіген емес. Екіншісі – Жандос. Ол Дәулетке тіптен жақын. Өздерін былай қойғанда, әке-шешелері бірге өсіп, бір сыныпта оқыған. Тіптен арғы аталары жорықта бірге жүрген десетін. Ерні дүрдиген, маңдайы кере қарыс, ешкімге не пайдасы, не зияны тиіп көрмеген. Ешкімді алдамайтын, ешкімге құйрық ұстатпайтын, ақша тауып қатын-бала баққаннан арыға бара алмайтын бұл ақ құба жігіт аяқастынан қалай байып шыға келгені күңгірт. Техника сататын білдей компанияның директоры-тұғын. Дәулетті көрсе ырсың-ырсың етіп, қутыңдап қағытып тиісе беретін әдеті бар болатын. Үшінші жігіт таңертең Жомарттың қасынан көрген бейтаныс еді. Мыналардың Дәулетке құрақ ұшқанын көрген соң ол да төменшіктеп Дәулетке «сіз» деп көпшік қоя сөйлеуге көшкен. Ал адамға жылмиып, күлімсіреп, тесірейе қарайтын төбе шашы селдіреп, кеудесін жүн басқан, бет терісі сары сиырдың желіні реңдес төртінші жігітті Дәулет мүлдем танымады.

– Дубайдан келген досым (аты Дәулеттің есінде қалмады), – деп таныстырды оны Ғалым.

– Жақсы келдің. Бұл қонағымыздың арқасында басымыз бір қосылатын болды. Оның құрметіне алып қой!

– Мм... қуаныштымын. Өздерің ала беріңдер, – деп қойды Дәулет. Қонақ бұлардың қасында көп отырған жоқ. Бір бокал сыраны сіміріп тастап, жылыстап жуыну бөлмесіне қарай тайқып кетті. Дәулет енді оның құрғақ орамалмен арқасын ысқылап жүргенін тамашалап отырды. Олар бір ауық даурыға әңгімелескен соң, дау-дамай басталды. Ол дау-дамайды Жандос бастап, Дәулетті шарпып өтіп, Ғалымға шүйлікті. Терең тақырыптарды қаузап, адамзат мәселесін сөз етісті. Дәулет тым көңілсіз еді. Олардың неге мұнша қырықпышақ болып отырғанымен жұмысы болмады. Тәрелкедегі чипсиден, дәннен әлсін-әлі іліп ап, «Коладан» жұтып қойып отыра берді.

– Қыз шақырамыз, – деді Ғалым. Сөйтті де, әлдебіреулерге қоңырау шалды да, даусын сыртына шығарып қойды. Ар жағынан қыздың даусы естілді. Дәулет жезөкшенің даусы кинодағыдай сайқал шығады деп ойлаушы еді. Алайда қыздың даусы сондай қоңыр сазды, салмақты естілді.

– Алло, бізге қыз керек! Иә, жас қыз керек.

– Иә, қателеспедіңіз.

– Қаншадасың?

– Он тоғыздамын.

– Сұлусың ба?

– Түсінбедім.

– Сұлусың ба деймін?

– Енді ... мен... өзімді қалай мақтай алам?

– Десе де... адам өзін біледі ғой. Әдемісің бе?

– Әдемі..мін...

– Бізге өте әдемі қыз керек! Ақшаға көмеміз. Өте әдемісің бе?

– Өте әдемімін деп айта алмаймын.

– Айта алмағаны қалай?

– Орташамын.

Жандос Ғалымның қолындағы телефонды жұлып алды да, баса салды.

– Бұлай қыртуға болмайды. Менде де бір нөмірлер бар. Қазір көресің.

Ол телефонымен бейтаныс бір нөмірді тере бастады. Даусын сыртына шығарды.

– Алло! Қарындас, сіз секілді қас сұлу қыздардан екеу керек.

– Қас сұлу екенімді қайдан білдіңіз?

– Даусыңыз айтып тұр, хи, хи, хи...

Даусымды естімей жатып қас сұлу дедіңіз ғой, хи, хи, хи!

– Мынау қалай? – деді Жандос Ғалымға, – күлкісі тәуір екен. Пысық сияқты. Осыны алсақ қалай? Кейде сұлуынан пысығы жақсы, хи, хи, хи...

– Болды, алдық. – Ғалым көзі күлімдеп сыраны бірінен соң бірін сімірді. Жандос қызға мекенжайды түсіндіріп әлектеніп жатты. Сыраны сіміріп болған Ғалым тың жаңалық ашқан адамдай көзі тіпті де күлімдей түсіп:

– Бері қара! Қонақтан ұят болмасын. Қонаққа сұлу қыз салып беру ата дәстүріміз ғой! Қыздар келсін! Егер түрлері ұнамай қалса, бес-бес мыңнан қолдарына ұстатамыз да, жолға саламыз. Сосын тағы шақырамыз. Күн әлі ерте, – деді. Сөйтті де, Дәулетке енді көрген адамдай шақшия қарап:

– Мынаны қара! Мынаның томсаруын қара. Ей, сен түсін. Анауың мықты жігіт. Менің Дубайдағы ошағымды сол қыздырып жүр. Қыздың біреуі соған, енді біреуі саған. Көңілді отыр, – деп жауырынынан қағып-қағып қойды. Оның демінен Дәулеттің бетіне сыра мен картоп иісі сіңген жып-жылы леп келді.

 

** *

Ақ жауын себелеп тұр. Дала қарақошқылданып, түтіге тұманданып, демін ішіне тартуда. Дәулет мағынасыз ойға шомып, жауыннан тасаланып жалғыз тұрған. Ол ішіп алған болатын (соңғы кезде ішпей жүрген). Аналардың қоярда-қоймай қолқалауымен біраз сілтеп жіберіп, өкініп тұрған жайы еді.

Екі қыз шұқанақты өкшесімен шалпылдатып, абайлап басып, бүрісе түсіп жақындап келе жатты. Үсті-басы малмандай су. Біреуі бойшаң әрі семіз, енді біреуі қырып алар еті жоқ тарамыс. Семізі үстіне кең етек көйлек киіпті де, иық жағы мүлдем жалаңаш. Аяғында бақайына ғана әрең ілініп тұрған өкшесі биік тәпішке киіпті. Желкеден қырқып, бос жіберген шашы жабағыша ұйпаланып, бетін жауып қалған. Өзі жауында қалған ешкідей селк-селк етеді. Жұпыны киінген тыриған арығын Дәулет ұрғашы бөденеге ұқсатты.

– Сауна астыда ма? – деді Дәулетке жабырқай қараған екеу. Дәулет тіс жармастан тұра берді. Олар сәл тосаңсып тұрды да, астыға түсіп кетті. Сәл тұрып, Дәулет те астыға беттеді. Жалаңбұт төртеуі қыздарды қоршай отырыпты. Үшеуі жайнаңдай түсіп сөзге тартып отыр да, қонақ болса оларға меншіктенген көзбен мөлие қарайды. Шет жақтағы орындықтан (қашан келіп алғаны белгісіз, шешініп үлгерген) саны жүн-жүн Жомарт пен қан-сөлсіз денесі сазандай аппақ боп мойны қылқиған Құмарды көрді. Олар да мұны көрді. Жомарт иегін қозғалта басын изеп, қолын кеудесіне апара ыммен құрмет білдірді. Құмар жүгіре жетіп ыржың-ыржың етті. Кірдің, қолаңсаның, пар бөлмеден шыққан будың иісіне спирт иісі қосылып, Дәулеттің құсқысы келді. Басы зеңіп, қарақұсы солқылдап ауырды.

– Үлесімді беріңдер, – деді Ғалымға қарап. – Ей, сен де миыңа құйып ал, – деді Жандосқа қарап көзін шақырайтып.

– Қойсаңшы, – деді Жандос салмақты кейіпке көшіп, нығыздала қозғалып, – ханымдардан ұят болмасын. 

– Мына жезөкшелерден бе? – деді Дәулет үстелді періп қалып. Үстел теңселді де, «Кока-коланың» бос ыдысы жерге құлап түсіп, дыңғырлай домалап бара жатты. Оны қыздың біреуі жерден іліп ап, екі алақанымен аялай қысты. Ғалым күлімсіреген кейіппен сықсия қарап:

– Тағы бастадың ба? Бұл монша ғой. Моншада моншаның, клубта клубтың, дәретханада дәретхананың, ал кітапханада кітапхананың әңгімесі айтылуы керек. Ал сен базардың әңгімесін көкіп, біздің көңіл күйімізді түсіріп отырсың. Білесің бе, базардың әңгімесін... Қыздардың көңіл күйін түсірмейік, – деп, Дәулеттің санынан асау аттың сауырынан абайлап қаққандай қағып-қағып қойды. Сөйтті де, үлкен тәуекелге барған адамдай салмақты қимылдап, барсеткасынан шытырлаған бір бума ақша шығарып алып (Дәулет ақшаға көзінің қырымен қарап іштей күрсініп қойды), ішінен бес мыңдықтан екеуді суырып алды да, қыздардың санына бес-бес мыңнан қоя салды. 

– Тәк, сұлу бикештер, сендер қайта беріңдер, бүгін жолдарың болмайтын сыңайлы, – деді. Арығы семізіне өкінген түрмен жапақтай қарады да, семізі сұп-сұр боп кетті. Екеуі орындарынан көңілсіз көтеріліп арттарына бұрылмастан, бір ауыз тіл қатпастан, көзден тез-ақ таса болайықшы дегендей сыртқа асығыс шығып бара жатты. Дәулет есіктен шығып бара жатып арық қыздың құныса бүрісіп, сүлкіні түсіп, жауырыны шодырая бүкірейіп, семіздің иығына басын сүйей қолтықтап алғанын көріп қалды. 

– Тәк, мыналар жүрегімді айнытты, – деді Ғалым Жандосқа қарап. – Сенің тапқаның. Тым көріксіз. Өңшең апалар. Бұлай болмайды. Қазір өзім табам, – деп телефонына үңіле түсіп, әбігерленіп жатты. Дәулетке қарамастан, сөйлей жөнелді. Айтылған әр сөздің Дәулетке бағытталғаны бәріне түсінікті еді.

– Бәрі босәурешілік. Босқа арам тер жұмсау. Адам деген қай-қайдағыны шатып-бұтбай ірі жұмыс істеу керек. Ұсақ-түйекті айту кімге керек, осы... Қазір, Жәке, мен саған сұлу қыздардың нөмірін тауып берем.

Дәулет орнынан тұрды да, пар бөлменің кіреберісіндегі сырты кафельмен қапталған сөреге шалқалай жатты. Сөре ып-ыстық болатын. Белінен өткен жылу денесін жіпсітіп, буын-буынын идіріп, көзін жұмып ойға шомды.

– Сүйсініп жатырсың ба? – деді қонақ жігіт қасына келіп ыржия күлімсіреп. – Жата бер. Жата түс. Бүйрекке пайдалы, – деді. Сөйтті де, анадай жерге барып арқасын ысқылай бастады.

(Жалғасы бар)

Байланысты жаналықтар

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-4

24.06.2021

Ең ақырғы күн -3

23.06.2021

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн

21.06.2021
MalimBlocks
Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-4

Повесть

Ең ақырғы күн -3

Повесть

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн

Повесть