«Әшімбаев спикер болғаннан ешнәрсе өзгермейді»

  • 04.05.2020
  • Қанат Тілеухан

Сонымен, шұғыл жиналған сенат отырысында Мәулен ӘШІМБАЕВ спикер болып сайланды. Екі сағат бұрын ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ жарлығымен Мәулен ӘШІМБАЕВ сенат депутаты болып тағайындалған еді.

Дариға НАЗАРБАЕВАНЫҢ өкілеттілігі 2 мамыр күні тоқтаған еді. Содан бері бос тұрған сенаттың кезекті басшысына қатысты түрлі болжамдар да айтылды.

МӘЛІМ КЗ сайты тілшісіне сұхбат берген саясаттанушы Дос КӨШІМ бұндау ауыс-түйістерге еті үйренгенін айтады. Және одан ешнәрсе өзгере қоймайды дейді.

«Сенат төрағалығына Дариға Назарбаева былтыр ғана келді. Енді аяқасты кетіп қалды. Оның себебін ешкім айтқан жоқ. Бір нәрсені бүлдірді ме, әлде, басқа қызметке ауысуына байланысты кетті ме. Өркениетті елдерде бұндай қызметтегі адамның отставкасы елге түсіндіріледі. Бізде жұмысына рақмет айтып шығарып тастады. Дариға Нұрсұлтанқызы өзі де айтқан жоқ. Мен жалпы ауыс-түістерге қатысты пікір білдірмеймін. Өйткені одан түк өзгермейді. Және бұл үйреншікті жағдай. Мәулен Әшімбаевтың ұлттық идеология бағытындағы жұмысын қолдаймын. Бірақ ол да осы жүйенің адамы. Ол ешнәрсе өзгерте алмайды. Саяси жүйе өзгермей, еш нәрсе өзгермейді. Бізде сол баяғы совет үкіметіндегідей бір бөлменің ішіне 40-50 адам отырып алып, өз білгендерін жасап отыр», - дейді саясаттанушы Дос Көшім

1995-1997 жылдары Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған саясаткер Балташ ТҰРСЫНБАЕВ Мәулен Әшімбаевты жас күніне білетін айтады. Алайда, ойы саясаттанушы пікірімен үндеспейді.

«Мәулен Әшімбаев білімді һәм зиялы жігіт. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған кезімде Мәулен  менің қарамағымда істеген. Ғылыми атағын өз күшімен қорғаған жігіт. Өзгелердің қалай қорғағандарын білеміз ғой. Жалпы саясатта орындаушы және қоғамға керек саясат жүргізетін қайраткерлер болады. Бұл біріншісіне жатады. Содан кейін Мәулен Әшімбаевтың 100 млн доллар тұратын Лондонда сарайлары жоқ. Қоғамға пайдасы да, залалы да жоқ адам ғой. Сондықтан спикерлікке келіп жатыр», - дейді саясаткер Балташ ТҰРСЫНБАЕВ.

Осылайша, Қазақстан парламенті тарихында Мәулен САҒАТХАНҰЛЫ ең жас сенат төрағасы болып отыр. 49 жастағы саясаткер бұған дейін президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болған. «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, президент көмекшісі, президент әкімшілігі төрағасының орынбасары сынды лауазымды қызметтерді атқарған.

Байланысты жаналықтар

500 мың адамдық наразылық: Навальный жақтастары митингке дайындалуда

24.03.2021

Сайлаудан кейінгі митинг

05.10.2020

Жаңа жолдауды ескіше қолдау

02.09.2020

Ильхам Әлиев комендант сағатын енгізді

27.09.2020

Сәтбаевтағы жанжал бойынша үкім оқылды

14.05.2021

АҚШ: «Ресей билігі - еркіндік сүйетіндердің бәріне жау»

19.12.2020