КОРОНАВИРУС (әңгіме)

Malim Админ

  • 28.04.2020

Қасиетті Рамазан айының үшінші күні сәресін ішіп болғаннан соң бір құлаш жіпке асылып өлдім. Шығыстан қызара бөртіп таң атып келеді екен. Сол таңға ілесіп, жерге жарық түскенше о дүниеге аттанып үлгергім келді. Өлейін деп, тектен текке өме қаппайсың ғой. Ұзақ жылғы күйзеліс... ақыры міне, алып жықты. Өзімді дарға қалай асқанымды, жанымның қалай қиналғанын суреттеп зәреңізді ұшырмай-ақ қояйын.

Иә, рас. Бұған дейін сүреңсіз өмірім күйзелтіп, жұмыстан қажысам, арзан ойын, арзан күлкіні лезде тауып алатынмын. Тегінде ақшасы бар адамның досы көп. Сыралас та, діндес те жолдастарым жетерлік еді. Бұрын ел жұма намаздан қайтып бара жатқан кезде орталық мешіттің дәл қасындағы кеңсемнен ұрланып шығып, сыраханаға төте тартушы едім. Сенбінің демалысын осылай жұма күні бастап кететінмін.

Әдетте сыраханаға бет алсам болды, мешіттен қайтқан діндес достарыммен кездесіп қаламын. «Ниет қабыл болсын» деп жылы шырай танытатын олар. Құлшылығымды қарқ қылып тастаған адамдай «әумин, әумин» деймін мұсылман кейіпке ене қойып.

Мұсылман кейпім өзіме ұнайды. Ұнамағанда ше, мынау намаздан шыққан қара-нөпірдің бәрі бұ пақырыңызды періште-адам деп ойлайды. Қолтыққа жайнамазын қысып алған осы намазхан бауырларым менің сыраханаға кетіп бара жатқанымды білмейді-ау, білмейді. Білсе, Құдайға лағынет айтар ма еді?! Жо, жоқ, өйтпейді, олар... Көкке қолын жайып, дұға етіп, Алладан тауқит жолына келуімді сұрайды. Жай сұрай салса болады ғой, мен үшін көз жасын көл қылып тілеу тілейтіндерін қайтерсіз? Күлкілі-ә!

Ал, тілектері қабыл болыпты делік. Сонда не өзгереді? Күніне төрт-бес құты сыра ішілмей қалар. Жұма күні мешіттегі жамағат қарасы бір адамға көбейер. Ну и что...

Күн төбеден аунап, ылдиға қарай сырғығанда осы көшеден тек періштелер керуені жүріп өтетіндей бетіме күлімсірей қарайды, барлығы. Мен де сыр бермей, Көк базарға қарай аяғымды сүйрете басып бара жатамын.

«Ау, халайық, мынау сорлы мешіттен шыққан жоқ, бұл сыраханаға кетіп бара жатыр» деп айғай салып біреу тұрар ма еді деп армандайтынмын. Сонда Пушкин мен Мәметова көшелерінің қиылысында иентірескен қалың жамағат жер бетінде өздерінен басқа да адамдар бар екенін білер ме еді?

Рас, мен басқа адаммын. Иіріп апарып қораға қамайтын қой да емеспін, қайырмалап суатқа түсіретін мал да емеспін. «Көппен көрген ұлы той» дейтін шығарсыз. Көп адасты екен деп, алжасатын жөнім жоқ.

Көне бір әуен құлағыма талып естілгендей болады. Мұңды бір әуез баяу ғана боздап, жанымды баурап барады. Құранның үні ме, жоқ, әлде қобыз сарыны ма? Ажыратып болғысыз. Сөйтсе де, ішкі жан-дүнием сол музыканы іздейтін. Ылғи да үйде оңаша қалғанда құран тыңдайтынмын. Күн-түн демей осы бір қасиетті үнді тыңдай бергім келетін.

Бұл не күш, Құдай-ау, не құдірет? Өлең дейін десең, өлең емес. Жыр дейін десең, жыр емес... Әйтеуір, ойыңды тұңғиық бір тереңге батырып жіберетін дүлей күші бар. Сол дүлей күштің сырын ашып беретін бір адам бар ма, жалғанда.

Молдалар дейсіз бе? Молдалардың уағызына тойып, кекірігім азғалы қашан. Мен молда атаулыны жек көрем. Жоқ, соңғы жылдары о байғұстарға деген қатқан көңіл жібіді. Өзіңіз ойлаңызшы, ақылды, білімді, озат балаңызды молда етер ме едіңіз? Оллаһи-білләһи, есім-сойы елге мәлім молданың ұрпағы бола тұрып нәсілімнің баба жолына түскенін құптай алмаймын. Сіз де сөйтесіз, білем. Қобырайған қара шапан киетін, өзі жете түсінбей жатып,  ертегі-уағыз айтатын, қарға-құзғындай өлім күзететін молдадан не қайыр, не үміт?

Менің өлі денем оларға сый-ақ болсын! Ойбу, асылып өлген адамның жаназасы да шықпайтын еді ғой. Әй, жарайды. Бәрібір көмеді ғой. Құр сүлдерімді бердім, соларға... Ал, ішімдегі Құдайыма иелік етуге молданың хақысы бар ма? Мен таныған Тәңір, мен таныған Алла имамның аузына ілінгенде соншалық нас, соншалық қытымыр, соншалық қаныпезер болып кететіні неліктен?

Мен бірінші сыныпқа барған жылы еліміз ешкімге керек болмай қалып, тәуелсіздік алдық. Сол жылы ауылдың шал-шауқаны жұртқа сауын айтып, мешіт салды. «Мешіт деген немене?» деп сұраймын үлкендерден. «Құдайдың үйі» дейді олар. «Сонда біз Құдаймен көрші боламыз ба?» деймін таңданып. Менің бала сұрағыма жауап таппай қалып қиналады, олар. Сосын, ауылдағы парктің аумағынан еңселі мешіт салына бастады. «Құдаймен кездесіп қаламын ба?» деген оймен сол жерде күнұзаққа жүремін. «Алла өзіне арнап салынып жатқан үйді келіп көрер» деген алдамшы үміт осы маңға жіпсіз байлап қойған.

Мен Құдайды сол күйі көре алмай қалдым.

Мешіт ашылды. Мешітті ашуға келген ауданның бас имамының уағызы санама төңкеріс жасады. Алланың бар һәм бір екеніне көзім жетті. Жаратушы ием жүрегіме дендей еніп мәңгілікке орнығып алғандай әсерге бөлендім.

Сол жолы бас имам ауылға арнайы жіберілген жас молданы таныстырды. Бар болғаны жиырма жасқа енді толған молда-баланың жанарынан нұр төгіліп тұрғандай еді. Мен сол имамды әулие тұттым. Алдында отырып, құран әліппесін үйрендім. Ақыры ол бір қызды жүкті етіп қойып, ауылдан аластатылды.

Мен асылып өлгенге дейін сол жас молданы жиі еске алатынмын. Ақылы толыспаған жас жігіттің қателесуге хақысы бардай көрінетін. Оны мен әулие тұтқаныммен, Құдайдың жаратқан пендесі емес пе? Пенде неге қата баспауы керек? Ауылдағы жетпіс жыл Құдай жоқ деп қақсаған кәммүністерге зина жасауға болады да, әруаққа жаназа оқып, құран-қатым түсіретін жиырма жасар имамға жар құшуға болмай ма?

«Алас, алас, алас» деп бала-молданы ауылдан қуған мына біз «әулие кейіпті», «періште текті» жаратылыспыз да, ақ пен қараны ажыратпай жатып дін жолына түскені үшін ол «шайтан қалып», «ібіліс-текті» мақлұқат болғаны ма?

Жоқ, кез келген адамның күнәсін таразыға салуға ешкімнің де хақы жоқ. Оны ақтауға да болмайды.

Қолыма шұбартып жіп алып жатқан кезде осыны ойладым. Міне, мен асылып өлдім. Сосын, сосын, мына сіздер жерден жеті қоян тапқандай өлімімді талқыға саласыздар. Тіпті, кінәні тым биіктен іздеп, мемлекетті кінәларсыздар. Құдайдан келген ажалыма өзгелерді айыптап отырып, мені күнәден пәк-таза періште етіп жіберетіндеріңізді ойладыңыздар ма?

Мәйітханадан сүйегімді алуға туыстарым келді, әне! Дәрігерлер «бұл кісінің қанынан коронавирус жұқтырғаны анықталды. Сүйекті әкете алмайсыздар» деп еді, олардың іштей қуанғанын байқап қалдым.

«Асылып өлді» деген қара таңбадан құтылып, кінә короновирус індетіне қарай аунап түсті. Ағайынның абыройы үшін мен міне, тәжтажалдан көз жұмған болып шыға келдім. Осы дерттен көз жұмған жиырма алтыншы адам боламын ба, отыз бесінші адам боламын ба, оны мемлекет шешеді...

Рас, соңғы айларда арақты аузыма татып алмадым. Көппен бірге жұма намазынан да қалмайтын болдым. Ораза да ұстадым. Бірақ, қырық күн бойы үйде қамалып отырып, іштегі жалғыздық дерті тағы қоздады. Бірақ, бұл жолы оны арзан ойын, арзан күлкімен басуға арым жібермеді. Сондықтан да, «Рамазан айында ажал құшқан адам жәннатқа барады» деген уағызға сеніп, әдейі осы айда жіпке жүгініп отырмын. Ол аз болса, қасиетті айда «шайтандардың шындығында шынжырланып қалмайтынын» дәлелдегім келді.

Қанат Әбілқайыр

28 сәуір, 2020 жыл

Байланысты жаналықтар

Жұмабай аға айтатын жылы сөз

09.10.2020

Жастар қалыптасқан көркемдік эстетикадан жалыққан

26.04.2020

Алты құрлық

19.04.2020

Автобиографизм мен псевдобиографизмге әуестік өзін ақтай бермес...

14.09.2020

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ. Шал

23.12.2020

Сарсаңмен өткен сол бір кез... (Жалғасы)

06.04.2020
MalimBlocks
Жұмабай аға айтатын жылы сөз

Жастар қалыптасқан көркемдік эстетикадан жалыққан

Алты құрлық

Автобиографизм мен псевдобиографизмге әуестік өзін ақтай бермес...

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ. Шал

Сарсаңмен өткен сол бір кез... (Жалғасы)