Дәрігерлер қорғансыздың күнін кешіп жүр

Айшолпан КЕРІМ

  • 20.12.2021

Денсаулық сақтау саласына басшылар келіп, кетіп жатады. Келген басшы үлкен жоспарын жариялайды. Кеткен басшыдан есеп алып жатқан ешкім жоқ. Қылмыстық іске ілінбей кетсе, соның өзі абырой. Ал қатардағы  мыңдаған дәрігерлердің мәселесінің жаңғырығы дүркіреп келіп, күбірлеп кеткен министрдің жаңалығынан асып түскен емес. Асып түссе де дәрігерді сотқа жыққандардың немесе оларға қоқан-лоқы көрсеткендердің дерегі ғана айтылып жатады. Ал жәбір көрдім деген дәрігер сөзін ести бермейміз. Неге? Бүгінде дәрігерлер қорғансыздың күнін көріп жүр ме? Әлде, керісінше, көмек сұрап барғандарға қанаушы ретінде қараушылар ма?

QMed ұлттық медицина палатасының директоры Әкім Тұрсынмен осы мәселеге қатысты аз-кем әңгіме құрған едік.

- Дәрігер ретінде айтыңызшы, біздің қоғамда дәрігердің мәртебесі бар ма? Құрметті кәсіп пе?

- Бір сөзбен айтсам, жоқ.     

- Неге?

- Пандемия басталғанда билік бастап, халық қоштап, дәрігерлерге көңіл бөліп, жұмыстарын сөзбен болсын бағалап, қаһарманға теңеп жатты. Бірақ пандемия бәсеңдеген сайын қоғам бұрынғы әдетіне оралып, медицина қызметкері де сол бұрынғы кебіне келді. Жалпы, біз пандемиядан сабақ алмаған сияқтымыз. Бұл енді үлкен тақырып. 

Ал жалпы қарайтын болсақ, біздің халық дәрігерлерге біртүрлі қарайды. Сенбейді. Ұрысып, мұқатып, ақыл үйретіп келгісі кеп тұрады. Мұғалімдерге де осылай қарайды. Бірақ, ұстаздардың жағдайы біздікінен жақсы. Олардың мүддесін қорғамаққа тиісті министрлік жұмыс істеп, заңдарды өзгертіп, әрекет етіп жатады. Ал денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлері үшін бірдеңе істеуге тырысқандай болады, бірақ оның бәрі сөз күйінде қалып,  іс жүзінде бәрі бекерге айналып кете береді.

QMed ұлттық медицина палатасының директоры Әкім Тұрсын - Malim

- Мұғалім мен дәрігер бюджет қызметкерлері болғанымен, жауапкершіліктері әртүрлі ғой. Соған орай мәртебе беріліп, құқықтары қорғалуы тиіс емес пе?

- Бізде осыған ешкім көңіл бөлмейді ғой. Мұғалім жұмысын кемсітейін деп тұрған жоқпын, олардың да еңбектері ауыр. Бала оқыту өте үлкен жауапкершілік. Бірақ күллі білім беру жүйесі бір ізге қойылған. Мұғалім мен ата-ана немесе бала арасында тартыс жоқ деуге де болады. Ал бізде жағдай басқаша. Өйткені үнемі өлім мен өмірдің ортасында жүреміз. Көп жағдайда науқастар ауруын асқындырып бірақ келеді. Немесе көршісінің иә болмаса, интернеттің ақылымен дұрыс емделмей, дертіне дерт қосып келеді. Келе сала, дереу емделіп, құлан таза айығып кетуді күтеді. Тіпті, талап етеді. Ал сол дерті көп жылдан бері жиналғанын, асқынғанын, оның бір күнде оңай жазылып кете салмайтынын түсінгісі келмейді. Ауру адамда не  көңіл күй болсын, көбінің сіркесі су көтермей тұрады. Осындай жағадайлардың көптігінен жұмыс кезінде түрлі конфликт болып жатады. Қызметкерлер арасында немесе пациент пен дәрігер келісе алмай, кейде дауға ұласып жатады. Бірақ көп жағдайда сақтандыру қоры шартына сәйкес тұтынушы құқығын қорғау алға шығып кете береді. Осы себепті конфликт жағдайында дәрігердікі дұрыс болса да, дау тұтынушы пайдасына шешіледі.  Осыдан келіп, қоғамда дәрігер кінәлі екен, демек, олар сауатсыз деген көз-қарас қалыптасып жатыр. Ал мұндайға жол бермес үшін дәрігер құқығын қорғауда әлі талай жұмыс жасау керек. Оның бәрі қазіргі таңда кәсіподақ міндетінде болуы керек.

- Қалай ойлайсыз, біздің медицина қызметкерлеріне арнайы құқықтық қолдау шарасы қарастырылуы, арнайы омбудсмен тағайындалуы керек пе?

- Иә, ол міндетті түрде қажет нәрсе, арнайы ассоциация немесе қоғамдық ұйым құрылуы керек. Өзіміздің жоспарымызда бар. Алдағы уақытта дәрігерлер құқығын қорғап жүрген белсенді азаматтар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, осы мәселені қолға алғалы жатырмыз.  

Оқи отырыңыз: Біртанов бастамасы. Дәріханалар заңнан неге қорықпайды?

- Жоғарыда өзіңіз атаған медицина қызметкерлері кәсіподағының жұмысын қалай бағалайсыз? Олардың басты міндеті не? Жұмысын дұрыс атқарып жүр ме?

- Кәсіподақ қазір позициясынан шатасып қалды: мейрам күні сыйлық беру, санаториялық шипажайларға жолдама алып беру дегендей жұмыстарға басымдық беріп, сол қалыптан шыға алмай жүр. Ал негізгі жарғыға сәйкес, қызметкерлер құқығын қорғау кәсіподақтың басты міндетіне кіреді. Дәл осы себептен де дәрігерлер құқығын қорғайтын ұйым құру мәселесі үлкен маңызға ие болып отыр. Мүмкін кәсіподақта тәуелсіз адамдар болса, жұмысы жақсы болар ма еді? Тәуелсіз адам болуы үшін, ол жақта әр ұйымнан басшылық ұсынысымен қойылады дегенді өзгерту керек болар. Әрине, құқықтық тұрғыдан мүлдем көмек жоқ деп айта алмаймыз, бірақ жеткіліксіз. 

- Соңғы бес жылда 5 мыңдай дәрігер елден көшіп кеткен екен. Мұның себебі конфликт жағдайда дәрігердің қорғансыздығы немесе жалақысының мәселесі емес пе?

- Рас, кету себебі - дәл осы мәселелер. Ауруханада дау шығып, дәрігерге қатысты іс қозғалар болса, басшылық пен ұжымның беделіне нұқсан келуі мүмкін жағдай болса, бұл әлгі дәрігердің жеке мәселесіне айналып, ұжым мен басшылық көрмегендей, естімегендей, оқымағандай боп отырып алады. Алайда кетіп жатқан мамандардан не үшін кеткенін сұрар болсақ, дәл құқықтық кемшілікті себеп ететіндер тек үштен бірі шығар. Көбі жүктеме сағат, әлеуметтік пакет сынды артықшылықтарды айтпағанда,  қоғамдағы дәрігердің қадірсіздігін айтады. Он-он бес жыл оқыған мамандық қадірсіз болса, жалақысы мардымсыз болса,  күні-түні ауруханадан шыға алмай, отбасын көрмейтін болса, дәрігер шетелге кетпегенде не істейді?

- Дегенмен, қоғамда дәрігерлер ақша алғанды ғана біледі пікір бар ғой.

- Рас, бұл мәселені айту керек. Талқылау керек. Дәрігерлерді неге осындай күйге жеткізді? Бұл өте ауқымды сұрақ. Себебі көп. Мәселен, бізде дәрігерлер жетіспейді. Бір дәрігер кем дегенде үш-төрт дәрігердің жұмысын істейді. Сонысына орай көп айлық та алмайды. Бірақ, күн сайын үстемесі көп жұмыс істегендіктен жұмысының сапасы да кетеді. Дәрігер жетіспегендіктен ұзын-сонар кезектен қашқан науқастар таныс іздейді. Оның соңы айғай-шуға ұласады. Медицина жүйесіндегі осы олқылықтарға жеке дәрігер кінәлі емес деп білем.     

- Мемқызмет десе бірден ойға мұғалімдер мен дәрігерлер келеді. Алайда өзіңіз соңғы жылдары дәрігерлер мәртебесі төмендеп, ал мұғалім жұмысының маңызы артып жатқанын айттыңыз. Мүмкін мәселе министрліктің жұмысында болар?

- Рас, сөзіңіздің жаны бар. Мұғалім мәртебесін көтеруде жасалып жатқан жұмыс көп. Өткен жолы Семейде мұғалімдерді тал түбін әктеуге шығарғанда, мәселеге министрліктің өзі араласып, өңір әкімдігін “мұғалімдерді қоғамдық жұмысқа неге саласыңдар?” деп сөкті. Ал дәрігерлер мәселесі қалай болып жатыр? Дәрігерлерге қатысты дау-дамай аз емес, бәріміз білеміз. Алайда осы күнге дейін оның бірде-біріне министрлік араласып, бас көтерген емес. Аурухана ұжымы немесе дәрігер мен науқас арасында да түрлі шиеленіскен жағдайлар орын алса, министрліктің сол оқиғаға пікір білдірген кезі болған емес. Мүмкін, пандемияда ұрыс-керістерге қарайтын уақыт та болмаған шығар, білмедім… Былтыр ковидпен алысқан қаншама дәрігер ауырып қалды. Уәде етілген 2 миллион теңгені  үштен бірі ғана алды. Министрліктің өзі медицина қызметкерлерін осындай сергелдеңге салып отыр ғой.

Бірақ меніңше, бұрынғы министр Е. Біртанов дәрігерді қорғау мәселесінде белсендірек еді. Пікірін айтып, жағдайын сұрап, өзі барып, көріп жүретін. Қызметкерлермен, медициналық университет студенттерімен кездесіп, мәселені шешуге тырысатын. Ал одан кейінгі министрден Алексей Цойдан ондай әрекет байқамадық. Жаңа министр нендей жобамен келетін көрерміз. 

Байланысты жаналықтар

Сабындыдағы жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы айтылды

17.11.2024

Елімізде жылына 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады

29.10.2024

Шымкенттегі медицина: биыл бірнеше орталық ашылып, бөлімшелер іске қосылды

24.10.2024

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылары жауапкершілікке тартылды

11.10.2024

Физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды

07.10.2024

Жедел жәрдем тәулік бойы қызмет көрсетпеуі мүмкін бе? Министрліктің жауабы

26.09.2024
MalimBlocks
Сабындыдағы жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы айтылды

Ал жарылыстан үш адам қаза тапқан

Елімізде жылына 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады

Бүгін – бүкіләлемдік инсультке қарсы күрес күні

Шымкенттегі медицина: биыл бірнеше орталық ашылып, бөлімшелер іске қосылды

басты мақсат – медицина саласын жоғары деңгейге көтеру.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылары жауапкершілікке тартылды

Физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды

Сыйлық гендік белсенділікті реттеудің негізгі принципін ашқаны үшін берілді

Жедел жәрдем тәулік бойы қызмет көрсетпеуі мүмкін бе? Министрліктің жауабы

Денсаулық сақтау министрлігі жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрық жобасын әзірледі