Тоқсан тоғыз хат (Басы)

Қайғылы махаббат хикаясы

Malim Админ

  • 23.07.2021

...Аспан мен жердің ғана арасын жалғайтынын біле тұра қолынан шарды ұшырды. Шарға жіп байланған, жіп ұшында хат салбырап барады. Тоқсан тоғызыншы хат және соңғы.

                                                                        ***  

Құлқын сәріден қозғалысқа енген ескі велосипедтің дөңгелектеріне көз ілеспейді. Күзгі даланы бетке алып, зымырап келеді. Ауық-ауық сықырлай беретіні болмаса, «ескімін» деп тұрған жоқ, кәдуәлгі көліктерден кем түспейді. Жүйткіген желдей. Көлеңкесінің өзі кешіге жаздайтын қос шеңберліге қарсы ұшырасқан таңғы самал тізгіншінің ақ самайын аймалап, бұйра-бұйра шаштарын әлсіз ғана желпіп қояды.

Сықырлауық велосипед тақымдаған ару асығыс. Асыққаны – арманы. Қиялының көкжиегінен менмұндалап мақсаты тұр. Санасынан  самғаған ой-көбелек Алатаудың етегін шарлап кетер еді. Бір мезет өзін жұлдызға балап, табанасты фотомодель болып шыға келетін. Аспанды емес, алып Алматыны нұрға бөлейді-міс. Сұлу бейнесі бар суреттерін көше жағалай тізіп қойып, сылаң қаланың сымбатын әспеттеп бағушы еді. Ойша... Жәй ғана ой. Құр елес, бірақ соған иланатын. Бір күні болмаса, бір күні орындалатынына сенетін. Шүбәсіз.

Анадайдан мұнартқан арманның кезегі ертеңгі күннің еншісінде. Бүгінше қыз тұлпарын қалалық пошта есігінің алдына аялдатып, өзі ішке басын сұқты. Шығысында кеудесіне қиғаштай ілінген сөмке, сөмкеде лық толы хат-хабар, неше алуан сәлемдемелер бар еді.

Пошташы қыз былайғы ел аманатын иығына өңгеріп, тар көшені бойлай желіп барады. Велосипед тіреуіші жиге тигенше қыздың тынымсыз ойы төңіректі түгел түртіп шығатын әдеті. Бұл жолы күннен-күнге ауырлап бара жатқан, тесігінен тиын өткен сайын тұншығатын ақша жинайтын құтыны айналышықтай берді. «Қанша теңге болды екен», - дейді сұраулы сыбырмен. Дәрігер айтқан соманы жинай алармыз ба? Тағы да сұрақ. Санасында үміт пен күдік майданы. Көңілі күпті. Көкірегін қырып күрсінді. Ауыр демнің астарында бір дерті бар. Он сегізге енді толған бойжеткенді сарсаңға салған дерт. «Мидың қатерсіз ісігі» дейді дәрігерлер. Қажетті ақшаны таба алса, әп-сәтте алып тастайтындарын да айтқан. Перзентінің пешенесіне шапталған сырқат әкені алысқа, Атырауға арқалантты. Қызының еміне ақша табу үшін өмірінде оталдырып көрмеген трактор рөлін қолына алды. Ал анасы... анадан қайыр да, қайран да жоқ. Балаларын жетімсіретіп тастап, қайырылмай кеткелі үш жыл. Әр ұяға жұмыртқалап, көкке көтеріле кететін көкек құсындай болған анасын қыз жүрегі жақсы көруді доғарғалы да үш жыл. Тек екі інісін ойлап қамығады. Байғұс балапандардың аналарын сағынып, кейде ешкімге көрсетпеген сыңаймен көздерін сығып алатындары бар. Сондайда бірін-бірі мүйізгектеуге құмар кішкентайлар бауырмалсып, он жасары екі жас кіші інісін өбектей жөнелетін. Осының бәрі қыз түйсігіне түндік боп тұтылып, қою қараңғылыққа сүңгіте салады. Бағанағы қалықтаған бейшара көбелекті сұм ойлар құзғын қарға боп жаныштап тастағандай әсерленуші еді.

Велосипед айдаған күйі терең ойға шомып кеткен қыз қақ алдынан аяқасты шыға келген жаяу жүргіншіні көргенде ғана есін жиып алды. Майып қылып алмайын деген ниетпен рөлін қалбалақтата бұрып қалған еді. Болмады. Екеуі екі жаққа қалпақтай ұшты. Ауыр велосипедтің астынан аяғын тартқылап жатып:

– Көзіңе қарамайсың ба? Мұрнының үсті жиырылыңқырап: – Әрі-беріден соң, велосипед жолағында не жоғалтып жүрсің? Әлде ана жол тарлық етіп жатыр ма? –пошташы қыз алған жарақаты жанына батқанын білдіргісі келгендей аузына келгенді аталап бақты. Шашылған топан қағазын әупірімдеп жинап жатқан жігіт өз қайғысымен әуре, қарсысындағы қыз өңешін қырып өкірді не, бақырды не, шыбын шаққан құрлы көретін емес. Жердегі парақшалардан қолына ілінгенін жиып алды да, кербез жылқыдай керіле жүріп кетті.

– Ә-әй, бұл жолы қыз дауысы өзгеше, тарғылдана шықты. Әлі ұзай қоймаған жігітке жетіп барып, қолынан жұлқылап тоқтатты.

– Тым болмаса, аузыңның ұшымен «кешір» деуге сасың келмеді ме? Көрсеткен қылығына күйіп кеткені сондай, екі қасы қабыса, еріні шүртиіңкіреп: – Қалай дәтің шыдап кетіп бара жатсың, а? Азарлана түсті.

Жігіт сонда да міз баққан жоқ. Қыз да тілін тістеді. Екеу арасында мүлгіген тыныштық. Құдды тіл байлаулы, тек көзбен түйісіп тұр, жанарларын тайдырмай ұзақ қарады бір-біріне. Қыз ашумен қадалса, оған төнген жанар не жасырып тұрғаны тылсым. Кенет:

– Көздерің әдемі екен? – деп бұлтсыз күнгі найзағайдай тарс еткізген жігіт өз жайымен жөнеп кетті. Бойжеткен қаққан қазықтай қақиып қалған. Тостақандай көздері бадырайып, әлгінің бейнесі қарауытқанша қарап тұрды. Кескін-кейпі жөнінен жігіт те осал емес болатын. Бой-сойы келіскен бозбала қызды әдемілігімен, яки әлегімен дел-сал күйге түсіргені тағы белгісіз. Лезде тынық жел сәл тыныстап, жігіттен қалған сарқыт қағаздардың бір жапырағын алдына үрлеп әкелгені сол-ақ екен, қабағы ашылып, қыртыстары жазылып, жадырап сала берді. Ол төменнен «Кастинг! Моделей ищем на фотосессию!» деп орысша хабарлама жазылған жарнама қағазын көтерді.

                                                                   ***  

Ызың-шу, қым-қуыт. Кастинг өтетін зал араның ұясындай құжынып жатыр. Қасы-көзі қиылған, шетінен қылдырықтай алпыс қаракөз. Алпысының алпыс түрлі өнері бар, «кілең сен тұр, мен атайындар». Сөз берсе, тиектері ағытылып-ақ тұр екен, бірі орысша, бірі қазақша қара сөзден қамшы өреді дерсің! Көмекейі бүлкілдеген шешендердей көсіле сөйлейтін сөзшендерден әзер дегенде сөз ауысып, пошташы қызға да кезек тиді. Толқыншашты қыз толқыды ма, әйтеуір біраз кібіртіктеп барып, дауысы сәл дірілдей:

– Менің есімім – Зере, деп бастады да, өз жайынан тарқатты. – Жасым он сегізде. Мектепті биыл бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне түскенмін. Қазіргі таңда Тарих факультетінің 1-курс студентімін. Арманым – фотомодель бо... –дей берегенде есік тырс-тырс етті. Сырттан қағылған дауыс шықты да, ауыр қозғалатын есік шиқылдады. Ар жағынан бүтін залдың назарына шомылып, серілерше сән-салтанатпен теңселе түнеукүнгі «кербез жігіт» кіріп келді. Қыз аң-таң, аузын буған өгіздей үнсіз. Ізін ала бере сайыс ұйымдастырушыларының бірі қолын соза орнынан түрегелді.

– Міне! Өзім де осы жаңа сені сұрастырып отыр едім. – Жігітті өзіне таман тартып: –Көп кешіктің ғой, бала?! Мұндайың жоқ еді, әлде қыздарға қырындайын деп қырық құбылдың ба, а? – деп әзіл-шыны аралас қағытпасымен отырғандардарды ду күлдірді.  Басы қипақтаған жігіттің жауабы жымиюмен шектелді.

– Жә, уақытымыз көп емес, – әлгі кісі сөзін қайта жалғап кетті. – Бұл жігіт біздің талантты фотографымыз. Аты – Тұрар. Бүгінгі кастингтен іріктелген жеті сұлуға телінген жеті серінің бірі осы бала, – деді де «жалғастыра беріңдер» дегендей иегін  жоғары көтеріп, емеурін танытты.

                                                                  ***

Ымырт үйірілген шақ. Тастай қараңғы көшемен Зере келе жатыр. Сүлесоқ күйде, арасында жер тебініп қояды. Ашумен.

– Неге тап сол жігіт? – әр сөзін қадап, нық-нық айтты. – Алпыс қыздың ішінен суырылып шыққанымды қайтейін, алты жігіттен біреуі бұйырмай, алғашқы күннен-ақ арпылдасқан адамға қосып қойса... Үйіне қайтар жолда аузы көжедей қайнап, күңкілдеумен болды. Тұрармен әріптес болғаны қуанышын су сепкендей басқанға ұқсайды. Әдеттегідей қабағынан қар жауып тұр. Пәтер есігін топсасымен жұла жаздап, табалдырықтан сілкіне аттады. Үй іші көзге түртсе көргісіз, бір өлі тыныштық, тек Саят пен Ерасылдың пысылдаған дауысы ғана естіледі. Зере ақырын жарықты қосты. Әпкелері кешіксе, өз қамдарын өзі жасап, құшақтаса ұйықтап қалатын екеуі бүгін екі жақта дөңбекшіп жатыр.

– Еее, бүлдіргілер, тағы төбелестіңдер ме? Зере бауырларының көрпелерін қымтап жатып, зілсіз жекіп алды. Кішкентайы, Ерасыл кеудесіне бүктеулі қағазын қысқан күйі пысылдап кеткен. Ол жәй қағаз емес-ау, біраз жайттан сыр суыртпақтайтын қолжазба іспеттес. Мектепке барғалы Ерасылдың ермегі осы. Реті келсе, хат арқылы тілдескенге қайлы. Бүгін де солай.

 «Зереш әпкеге хат. Біз тамағымызды жеп алдық. Сабағымызды да оқыдық. Енді ұйықтайын деп жатырмыз. Хат жазуымның себебі Саят мен ұрды. Қазандағы тамақты ботқа десем ол палау дейді. Мен палау емес ботқа дедім. Сөйтіп таласып жатқанда ол мені аямай ұрғылады. Ертең оған түсіндіріп айтшы палау емес ботқа екенін». Мән-мағынадан жұрдай болса да, бүлдіршіннің арызы мен өтінішін арқалаған хат Зерені күлкіге қарық қылды. Суық жүзіне жылу жүгіріп, көздеріндегі түнек тұтылды да, маңдайынан күн күлімдеді.

                                                                  ***

Шаруаның шаш етектен екенінен хабар беріп, таңертеңгі оятқыш күндегісінен ерте шырылдады. Кешегі кастингтің жыры әлі жалғасуда, күнді күнге, айды айға соғатын түрі бар. Әдепкі фотосессия тауда, «Фурманов шыңында» өтетін көрінеді. Бір жағы сол, екінші жағынан Тұрармен жұмыс істейтіні тыным бермеген соң, құлықсыз, ештеңеге беттей алар емес. Біресе бері, біресе әрі аунап ұзақ жатқанының кесірінен бар ісін шала-шарпы шайқап шықты. Сөйтіп жүргенде межелі уақыттан кешікті. Үстіне ілінген киімді кие салған, көрген адамның күлкісін келтіретіндей ғып, басында қызыл телпек, аяғында ұзын, қып-қызыл етігімен ортекелерше шауып келеді. Тұңғыш президент саябағы аялдамасында дырылдап тұрған автобус «сәнқой» қыздың табаны табалдырығына тиген бойда орнынан зу ете қалды. Қалтарыста киіп шыққан киімдерінен қысылды ма, әйтеуір басқасы аздай беті де қызарып шыға келді. Басын төменге салып, автобустың артына таман тез-тез жылжыды да, терезе жаққа  жайғасты. Айғыз-айғыз терезеден айналасына көз тастап еді қып-қызыл ұятының ізі де қалмады. Ұзақ жолдың түпсіз ойға жетелейтіні бар. Бірақ Алматының табиғаты ойлануға мұрсат бермейді ғой, шіркін! Қыраттар, биік құздар, жағалай өскен шыршалар-бәрі санаға нәзік тыныштық ұялататынын айтсаңшы! Тауға көтерілем дегенше қара тер, қан сорпасы шыққанымен саф ауа өкпені бір аралап өтсе, алпыстағы қарт алты жасар баладай орғып кетер еді.

Фурманов шыңы! Зере кең тыныстады. Ұшар биікке көтерілгеніне ұшпаққа шыққандай мәз. Езуі жазылыңқы. Көз ұшын әлде де биікке жіберген: «Фурманов шыңы» деп тағы қайталады. – Арманымның шыңы да алыс емес, оған да жетермін, –деп шабыттанып тұрғанда ұйыған қатықты қозғап қалғандай:

 – Поштабай, мында кел! – жігіт дауысы жарқын-жарқын шықты. Қыз атын атамағанымен, «дәу де болса мені шақырды-ау» – деген күмәнмен артына бақса, қолын бұлғап тұрған Тұрар екен.

– «Поштабайы» несі-ей, мынаның есі ауысқан ба? Зере екі иығын жұлып жеп, төменге жетіп келді. – «Поштабайды» қайдан шығардың тағы? Қанша жұрттың көзінше бақырып, тіпті! Терісіне сыймай, жарылуға аз-ақ қалған.

– Несі бар екен? Жарасымды-ақ өзіңе! Жә, теке-тіресіп тұратын уақыт жоқ. Жұрт дейсің, сол «жұрттарды» қарашы, әне, әлден іске кірісіп кеткен. Сенің жүрісің мынау, – Тұрар өктемдік танытпаса да, ерке қызға өзін тыңдау керек екенін ұқтырғандай болды. Жан-жағын бажайлаған Зере әріптесі һәм басшысының растығына көзі жеткен соң, долылау мінезін тиып үлгерді. Ымыраға келген екеу сәтті фото шығаруға қайым орын тауып, заттарын ыңғайластыруға көшкен.

– Айтпақшы, әнеукүнгі қылығымды айып етпе. Тұрар саймандарын әзірлеп жатып: –Негізі, ондай әдетім жоқ-ты, сол күнім қаурыт басталған соң..., – деп жігіт ернін жымқырды.

– Не деген мәдениетті еді өзі! Зере кекесін танытып, күбірлеп қояды.

– Не дейсің?

– А? Жоқ, ештеңе емес. Сен де кешір, кішкене сабырлы болуым керек еді.

Қыздың дауысы сенімсіз естілсе де, жігіт ізетпен басын изеді, «кешірдім» деген ишаратпен.

Бір майданнан соң, таудағы фотосессия тәмәм болды. Ендігі екеудің мақсаты-ауқаттанып, жыланын қайтару. Аузын қу шөппен сүртіп Зере отыр, тіске басатын жылы-жұмсақтың бәрі Тұрардың сөмкесінен төгіліп жатыр.

– Әжем ғой! «Тауға шықсаң, ашығып қаласың» – деп түнімен пісірді осыларды. Мә, мынау ең дәмдісі, үлкендеу бәлішті Зереге ұсынып тұрып, қалың қастарын қиқаң еткізді. Зере ұялғаннан ырымын жасап:

 – «Өзінің қыз сиқы жоқ екен» деп ойлап қалған боларсың, ойымнан тарс шығып кетіпті. Алас-қапаста не істеп, не қойғанымды білмей қалмасым бар ма? Үстімдегі киімім де біразын қыран-топан қылды-ау, шамасы?

– Керісінше, мына стилің ерекше екен, – деп күлімдеп, Зеремен көзі түйісе қалды. Қызға тән қылықпен Зере жанарын тез тайдырып әкетті. Манағы сөзі ұятының шоғына дем бергендей аяғын етегіне тыққыштап әлек болды. Тұрар да дереу әңгіме ауанын ауыстырып:

– Түйіндемеңді қарап шыққанмын... Тарих факультетінде оқиды екенсің ғой?

– Иә, –Зере басын изеді.

– Мына шың туралы не ойлайсың? –төтелей сұрақ қойды.

– Фурманов шыңын айтасың ба?

– Тап өзі! Неге Фурманов? Неге Алаштықтардың атын бермеске? «Бөкейханов шыңы» десе, керемет болар еді. Қалай ойлайсың?

– Бұл тек тарихшының құзіретінде емес қой. Миығынан күлді де: – Десе де, игі ой екен, бұрын-соңды басыма келмепті де, – деген таңдасын жасырмады.

Көкейінде «кербез, қуыскеуде» ретінде жатталған жігітті Зере мүлде басқа қырынан танып, пікірі жүз сексен градусқа ойысты. Оқығаны мен түйгені көп Тұрар серіктесін тез-ақ баурап алды. Тауда басталған әңгіме автобуста да жалғасын тапты, қайдағы мен жайдағыны сөз еткен екеуі де жеке өмірлері жайында жақ ашпады. Ары асып, бір-бірінен тықақтап сұрауға батпаса керек.

Іңір түскен мезгіл. Таудан қайтқандардың барлығы автобустан түсіп, үйді-үйіне тарқасты. Қызыл телпегін басыңқырап киген Зере бұйра шашын әурелеп келеді. Одан жарты метр қашықтықта Тұрар. Джентельмендерше қызды есігінің алдына шейін әкеп тастаған түрі.

– Арғы күні үй жалдап, кеш өткіземіз. Келетін шығарсың, иә? Тұрар Зереге қарай мойнын қисайтып, қиыла сұрады. Қыз да кетәрі емес.

– Негізі, отырыспаларға көп қатыса бермеуші едім, әртібінен хабардар етіп алған соң, подъез есігін ашып жатып:  – Бірақ, ойланып көруге болады, – деп қулана сөйледі де, ішке қарай жүгіріп кетті. Артынша есік те тарс жабылды. Ерсі де болса, сүйкімді қылығына жігіт сүйсіне басын шайқап қала берді.

Жексенбі таңы. Үш ағайынды дастархан басында астарын ішіп отыр. Әдеттегідей азан-қазан болып жататын таңғы ас. Айналдырған екі шуылдақ жан-жағын үйітіп отыратын әдеті баяғы.

– Сен екеуің қоясыңдар ма, жоқ па? Тыныш қана тамағымызды жей алмайтын болдық қой, –әпкелері дүрсе қоя берді. Қанша айтқанмен үлкеннің аты үлкен, жыбырлақтардың мысын басуға дәрмені жетіп-ақ тұр. Үй іші құлаққа ұрған танадай тына қалды. Тек ыдыс-аяқтың шылдыры естіледі. Көп ұзамай бұл тыныштықты Саят бұзды.

 – Әпкеееееу, маған екі мың теңге берші, –деп еркелей сұрады.

 – Не істемекшісің сонша ақшаны?

 – Анау, біздің көшені сыпыратын атаға беремін. Кеше жанынан өтіп бара жатып, қолғабы жыртық екенін байқадым. Бүтінін сатып алсын дегенім ғой!

– Жоқ, ол жаман атаға берме, – деп Ерасыл сөзге араласты. Ол маған шеколадтың қағазын тастағаным үшін ұрысқан. Сондай жаман адам.

– Өзің ше, Ерасыл! Қоқысты көшеге лақтырып, жақсы нәрсе істедім тұрсың ба? Ұрыспақ түгілі, ұрып тастаса да ренжіме енді, Зере Ерасылға жетесіне жеткізіп біраз кейіп тастады. Саят та қалыс қалатын емес:

– Мына сен сияқтылардың артын сыпырам деп-ақ жыртылған шығар қолғабы, –деп ақылды ұл ағалығына салынып, қолғаптың жайын қозғап қояр емес. Ақыры екі мың теңгесін алып ол кетті, ойын қуалап Ерасыл кетті. Екі бөлмелі үйде Зере жалғыз. Бүгін кешке болатын жиынның қамымен әуре. Не кием, не істеймін деп дел-сал. Шефонерін түгел ақтарып шығып көңілге қонымдысын тапқанына мәз. Айнаның алдында екі сағат тұрып әрленгені тағы бар. Соңында не  керек, шаңқай түсте бастаған шаруасы шам жағылғанда бір-ақ бітті. Әйтеуір, жүгіріп жүріп бауырларының күйін келтіріп те үлгерді. Үлкеніне кішісін аманаттап, есігін сырттан бекітіп, межелі жерге бет түзеді.

Қызылды-жасылды жарық, даңғырлаған музыка. Зеренің төбе құйқасы шымырлап бара жатыр. Құмырысқадай үйірілген қауымның арасынан Тұрарды іздеп әлек. Көзі-көр, құлағы-тас керең адамдай орнынан тапжылар емес. Арлы-берлі қозғалған жарық жалқы тұрған жігіттің жүзін жалап өткенде ғана көптен іздеген Тұрары көзіне оттай басылды. Бұрыштағы жігіттің жанына бармақ болып еді, ішкі дауысы: «Қыз басыңмен қақшаңдап не көрінді?» деп тоқтатты. Ұлы айқай, ұлы шу. Зере жалыға бастады. Қайтып кетуге тағы құлқы жоқ. Манағы бұрышқа көз қиығын салса, көңіл делбегендей жұбанышы Тұрар ізім-қайым жоқ. Сол заматта шынтақ тұсынан біреу тартқылап, көп арасынан тысқа шығарып алды. Онысы Тұрар екен.

Жалығып кеттің ғой деймін, иә? Айқалап сөйлегенімен Тұрардың дауысы әлсіз естілді.

– Иә, кішкене ішім пыса бастады, – Зеренікі де дәл солай, дүңк-дүңк еткен әуен сөйлеуге мұрша берер емес.

– Жүр, ендеше, сыртқа шығайық, – Тұрар Зеренің қолынан ұстап, далаға алып шықты. Мұнда көліктердің шуылы болмаса, құлақты тесетін музыка жоқ, іштен тұншығып қана естіліп жатыр. Тұрар үйден алыстап, Зерені одан әрі сүйрелеп барады.

– Қайда бара жатырмыз? –дауысы үзік-үзік шықты.

– Сәл шыдасаң етті. Маңайда ботаникалық бақ бар екенін білетін шығарсың? Сонда барамыз. Осындай қараңғыда ол жақ тіпті әдемі болып тұрады.

– Тауыпсың ақымақты. Айналасы қоршау, қалай кірмек ойың бар?

– Қорықпа! Бірінші рет келуім емес.

Тұншыға естіліп тұрған музыка құлақтың түбінен үзілген, қол ұстасқандар біршама алыстап барып баққа жетті. Тұрардың «құпия есігі» осы жолы да айқара ашылып, екеуі оп-оңай ішіне кіріп кетті. Қараңғы болса да, айтса айтқандай, бақ іші басқаша күйге енеді екен. Тұрар зеңгір көкке қарап отырып:

– Алматының аспанын жек көретінім-ай! – деді мұңды үнмен. Зере әуелі Тұрарға, содан соң аспанға көз тастап:

– Неге жек көресің? –таңдана сұрады.

– Бала кезімде бұл өмірден озғандар, аспанда жұлдыз боп жарқырайды дегенді көп еститінмін. Бірақ жоғарыдан жақындарымды, яғни әке-шешемді таппай жылай беруші едім...аспан жұлдыздарымен көрікті ғой! Көмейіне өксік тығылғандай, дауысы әрең естілді. Зере қайтадан Тұрарға қарады. Үндемеді, бірдеңе деудің де реті жоқ. – Кейде әжем қанша өбектеп жатса да, әкенің айқайын, шешенің жұмсақ шапалағын аңсаймын. Сағынамын... Бақандай он екі жыл өксікпен өмір сүріп келемін. Өмір сүрудің түк мәні жоқ мен үшін. Әжем болмағанда, мүмкін...

– Сандырақтама! Қайдағы жоқты шақырып. Білемін, ата-ананың орны бөлек. Бірақ сенің денің сау, он екі мүшең түгел. Тәубеңе кел, тағдырыңа нали бергенше, – Зере көз жасын ұстай алмай қалды: – Менің де анам-тірі өлік сияқты. Әкемді өзгеге айырбастап кеткен, бізді тастап, – еңкілдеп жылай бастады. Тұрар өзін жазғырып:

– Жыламашы, Зере! Кешірші! Мен бұлай айтамын деп ойламаған едім. Қалай болғанын өзім де байқамай қалдым. Жыламашы енді, – Тұрарды жұбатам деп отырып, өзі ағыл-тегіл болған қызды бақтағы талдар да уатқысы келгендей жапырақтарын төменге тастап, шашын жанап өтіп жатыр.

(Жалғасы бар)

                                                                                                    Гүлсезім Байсалбай

 

Байланысты жаналықтар

Бишімбаевтың түрмеге түскен күні камераласымен әңгімесі жарияланды

10.04.2024

Қасқыр-адам

14.07.2021

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Сол келіншек

14.06.2021

МАДИНА ОМАРОВА. МЕНІҢ ҚАҺАРМАН ШӨБЕРЕМ

10.06.2021

Қойшыбек МҮБАРАК. Сәулетші

08.06.2021
MalimBlocks
Бишімбаевтың түрмеге түскен күні камераласымен әңгімесі жарияланды

Камераласы экс-министрмен әңгімені жасырын жазып алған.

Қасқыр-адам

Әңгіме

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Сол келіншек

Әңгіме

МАДИНА ОМАРОВА. МЕНІҢ ҚАҺАРМАН ШӨБЕРЕМ

Әңгіме-монолог

Қойшыбек МҮБАРАК. Сәулетші

– Ағатай, мына орында отырған апа түсіп қалды ма? – деп едім, ожырая қараған ол: – Бауырым, есің дұрыс па? Қандай кемпір? Осында сөмкеңді әкеліп қойып, өз-өзіңмен күбірлеп арт жаққа кетіп қалдың...