Аймағамбетовтің бір жылы: жас министр қалай «тәжірибелі» болды

Алмас НҮСІП

  • 19.06.2020

Жас министрдің «ұлы» тактикасы

Маусым айында Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ білім және ғылым министрі қызметіне кіріскеніне бір жыл толды.

Бір қарағанда, Аймағамбетовтің жолы болды деуге болады. Дәл ұстаз мәртебесі сөз болып жатқанда, олардың жалақысын өсіру жүріп жатқан шақта министр болып келе қалды. Шалдардан әбден қажыған ел де «жас келсе – іске» деп, алғашқы күннен-ақ жас министр атанған Аймағамбетовті барынша қолпаштап бақты. Сөйткен жас министр қызметіне дәл бір жыл толар қарсаңда «тәжірибилі» министрге айналды. Мұны мәжіліс төрағасы Нығматуллин атап тұрып айтты: «Асхат Қанатұлы, сіз «тәжірибелі» министр болып барасыз». Қу болып барасыз дегені. Бас ұстаз жас министрден қу министрге қалай айналды, бір жылы қалай өтті?

Malim.kz шолу жасап көрді.

Мектепті «үшке» оқыған Сағадиев сияқты шаршап, берекесі қашып отырмайтын жап-жас, жинақы министрдің алдында бір-ақ мәселе тұрды. Экс-президент Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленіп жатқан, ел ішінде көп дау тудырған «педагог мәртебесі» туралы заңға нүкте қою. Президент ауысып, «не бопты, бір өзгеріс жасайтын шығар», деген үміті ояна бастаған қазақстандықтар сайлаудағы жеңісінен соң, Тоқаев іле-шала тағайындаған лауазым иелерінің бірі ретінде Аймағамбетовке де үміттене қарады.

4 айға жетер-жетпес уақыт басқарды демесе, уикипедиядағы өмірбаянына да министр болғаны енбей қалған Күләш ШӘМШИДИНОВА өтпелі кезең аралығында көп таяқ жеген педагог мәртебесі Аймағамбетовке де оңай тиген жоқ. Сынаушылар бұрыннан-ақ көп, бұл заң тұсында сарапшы атаулы тым көбейіп кетті. Бұрыннан-ақ осы салада еңбек етіп келген Аймағамбетов бұл тарапта өзіне өте тиімді тактика таңдап алды. Бәрін өткенге жабу. Бұл –ғасырлар бойы өзін сан мәрте дәлелдеген «ұлы» тактика Аймағамбетовке аз көмектескен жоқ.

Жас министр алдымен бәрін жаңарту керек деген әңгімелерді айта жүріп, бұрынғылар жасап кеткен қате жүйені түзеп үлгере алмай жатқандай болып көрініп бақты. Оның бұл тактикасына бірқатар сарапшылар сеніп те қалды. О баста даусы қатты шығып жүрген педагог құқығын қорғаушылар уақыт өте келе «әрине, жетпей жатқан тұстар аз емес, бірақ, бұрынғыға қарағанда қимылсыз емес» деген сыңайда Аймағамбетовтің сөзін сөйлеп қалатынды шығарды.

Педагог мәртебесі және жұмыс күші

Аймағамбетов мұғалімдердің өзін қалай пайдалану керегін де жақсы болжай алды. Жалақыларына үстеме қосылып, жүктемелері азая бастаған, қосымша қара жұмыстарға тартылмайтын болғалы қолы босап қалған (!) мұғалімдер де әлеуметтік желілерде «министрімізге Құдай қуат берсін!» деп ұрандататын болды. Қолы бостықтан іші пысқаны сонша, кейбір мұғалімдер өздерінің «инициативасымен» көше тазалап, ағаш әктеп, бірнеше мәрте көзге түсті. Бұл «қулықтың» арты бір-ақ тұтам екені білініп қалған соң, жас министр мұғалімдерді көшеге шығармайтын болды. Бұрынғы әріптестері сияқты мұғалімдерді қара жұмысқа жегудің опа бермейтінін тез арада болжай білген министр оларды одан да мәнді, өзіне өте тиімді жұмыстарға жегуді ойлады. Осыдан бастап, әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-тарда жас әрі жаңашыл (!) министрдің пиары жүре бастады. Тіпті, ол туралы жазылған әрбір сыни яки мақтау материалдарға жағымды пікірлер жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптайтын болды.

«Сыйға – сый» дегенді жақсы білетін, оның үстіне көп жылдар бойы «құлдықта жүрген» мұғалімдер өздеріне тіл тигізгендер мен міндетіне жатпайтын жұмысқа тартқандарға айыппұл салынып, тіпті, қамауға алынуы мүмкін екенін естіген соң, тіпті, «дәретхана күзетуге» де дайын екендерін дәлелдеді. Министр мұғалімдер тарапынан «асыра сілтеу» болып, ши шығып бара жатқан соң, оларға да «этика нормаларын қатаң сақтау» туралы тәртіп енгізіп барып, ентігін басты.

Білім сапасын көтеру һәм университеттерді жабу

Мұғалімдердің шипажайда демалуына дейін ақша төленеді деген бастама көтеріп еді, әзірге оның бұл игі ниетінің іске асуына коронавирус кедергі болып тұр. Жарты жыл ішінде «педагог мәртебесін» желеу етіп, «бұрынғы басшылықты» жамандап қойып, көп мәселеден жеңіл шығып кетіп отырған жас министр бұл шаруамен жалғас ЖОО-ларға талапты күшейтпек болды. ЖОО-ларды біріктіру мен «диплом таратқыш» ошақтарды жабуға білек сыбана кіріскен министр бұл екпінімен Қазақстанда университет қалдырмайтындай көрінген. Оны өзі де байқады ма, кейіндеп аттың басын тарта бастады. Оның үстіне, аймақтардағы бетке ұстар универсиеттерді де біріктіріп жібермек болғанда, депутаттар «әй, бала, мынауың артық енді» деген сыңай танытты. Университтерді біріктіру арқылы оқытушылардың жалақысын көтеруге болады деген ойы өзі ойлағандай шықпай қалды. Сөйтіп, министр креслосына отыра салып, санда бар, санатта жоқ бірқатар оқу орындарының лицензиясын тоқтатып тастаған министр ірі оқу орындарына тісі батпайтынын түсінгендей болды.

Мұғалім мәртебесін студент кезінен көтеру керек деп, педагог дайындайтын оқу орындарына талапты күшейтетінін де айтты. Бұл сөзінде тұрды да. Оқу жылының соңында ҰБТ тапсырушылар педагогикалық мамандыққа түсу үшін ең кемі 70 балл жинау керек деген талап енгізді. Қазақстан бойынша педагог дайындайтын 85 университет пен 75 колледждің білім сапасы қалай өскенін келер жылы көрерміз, әзірге, талапты күшейтіп-ақ жатыр. Мектеп бітірген талапты, дарынды балалардың көпшілігі басқа салаға кетіп қалады да, аз балл жинаған оқушылар педагогикалық мамандықтарға келеді дейтін министр педагогика мамандығын қалай тартымды ететінін әлі ашып айтқан жоқ.

Сағадиевтің кезінде, одан бұрын да жұртшылықтан жылы сөз естіп көрмеген, реформадан көз ашпаған ведомство Аймағамбетовтің кезінде де қарық болды деп айту қиын. Оның үстіне, ең соңында Аймағамбетовтің есебіне жазылған «педагог мәртебесі» туралы заң да бір емес, үш министрді еңсергенін ұмытпау керек.

Коронавирус және Аймағамбетов

Аймағамбетов енді сүрінеді-ау деген кез – коронавирус пандемиясы басталған кез. Қазақстан іргесін бекітіп, мектептерді жабады деген сыбыс шыққанда-ақ онлайн оқытудың министрліктің біраз былық-шылығын ашып беретінін жұрт бірден ұқты. Іштей күтті деуге де болады.

Жұрт күткен сценарий айна-қатесіз орындалып та келе жатқан. Көптеген оқушыларды интернет түгілі оған қосылатын құрылғылар жоқ болып шықты; ауылдардың бәрі дерлік интернетке қосылуға қауқарсыздық танытты; Заманауи жас ретінде Zoom қосымшасын пайдалана қоймақ еді, алғашқы сынақтан кейін-ақ мұның мүмкін емес екені түсінікті болды; оқушыларды қойып мұғалімдердің өзі «интернетім жоқ», деп, түнгі көшеден сәлем жолдап жатты...

Қысқасы, Аймағамбетовтің сасқан жері осы еді. ...Бірақ, министр төте жол тауып кетті. Әлгі тактиканы өткенге ғана емес, бүгінге де пайдалануға болатынын дәлелдеді.

Онлайн оқыту дегеннің жақсылыққа апармайтынын Аймағамбетов о бастан-ақ білді және негізгі жауапкершілік өзіне жүктелетінін де жақсы түсінді. Қорғана жүріп жұмыс істеу керегін ұқты. Сөйтті де, онлайн оқыту бойынша сөз басталғанда-ақ «цифрландыру министрлігімен бірлесе отырып жұмыс істеп жатқандарын» тұрақты түрде екертіп отырды. Істің ақыры белгілі болып, жұрт «айттым ғой әне» дей бастағанда, Аймағамбетов ешқандай асып-саспай, ел алдына шықты да, бүкіл кінәні цифрландырудың нашарлығына аудара салды. Интернет жоқ!

Сонымен, мектептерде интернет қана емес, өзі коронавирустан сәл бұрын көтерген мәселе – тозған компьтерлер, онлайн күнделік толтырудың әлі жолға қойылмағаны, қысқасы, білім-ғылым министрлігінің өзіне ғана тиесілі проблемалардың бәрі бір интернеттің қалқасында қалып қалды. Артын қаза берсе, бұл мәселенің қайта сұралатынын жақсы ұққан министр, мұғалімдерді күнделік толтыру сияқты бірқатар міндеттерден босата салды. Оның бұл мырзалығы – өзі де көңілі бос ұстаздарды толқытып-ақ тастады.

Сөйтіп, тар жерде жол тауып, бір оқпен екі қоян атқан министр компьютер тарататынын айтқанмен, оны бүкіл оқушыға жеткізе алмайтынын біліп, кейбір жерлерде мұғалім оқушының үйіне барсын деген сияқты тапсырма берді. «Е енді қайтсін» деп елжіреп отырған мұғалімдер де, ата-аналар да «мұның қалай болар екен?» демей, мақұл дей салды.

Жас түлек-2020 және ҰБТ

«Оқушының өмірінде бір-ақ рет болатын соңғы қоңырау мен қоштасу кеші қалай өтеді?» деген сұрақтың жауабы онсыз да белгілі болатын. Министр былтыр қоштасу кешіндегі дарақылықты азайту керек деп, келе сала дігірлеп баққанмен, ойлағандай нәтижеге жете алған жоқ. Ол кезде жаңа келген министрге ешкімнің ренжуге хақысы жоқ болған. Биылғысы қалай боларын көре жатармыз, бәлкім, пандемияның өзі болысып, мұндай келеңсіздіктер көзге түсе қоймас...

Ал, Соңғы қоңырау мерекесін ың-шыңсыз өткізіп алды. Соңғы қоңыраудың онсыз да «қашықтан оқып» үйреніп қалған балаларға аса маңызды болмағанын ескеру керек. Түлектерді де де ҰБТ бітпей, бұл тараптағы қызықтар онша еліктіре қоймайды. Әзірге Аймағамбетовті де, түлектер мен ата-аналар, ұстаздарды – бәрін бір мәселе толғандырып тұр: ҰБТ. Уақыты да, мерзімі де созылған ҰБТ-да карантин талаптары ғана емес, өзге де талаптар күшейтіледі деді. Дегенмен, мұғалім мамандығына қосылған 70 баллдық шекті көрсеткішті айтпасақ, анау айтқандай жаңалық жоқ.

Бәлкім, жас әрі жаңашыл министр коронавирустың салдарынан енгізіп үлгермеген жаңалықтары бар шығар...

Ғылым-білім саласындағы үлкен жаңалық, түпкілікті реформа тағы да бір жылға шегіне тұратын сияқты. Әзірге, министр коронавирусқа қатысты екі рет тест тапсырып, «теріс нәтиже» көрсеткен соң, штаттық режимдегі жұмысына енді кірісіп жатыр. Ертең ҰБТ басталады...

Одан ары 12 жылдық білім беру жүйесі тұр. Бұл жүйені бекітетін тарихи құжатқа да Аймағамбетов қол қояр ма екен...

P.S.: Аймағамбетовтің көзге ерекше түскен, ел ішінде кеңінен сөз болған, оның саяси портретін қалыптаған негізгі оқиғалар осы деуге болады. Педофилдерге қатысты даудан кейін мектеп камера орнатам деп, оқушы қыздардың дәретханасына дейін орнатып жібергені бар, ғылыми жұмыс қорғаудағы плагиат мәселесіне қатысты әңгімелер, әліппені қайтару (?), т.б. шулы мәлімдемелер мен оқиғалар аз болған жоқ. Ең бастысы, өзі аспаннан түскендей бұрынғы министрлерді жамандай беретін Аймағамбетов осы министрлікте вице-министр болып жүрген кезінде, одан бұрынғы кезеңдерде қайда қарады екен деген ой келеді.

Бірақ, ол бұл сияқты уәждерге оңай ақталып үйреніп алды: «Менің кінәм жоқ».

Бір жыл айтқан әнін енді өзгертпесе болмайтынын өзі де түсінген шығар, қанша дегенмен, оның «тәжірибелі» министр болғанын басқа емес, тәжірибелі мәжіліс спикері айтты ғой...

Байланысты жаналықтар

Депутаттар мектепті жайлы әрі қауіпсіз жасамақ

30.05.2023

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

05.01.2023

Енді 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады

10.11.2022

51 мың талапкер ҰБТ-дан құлады

07.07.2022

Аймағамбетовтің арманы: Шымкент министрді өтірікші жасайын деп тұр

10.06.2022

Аралас мектеп дауы. Аймағамбетов әлі үнсіз      

05.05.2022
MalimBlocks
Депутаттар мектепті жайлы әрі қауіпсіз жасамақ

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

Кешегі тағайындаулардың ішінде елдің назарын ерекше аударған – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің орнынан кетуі болды. Үш жарым жыл бойы министр болған Аймағамбетовті қимайтындар аз емес екен.  

Енді 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады

Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап 5-8 және 10 сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Оқу-ағарту министрлігі осындай хабар таратты.

51 мың талапкер ҰБТ-дан құлады

ҰБТ қорытындысы бойынша Ұлттық тестілеу орталығы қорытынды жариялады

Аймағамбетовтің арманы: Шымкент министрді өтірікші жасайын деп тұр

Аймағамбетов биыл балаларды балабақшамен қамту 99 пайызға жетті деген. Шымкенттегі жағдай осы көрсеткішке күмән тудырады.

Аралас мектеп дауы. Аймағамбетов әлі үнсіз      

Орыс тілді мектептегі оқушылардың көбі қазақ отбасынан шыққан балалар.