Депутат: Жемқорлыққа қарсы қызмет әкімге пара бергізбек болды

Malim Админ

  • 15.05.2020

Дархан ӘБДІХАМИТОВ – жеке кәсіпкер, Алматы облысы Талғар аудандық мәслихатының депутаты, бұрын ҰҚК-да қызмет істеген, аға лейтенант. 2019 жылдың 18 сәуірінде Алматы облысы бойынша жемқорлыққа қарсы агенттік оны пара алды деген айыппен ұстаған. Бірақ, Дархан өзін кінәлі еместігіне сенімді. 6 ай бойы уақытша тергеу изоляторында жатса да, ештеңе дәлелдей алмаған жемқорлыққа қарсы қызмет ақырында оны босатуға мәжбүр болады. Дегенмен, іс әлі де жабылмаған. Бұл істе ол өзінің жеңіп шығатынын, қандай жағдайда да соңына дейін баратынын айтады. Өзін ұстағандардың үстінен қарсы арыз берген, бірақ, облыстық ПД ол істі дұрыс қарамай жатыр деп шағымданады.

Депутаттың айтуынша, жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері оны бірнеше рет бопсалаған, «келісімге келу» арқылы істі жабуға үгіттеген. Біз бұл даулы оқиға жайлы Әбдіхамитовтың өзімен сөйлестік.

- Дархан, жемқорлыққа қарсы қызмет сізді о баста қалай тапты?

[caption id="attachment_3649" align="alignleft" width="272"] Кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Д.Әбдіхамитов.[/caption]

- 2018 жылдың тамыз айында маған Исабаев Бауыржан деген кісі хабарласты, жеке нөміріме. «Жарнама бойынша хабарласып тұрмын, сіздер жылжымайтын мүлік құжаттарын рәсімдейді екенсіздер, сол туралы кеңес берсеңіз», деп. Жарайды. Мен айтқан жерге (Талғар қаласындағы «Бақыт сарайы» рестораны») келді, түстік ішіп отырғам. Дүкен салмақ екенін айтты. Қандай құжаттар керек, рәсімдеу үшін қанша қаражат кетеді деген сияқты сұрақтар. Дүкен салмақ жерінің нысаналы мақсаты – өзіндік қосалқы шаруашылық (ӨҚШ-ЛПХ) жүргізу үшін екен, ол дүкен салуға жарамайтынын, ол үшін жердің нысаналы мақсатын ауыстыру керек екенін айттым. Ол ойланып көретін болып кетті.

Біраз күннен соң тағы хабарласып, кеңсемізге келді. Бұл жолы дүкен емес, басқа мәселе – ағасының Панфилов ауылында 12 га жері бар екен, соның нысаналы мақсатын ауыл шаруашылығынан өзіндік қосалқы шаруашылыққа ауыстыруға бола ма деп сұрады. «12 гектарды 6 «соткадан» бөліп, оның әрқайсысына ГосАКТ шығаруға бола ма?» деді. Мен қарастырып көрейік, бұған көп қаражат, ұзақ уақыт кетеді дедім.

- Негізі ауыстыруға бола ма заңды түрде?

- Болады, бірақ мемлекетке баж салығын төлеу керек, жоспарлау жұмыстары бар, өлшейтін жұмыстар бар, солардың бәріне оңай ақша кетпейді. Ол айтты, ақша проблема емес, ауыстыруға бола ма, жоқ па, соны айтсаңыз деді. Содан, тексеріп, сұрастырып көрдік. Тексеру барысында, ол жердің Талғар ауданының бас жоспарына кірмейтінін, ӨҚШ-ге ауыстыру мүмкін емес екенін білдік. Ол ағасының Астанада тұратынын, үлкен кісі (қызметте) екенін, бірдеңе қылып мына сұрақты шешсек, рахметін айтатынын айтты. Сосын, бау-бақшалық (дача) мақсаттағы жерге ауыстыруға болады дедім. Бірақ, ол да арзан емес дедім.

- Арзан болмағанда, қанша кетеді шамамен?

- Сол кезде шамамен есептегеннің өзіне әр шаршы метріне кадастрлық айырма құны Талғар ауданы бойынша 414 теңге болатын, оны 120 гектарға шаққанда, шамамен 70 миллиондай кететін болды, одан кейін жоғарыдағы қосымша жұмыстарға кететін ақша бар, бәрін қосқанда шамамен 100 млн-дай керек болатын болды.

Содан бастап, бұл кісі маған жиі хабарласып, қалай жасайсың, кімге бересің деген сұрақтар қоя бастады. Тіпті, бір-екі рет тықақтап қоймаған соң, әкімдіктегілерден ешкімге ештеңе берілмейтіні, заңды түрде шешілетінін айттым. Бұл ақшаның 70 пайызының өзі баж салығына, қалғаны өзге жұмыстар мен мемлекеттік төлемдерге кетеді, одан артылғаны менің еңбегіме төленеді дедім.

- Сіз шамамен өзіңізге қанша артылады деп есептедіңіз?

- Енді, 2-3 млн теңгедей деп шамаладым. Бірақ, біз бұл жайында қалай келістік? Ол маған 100 млн теңге береді, ол ақша менің сейфімде тұрады. Бұл кепілдік ретінде берілген ақша. Ертең орта жолда бас тартса немесе басқа компанияның қызметіне жүгінем деп қалса мен сол уаққа дейін шыққан шығынымды алып қалуым керек қой. Осындай келісіммен, әр төлемнің, әр жұмыстың чегін көрсетіп отыратын болғам.

- Түрлі сұрақтар қоя бастады дедіңіз. Соншама қызығушылық танытып тұрған адамнан күдіктенбедіңіз бе?

- Әрине, болды. Ең алдымен, бұл кісіде осындай ақша бар ма, жоқ па, сол ең негізгі мәселе болды. Немесе бұл бәсекелес компаниялардың бірі ме деген ой келді. Тіпті, бір рет «все-таки ЛПХ-ға ауыстырсақ қалай болады?» деп сұрады. Ол бірдеңе ғып соған келіссек, бұдан да көп ақша берер едік деді. Мен оған келіспедім. Шыны керек, пендеміз ғой, бұл кісіні аздап «жетіспей» ме деп те ойлаған кезім болды. Осындай-осындай әңгімемен сәуірге дейін 8-9 ай жүрдік.

[caption id="attachment_3653" align="aligncenter" width="621"] Б.Исабаевтың тіркелген арызы.[/caption]

- Сәуірде ұсталдыңыз ғой?

- 18 сәуір (2019 ж.) күні ол Талғардағы «Азия» кафесінде отырғанын айтты. Бардым. Барсам, ақша алып келіпті. Банкке барамыз деп келісіп едік қой десем, «Ой, Бәке, сізге сенеміз ғой, менің ағам үлкен кісі деп айттым ғой, анау-мынау болып жатса, сізді тауып алу қиын емес», деді. Қара пакетке салынған, доллармен әкеліпті. Төртке бөлініп оралған, әр қайсысында «Халық банктің» мөрі басылған. Жұрт 2000 теңгеге чек сұрайды, ал бұл ақша алғанымыз туралы, бергені туралы құжатты ертең де жасаймыз ғой деп жайбарақат отыр. Жердің құжаттарын, басқасын да кейін берем деді. Мен ақшаны санаған жоқпын, қолыма да алмадым, енді кафеде отырып, сонша ақшаны санап отырмайсың ғой. Ойланып та үлгермедім, 15 шақты адам кіріп келді. Алматы облысы бойынша жемқорлыққа қарсы қызмет. «Сіз сыбайлас жемқорлық бойынша ұсталдыңыз», деді.

- 15 шақты адам қалай, маски-шоумен кірді ме?

- Жоқ, азаматтық киімде, жас жігіттер. Мен бірден түсіндім, бірақ, жағдай біраз күлкілі еді.

- Неге?

- Енді мен мемлекеттік қызметкер емеспін, жеке кәсіпкермін, қайдағы жемқорлық? Қазір жағдайды түсінген соң кешірім сұрайды ғой, тыныш тарасамыз ғой деп ойладым. Видеоға түсіріп, қағаз толтырып, куәгерлерге қол қойдырып, ақшаны ашып дегендей жұмыстарын істеп жатыр. 200 мың доллардың 2400-і ғана шын ақша, қалғаны «фальшивка» болып шықты. Сосын, қалғаны 197 мың 600 долллар болу керек қой, ондай емес, 193 мыңнан сәл асатын ақша болып шықты. Мұны айтып жатқаным, мені ұстаған «оперлердің» өз істерін дұрыс ұйымдастырмағаны. Негізі мұндай жасанды ақшаны бұлар банктен заңды түрде сатып алуы керек, ал олар базардан барып ала салған. Кейін тергеу кезінде мұны байқамай айтып қойды маған.

- Сізді кімдер ұстады, аты-жөндерімен қызметін айта аласыз ба?

- Маңызды істер бойынша із кесуші Мадияров Дулат, екіншісі ерекше маңызды істер бойынша уәкілетті өкіл, фамилиясын естіп үлгермедім, бірақ, араларында бір жас жігіт оған Бауыржан Раханович (немесе Рахатович) деп айтты. Негізгісі осы екеуі. Құжаттарын толтырып болған соң, екеуі қалды да, қалғандарына шығып кетіңдер деді. Үшеуміз отырғанда, әлгі екеуінің айтқаны былай: «Дәке, бәрі дұрыс болады, қазір үйге барасыз, телефоныңызды қайтарып береміз. Бірақ, мына ақшаны әкімге беруіңіз керек». «Қай әкімге?» «Осы Талғар ауданының әкіміне» (ол кездегі Талғар ауданының әкімі Рыскелді СӘТПАЕВ). Орысша сөйлесіп отырмыз, мен «как это, значит вы меня вербуете?» деймін, олар «нет, мы знаем, что эти деньги для акима», дейді. Сөйтсем, бұлардың ойы ең ақырында әкім қол қояды, демек, оған ақша беру керек деп ойлайды екен. Қысқасы, мен келіспедім. Олар «не хочешь по-хорошему? Онда по-плохому кетесің», деді. «Бар болғаны әкімнің кабинетіне мына ақшалардың кіргізіп бересің, болды, ары қарай біз өзіміз реттейміз, сен депутатсың ғой, кіре аласың».

Ақыры болмағасын, олар мені Өтеген батыр кентіндегі полиция бөлімшесіне апарды. Сосын тағы екі күн күтті, мен келісе ме деп. Сосын, соттың шешімімен екі айға қамады.

[caption id="attachment_3652" align="alignleft" width="780"] Д.Әбдіхамитовті алғашқы тергеудің протоколы. 1-бет.[/caption]

- Исабаев қайда кетті?

- Ол кафеде отырғанда, аналар кіре сап, тұрды да шығып кетті. Мен қамалған соң, онымен беттестіруді талап еттім. Сол кезде анықталғаны, әлгі 200 га жер оның ағасынікі емес, оның бір досы Алмас деген жігіттікі екен. Мұқалимов Алмас, кейін тергеуде де жауап берді. Сөйтсе, ол бұл жерге қора салмақ болыпты да, құжатты қалай жасау керек деп сұрастырмай ма. Сөйтсе, осының бәрін негізгі ұйымдастырушы жемқорлыққа қарсы қызметінің жедел уәкілі Дәуренбек Дәулетке тап болады, ол бұл құжатты жасау үшін әлгі Исабаевқа сенімхат жаздырып алады. Одан ары не болғанын, жерін пайдаланып депутатты ұстағанын білмейді. Кейін шақырып алып, «мен жерімді бау-бақшалық мақсатқа ауыстырғым келді», деп куәлік бер дейді. Ол айтады, «мен басында қорқып кеттім де, куәлік бере салдым», дейді. Тағы да бұлар оған бір жігітті ұстаймыз да, қайта жібереміз деп айтқан оған. Жағдайды білген соң Алмас адвокат жалдайды да, алдыңғы сөзіне қарсы куәлік береді. Оның қарсы куәлігінен кейін істі жүргізіп жатқан Дәуренбек Дәулетті жұмыстан шығарады.

Менің кінәмнің жоқтығы дәлелденген соң бұлар мені босатуы керек еді ғой. Дәуренбек жұмыстан кеткен соң, басқалары кешірім сұрап, жібере салса, істі жапса, мен де тып-тыныш жұмысымды жалғастыра берер едім. Жарайды, екі ай қамауда отырдым, ештеңе емес, бастысы кінәсіздігім анықталды. Бұлар онымен тоқтағысы келмеді. Депутатты мемлекеттік қызметкер деп ойлап, парақорлық бойынша ұстағысы келген ақымақтар енді маған алаяқтық бойынша айып таға бастады. Талдықорғанға апарып, бір күн бойы Алматы облыстық жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратында ұстады. «Мойындай сал, алаяқпын деп, 5 жыл шартты жаза алып кетесің. Мен прокурормен келісіп қойдым», дейді. Қорқытады, бопсалайды, 15 жылға кетесің, біз сені бүйтеміз, сүйтеміз деп... психолгиялық қысым ғой енді.

[caption id="attachment_3655" align="aligncenter" width="645"] Куәгер Мұқалимов пен арызданушы Исабаев арасындағы көзбе-көз кездесуінің (очная ставка) протоколы, 2-бет.[/caption]

- Алты ай бойы сіз қарап отырмаған шығарсыз түрмеде?

- Біз ходатайство бердік қой. Осы іс үшін Алматы облысы бойынша жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу бөлімінің басшысы орынбасары жұмысынан алынды, тергеу басқармасының бастығы жұмысынан алынды. Бірақ, мен әлі түрмеде отырмын. Менің кінәсіздігім анықталып, кінәлілер орынларынан алынып жатады, бірақ, мені босатпайды. Қызық қой?! Алты айдан кейін прокуратура бұлардың санкцияларын қолдамай қояды, қамауды созуға. Сосын, Аймағамбетов деген тергеуші келеді де, мені қаулымен таныстырады. Ол жерде жеңіл деңгейдегі алаяқтық деп, маған бір жыл шартты жаза кесу туралы жазылған. Келіскен жоқпын. Мені толық ақтаңдар дедім.

- Сонда бұл іс әлі жабылған жоқ па?

- Жоқ, әлі жалғасып жатыр. Мен қамаудан шыққан соң Дәуренбек Дәулетті, Исабаев Бауыржанды мені бопсалағаны үшін, азаматтық еркіндігімді шектегіне үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуларын сұрап, сотқа арыз жаздым. Бас прокуратураға, президент аппаратына, бәріне жаздық. Бірақ, тып-тыныш. Сөйтіп жүргенде осы ақпанда мені қайта шақыртып, әлгі екеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалды деді. Облыстық полиция департаменті қозғапты. Мен күлдім, сендердің шамаларың келмейді ғой агенттіктің үстінен іс қозғауға деп. Олар «жоқ, біз шешеміз» деді. Содан бері ештеңе тындырған жоқ, мені шақырып сұрады, Дәуренбекті тергеген. Басқа куәгерлерді (негізгі куәгер Мұқалимов қой) сұрап, ешкімді тексермеген. Екеуі қазір бостандықта жүр.

- Мүмкін қазіргі карантинге қатысты тоқтатып қойған болар? Ешқандай түсініктеме бермеді ме?

- Берген жоқ. Біз бұлардың ешкімді тергемегенін адвокаттарымыз арқылы біліп отырмыз. Істің қалай жүріп жатқанын білмейміз. Осылай, істі жауып тастамақ болып отыр қысқасы. Екі рет жауып тастады істі, біз аппеляциялық шағым түсіріп ашқыздық...

- Компанияңыз туралы айтыңызшы?

- Менің екі компаниям бар. Біреуі жеке кәсіпкерлік (ИП) бойынша «DDD GROUP», екіншісі «КазКом Контракт» ЖШС. 2014 жылдан бері кеңес беру, құрылыс, жобалау, авторлық қадағалау, жылжымайтын мүлікке құжат рәсімдеу бойынша қызмет көрсететін компаниялар.

- Қазір жұмыс тоқтап тұр ма?

- Иә, тоқтап тұр. Қол тимейді, сосын, көңілде алаң болған соң, миың тыныш болмаған соң, ісіңде береке болмайды ғой. Тоқаев айтты ғой, парақорлық бойынша ұсталғандарға қатаң жаза қолданылады, бірақ, азаматтарды парақорлық ісімен бопсалағандарға одан да қатаң жаза қолданылады деп. Қазіргі жағдайға қарап олай дей алмас едім. Сосын, парақорлықты ашқаны үшін сыйақы беру де көңіліме қонбайды. Исабаев сияқтылар жұмыс істемей, ылғи осындай «шаруалармен» айналысып жүре беруі мүмкін ғой?

[caption id="attachment_3650" align="aligncenter" width="720"] Б.Исабаевқа берілген алғыс хат. Суретті сұхбат беруші ұсынды.[/caption]

- Сіздің екі компанияңызда қанша адам жұмыс істеуші еді?

- Бір кездері 120 адамға дейін істеді. Президенттен бастап бәрі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау туралы айтады, бірақ, менің жұмысыма кедергі келтірді ғой жемқорлыққа қарсы қызмет, оларды неге тергемейді? Менің компаниям жұмысын тоқтатты, қаншама адам жұмыссыз қалды... Осы аралықта мен де қаншама тұтынушымнан айрылдым, қаншама табысымды жоғалттым.

- Сіздерге құжатын жасата алмай, жүгінетіндер көп пе?

- Аз емес. Жасата алмай жүргенде, кейбіреулердің қолы тимейді. Ал негізінен, көбі заңды білмейді, құқығын білмейді, сосын, тиісті орындар қарапайым адамдарды шаршатады, ана құжатың жетіспейді, мына құжатың жетіспейді деп. Сондайдан шаршаған адамдар келеді, былай өздері де жасап шықса болады, бірақ, бізде заң білмейтіндіктен, жұмыс барысын ұқпағандықтан, көбі шаршайды. Сосын, қолын бір сілтейді де, біз сияқты компанияларға жүгінеді. Біз сияқты облыс бойынша шамамен 100-ден аса компания бар шығар, Талғарда 20 шақты бар. Соның бәрі, керек болса, соттасып жүріп, құжат жасатып береді.

- Әңгімемізден тыс айта кетіңізші, Қызылтудағы әуежайға жақын салынған үйге ұшақ соғылды. Бұл жерлерге үй салуға қалай құжат беріліп жүр?

- Мұның себебі өте көп қой. Заң бойынша мүмкін емес берілуі, қалай беріліп кеткенін болжау да қиын емес, жемқорлық қой сол. Сосын, бұл жерде қолына құжат тие салып, үй салып ала қойған қазақтар да кінәлі. Жер алмас бұрын жан-жағына қарауы керек қой, бұл жерде болашақ бар ма, жоқ па... Арзан болған соң барады да ұрынады. Сосын, бұл жердегі басты кінәлі – әуежай әкімшілігі деп ойлаймын. Өйткені, олардың аумағынан 3 шақырымға дейін ештеңе болмау керек заңға сәйкес. Көріп отыр ғой, үй салынып жатқанын, тиісті жерге хабарлап, шағымдану керек еді. Бұл іспен айналысатын арнайы сәулеттік бақылау басқармасы бар. Солар келіп, үйлердің құрылысын тоқтатып, апаттың алдын алуға болар еді. Әбден апат орын алған соң барып, біреулерді ұстап, оларды соттау – істі шешпейді, бұл уақытша ғана шаралар. Демек, апат болмаса, бұл заңсыздық әлі де жалғаса берер еді деген сөз.

- Сіз заңды қаншалықты білесіз?

- Мен бұрын ҰҚК уәкіл болып істегем, аға лейтенант кезімде жұмыстан кеттім. Заңдық тұрғыда өзімді қорғауға шамам жетеді деп ойлаймын. Біздегі көптеген кәсіпкерлер де, мемлекеттік қызметкерлер де жемқорлыққа қарсы қызметтен қорқады. Неге? Өйткені, заңды білмейді. Ал мен жемқорлыққа қарсы, парақорлыққа қарсы жұмыстардың қалай жүргізілетінін жақсы білем.

[caption id="attachment_3656" align="aligncenter" width="618"] Әбдіхамитов пен Исабаев арасындағы көзбе-көз кездесуінің (очная ставка) протоколы, 2-бет.[/caption]

- Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің ісін бұрынғы ҰҚК қызметкері ретінде қалай бағалар едіңіз?

- Бұлардікі, былайша айтқанда, масқара. Позор! Аудандық депутаттың мемлекеттік қызметкерге жатпайтынын білмей, оны парақорлық бойынша ұстау үшін 8 ай бойы соңына түсу, сол үшін басқа бір кінәсі жоқ адамды алдап, жерін пайдалану, кінәсін біле тұра кешірім сұрай салмай, жағдайды ушықтырғандары қызметтеріне мүлде лайық емес. Негізі, адамға жемқорлық туралы ұстау үшін орасан жұмыстар атқарылады.

Бұлар жемқорлықпен күресіп жатырмыз деп жар салады. Бұларға айғайлататын, БАҚ пен әлеуметтік желіні шулататын істер керек. Сол кезде ісіміз көзге көрінеді деп ойлайды (мені де аудан әкімін ұстау үшін пайдаланбақ болды ғой). Ал, бұларға қарапайым азаматтар басқа бір ұсақ шенеуніктердің ақша сұрағанын айтып шағымданса, қозғалмайды. Мысалы, кешегі Жаркенттегі кәсіпкердің ісі. Ол бұдан бұрын жемқорлыққа қарсы қызметке полицияның үстінен шағымданған. Ұстағыш болса неге соларды дер кезінде ұстамайды? Өйткені, олар да құқық қорғау органы, араларында әлдебір келісім бар болуы мүмкін. Немесе ол әкім емес қой, үлкен хайп шықпайды ғой бұдан. Неге бұлар біз сияқты тып-тыныш жұмысын жүргізіп отырған адамдарды ұстап, оларды әкімге қарсы пайдаланып, куәгер болшы, бүйтші, сөйтші деп лағып жүреді? Соны түсінбеймін.

- Жаркенттік кәсіпкердің жағдайы не болады деп ойлайсыз енді? Жеңіп шыға ала ма?

- Ол жағын айту қиындау, әрине соңына дейін күресу керек. Шынымен ақ болса, таза болса, ақталуға болады. Оны ұстап жатқан сәттегі видеоны көрдіңіз ғой, сонда көрініп тұр, ұстауға келген маскадағы жігіттер әйелдерден қорқып, қашып жүр. Психологиялық тұрғыдан бір нәрсе бүлдіріп қойғандай ұстады өздерін. Мен органда істеген адам ретінде, қылмыскерді ұстауға барғанда қылмыскерден жасқанып тұсам не болдым? Осындай-осындай ұсақ-түйектерге дейін назар аударылса, жеңіп шығады деп ойлаймын. Әрине, бұл жерде тергеушілер мен із кесушілердің адалдығы көп нәрсені шешедіү Бірақ, біздің елде бұл туралы айту әзірге қиындау...

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ

Байланысты жаналықтар

«Таза Қазақстан» акциясы: Алматы облысы Жамбыл ауданындағы 61 елді мекенде сенбілік өтті

15.04.2024

Бір күректі 81 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған: Антикор өңірлердегі былықты жайып салды

10.04.2024

Есірткі беріп, зорлап келген: Алматы облысында жәбір көрген 17 жастағы қыздың анасы әділдік іздейді

02.04.2024

Павлодар облысында мемлекеттік қызметкер парамен ұсталды

27.03.2024

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

23.03.2024

«Құлау қаупі төніп тұр»: Прокуратура Алматы облысындағы шахтаның жұмысын тоқтатты

13.03.2024
MalimBlocks
«Таза Қазақстан» акциясы: Алматы облысы Жамбыл ауданындағы 61 елді мекенде сенбілік өтті

Сонымен қатар бүгін дәл осындай сенбілік «Таңбалы» музейінде де болып жатыр.

Бір күректі 81 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған: Антикор өңірлердегі былықты жайып салды

Нәтижесінде оның бағасы 3200 теңгеге төмендетілген.

Есірткі беріп, зорлап келген: Алматы облысында жәбір көрген 17 жастағы қыздың анасы әділдік іздейді

Алматы облысы Қарасай ауданы Береке ауылында бір топ жігіт 11 сынып оқушысын 2 жыл бойы пышақпен қорқытып, есірткі беріп, зорлап келген. Оның анасы әділдікті талап етіп, кінәлілердің жазалануын сұрайды, деп хабарлайды Stan.kz “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Павлодар облысында мемлекеттік қызметкер парамен ұсталды

Павлодар облысында мемлекеттік қызметкер парамен ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz. 

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

«Құлау қаупі төніп тұр»: Прокуратура Алматы облысындағы шахтаның жұмысын тоқтатты

Кеген ауданындағы «Тұйық» қорғасын кен орнына тексеріс жүргізілді.