Мазасыз тіршіліктің мағыналы әңгімесі

  • 19.06.2020
  • Бағашар Тұрсынбайұлы

Әдебиетті бір жазушы «адам жанының құпиясын ашатын» кілт деп түсінеді. Енді бірі қоғамның айнасы дер. Кеңестік формациядан кеше ғана қол үзген орта «әдебиет адамды тәрбиелейді» деп анықтама береді. Асыл сөзді «өнер өнер үшін» принципімен қабылдап, оған ешқандай айдар таққысы келмейтін шоғыр тағы бар. Қалай болғанда да әдебиет – жақсы жазу. Сол жазу арқылы құпияны да ашарсыз, қоғам бейнесін де сипаттарсыз, адам да тәрбиелерсіз, өнер де тудырарсыз. Оқырманға бір ғана дүние керек. Жақсы шығарма. Содан өзі керегін алар. Көзқарасын өзгертер, эстетикалық талғамын қалыптастырар, жан рахатын сезінер.

Әр жазушының өз қалам мақсаты болады. Әр шығарманың өз міндеті тағы бар. Осы мақсат, міндеттерге орай әрқайсының оқырманы, жанкүйері табылады. Сіз нашар деп ұнатпаған романыңызды әлдебіреу мақтап отырады. Сіз ұнатқан жазушыны енді бір оқырман қабылдай алмайды. Бұл талғамның ғана шаруасы емес. Сізге ұнамаған мықты жазушыны қабылдай алмағаныңыз талғамсыздығыңыздан емес. Оны басқалар жаппай мадақтап жатса, олардың бәрін тағы талғамды дей алмассыз. Сюжеттің генийі атанған О Генриді Американың академиялық оқымыстылары қабылдай алмапты. Одан жазушы әлемнің классигі болмай қалған жоқ. Ал академиялық орта (бізде де) жаппай мақтап, шығармаларына том-том зерттеу арнаған, бірақ тегіс әдеби қауымды мойындата алмаған қанша жазушы бар.

Бұл – тақырыптың, өмірді білудің, интеллектуалдық деңгейде жанрдың шаруасы. Әр оқырман өзіне жақын тақырыпты жақсы түсінеді. Өзі білетін өмір туралы шығарманы әр талшығына дейін сезініп ұғады. Кейіпкердің жан дүниесін, толқынысын, қайғы-шерін, арман-аңсарын жүрегінен өткізіп оқиды. Өзің білмейтін өмірді, өмірлік ситуацияларды түсіну қиын (Бір қызығы өзі білмейтін өмірді жазуға құштар қалам иелері бар!). Ал Адам Ата заузатының ғұмыры бір-біріне тым ұқсас. Табиғаты да бір. Қайғысы, мұңы, қалауы ортақ. Бәлкім, сондықтан әдебиеттанушылар шартты түрде 33 сюжет бар дейді. Осы сюжеттер жазушының айтпақ ойы, жеткізбек сөзіне байланысты түрленіп отырмақ.

Соңғы кездері қазақ әдебиетінің енді бүршік жарып келе жатқан жас жазушыларының қалам тартысы, ой қуаты, ізденіс өрісі оқырман қауымды елең еткізердей. Жасы үлкен болса да, «Қазақ пен қала» байқауынан кейін ашылып, көзге түскен Жадыра Шамұратованың, алдымен тәптәуір өлең жазып, кейін бір жола прозаға бет қойған Есбол Нұрахметтің, алғашқы әңгімелері иқы-жиқы басталып, кейінгі кезде ізденісімен де, ойымен де әңгімелерінің бағасын өсірген Досхан Жылқыбайдың, әр әңгімесімен орныққан көзқарасын, қаламгер ретінде алаңын (Алаң кез келген адамда бар. Журналисттер де алаңдап мәселе көтеріп жатады. Бірақ көңіл алаңын әңгіме арқылы беріп, онысын өз тұжырымымен ұсына алу бір басқа) байқата алған Әлішер Рахат пен Думан Терлікбаевтың, қиялымен еркін жұмыс істей алатын, батыл ойлайтын (шығармашылық тұрғыда) Әлихан Жақсылықтың аяқ алыстары алдындағы ағаларынан да, өз тұрғыластарынан да өзгеше деп айтар едім.

Осы қатарға қосқым келетін, бірақ алғашқы әңгімелері ұнап, кейінгі жазған бірнеше шығармалары көкейге күдікті сауал боп қалған екі жазушы жігіт бар. Олар Темірлан Қылышбек пен Думан Бақыткелді. Дебюттары сәтті болған екі жазушы жігіттің де шығармашылық потенциалдары жеткілікті. Тек қай бағытта жазарын, не жазарын анықтап алғандары дұрыс сияқты. Әзір кеш емес. Ертең отызға келгенде шығармашылықтары иі қанбаған терідей қоқиады да қалады.

Бұл жас қаламгерлердің қай-қайсының да шығармашылығы тоқталып, сөз қозғауға татиды. Бұл жігіттер біздіңше жазушылықты махаббатты жазу, ауылды жазу, тарихты жазу деп түсінбейді. Латын Америкасының әйгілі жазушылары мен ақындары тәуелсіздік үшін күрескенде «әдебиет – қару» деп шыққан. Және тәуелсіздіктеріне қол жеткізген. Біздің де әдебиетте, жалпы қоғамда осы тәуелсіздік үшін күрес жүріп жатыр. Ол күрес – рухани тәуелсіздік үшін, ой азаттығы үшін күрес. Осы жас қаламгерлердің күресі – сол майдан. Біз қай деңгейде рухани жақтан, идея тұрғысынан тәуелсізбіз? Жекелеген адамдардың өзі біреудің сөзіне, біреудің ойына тәуелді. Осындай кезеңде бізге көп ой, көп идея керек. Халықтың бостандығы, рухани тәуелсіздігі жазушының қаламымен келеді. Сол жолда осы жас қаламгерлердің шығармалары қару болса деп тілейсің.

Осы қатардағы Есбол Нұрахметтің жақында «Таусылмас түн» деген кітабы шықты. Новеллаларымен етене таныс оқырман Есболдың әр шығармасын қадағалап оқуға тырысады.

Кітабындағы әңгімелердің орналасуына қарасам жазылу уақыттары бойынша берілмеген сияқты. «Неке» әңгімесінен кейінгі «Итке» дейінгі шығармалар бояуы жағынан да, концептуалды ой жағынан да өзге шығармаларынан солғын. «Күзің қоңыр кешінде», «Мейірім», «Пенде», «Қабір басында» шығармалары кітаптың алғашқы беттеріндегі дүниелердей әсер қалдырмайды. Сюжет пен ой қабысып кете алмай, ой сюжеттің дамыр қапысын аңдып, бірақ шығар саңылау таппай қалғандай болады.

Жинақтағы жазушының қалам қабілетін, ой өрісін аңдататын шығармалардың өзінен де Есболдың шығармасын концептуалды ойға құратынын байқаймыз. Я керісінше өмірлік жәйттардан ой іздейді. Оның кейіпкерлері мазасыз тіршілік кешуі мүмкін. Бірақ сол мазасыз тіршіліктің мағыналы келбетін сызады. Әр нәрсеге сырттан қарап, бағалап, бағамдап, қорытады.

Жазушының шығармаларына ортақ кейіпкер болып жүретін жазушы, я журналист бар. Және ол ылғи жалдамалы пәтерде жүреді. «Журналист, молда, киллер және жезөкше» шығармасында журналист жұпыны жалдамалы пәтерде тұрады. «Тарақандар» әңгімесіндегі кейіпкер базар маңындағы жатақханалардың бірін келіп паналайды. «Жар басындағы алтын тақтағы» Нұрлыбек те – журналист, пәтер жалдап тұрады. «Неке» әңгімесінде де Қанат – жалдамалы пәтер тұрғыны.

Есболдың шығармаларының ішіндегі алғаш оқығаным «Тарақандар» мен «Қайыршы» еді. Осы екі новелла Есбол шығармашылығының бұрылыс кезеңін айқындап тұрған негізгі шығармалар  секілді. Содан кейінгі новеллаларының дені қалыптасқан, жатық қаламнан шыққанын байқатып тұрады. Есбол жазу тілін, таңдаған стилін сезіне алады. Оның юморы да, сарказмы да бір семантикалық өрісте қабысады. Және оны оқырман сезе алатындай жеткізеді.

«Тарақандарда» екі түрлі шешім бар. Жатақханадағы әйелдің бірінен тарақандардан қалай құтыларын сұраса: «Ұлым министрлікте жұмыс істеп жатыр. Жақында үш бөлмелі пәтер аламыз. Кетеміз» дейді. Енді бірі үй салып жатады. Бірақ  жазушы жігіт ешкімнің көшпегенін, бәрі сол қалпында екенін айтады. Осы жерде «кішкентай адамдардың» «зор көкіректері» көрінеді. Мінездері байқалады.

Екінші жағынан сол жатақханада тұрып жатқан адамдардың өздері – тарақандар. Бұл жағынан Есболдың шығармасы әйгілі «Паразиты» фильмімен мағыналық жақындық табады. «Тарақандарды» осыдан 3-4 жыл бұрын оқығам. «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан. Кейін «Паразиты» фильмі шыққанда осыны айтысып әзілдескеніміз бар еді.

Есболдың кейіпкерлері әр алуан. Бай да бар, кедей де бар. Сұлу да бар, сылқым да бар. Ситуациялар да, сюжеттер де әртүрлі.

«Неке» әңгімесіндегі «қолда барда алтынның қадірі жоқ» болатын адам психологиясын жап-жақсы ашады. Жақсылық жасаймын деп жүріп жасандылыққа ұрынған, онысы үшін өзін ар сотына салып, кейін еті үйренген Қанаттың «мен өзгерген жоқпын» деген бір ауыз сөзі осы Қанат о баста қандай жігіт еді деген ойға қалдырады. Адам бойында қарама-қайшы мінездің бәрі де болады. Бірақ соны қалай тәрбиелейсің, қандай болғың келеді, яғни пенде ретінде таңдауың қалай, өзің де сондай болып шығасың. Тек сол қасиеттерді ояту керек. Ең ізгі адамның бойында қатыгездік жоқ дей алмайсыз. Бар. Бірақ ол оянбаған. Ең жаман адамның бойында ізгілік жоқ деп кесіп тастауға да хақыңыз жоқ. Оны тәрбиелеу керек. «Иуданың кескіні» деп аталатын атақты әңгімедегі суретшінің басынан өткеретін оқиғасы есіңізде шығар. Ғайса пайғамбар мен Иуданың бейнесін салмақ болған суретші ақырында бір адамның бала күні мен маскүнем кезін салып шықпайтын ба еді?! Осындай оқиғалардың аналогтарын әлем тарихынан ондап, бәлкім, жүздеп кездестіруге болады. Есбол да адам жанының қарама-қайшылығын осы жақсы әңгімесі арқылы әдемі жеткізеді.

«Таусылмас түн», «Жаңа жыл түні», кітапқа енбеген «Алма» новеллалары да пенде бойындағы жыпырлап жататын сезімдерді, адам психологиясындағы қанағатсыздықты, екіжүзділікті, есе қайтаруды нәзік жеткізеді.

Қысқа жазу - аз жазу емес. Шағын әңгімелер жазса да, мол шығармашылық өнім беруге болады.  Есбол өз жанрын тапқан сияқты. Одан роман, повесть күтудің керегі жоқ. Жазса, жазар. Жазбаса, неге жазбадың дер біз жоқ. Бір кездердегі жазушының жазушылығын кірпіштей қалың эпопеямен өлшейтін өлшем қазір тағы жоқ.

Осы кітаптағы Есбол шығармаларының ішінде бөлекше тұрғаны – «Табақ бет, таңқы танау». Бұл новелласы арқылы жазушы қоғамды, жүйені сынайды. Стандартқа түсіп бара жатқан қоғам мүшелерін әшкерелейді. Сол айтқан қоғам айнасы дегеніміз – осы.

Бұл шығармасын оқыған кез келген оқырман ойланады. Бірдеңе айтқысы келеді. Есболдың бір артықшылығы оқырманына айтатын дүние қалдырады. Осы қасиет аталған жас жазушылардың деніне тән. Кейінгі жігіттердің шығармаларын оқығанда осы ойға бекисің. Бұлардан үлкен жазушыларды оқығанда, кейіпкерлерінің сөздерін, мінездерін, бұрынғы бір айналымдағы мәселелерді талқылап кеткендей боласың. Ал қазіргі жас жазушылар тиянақты ойға, көзқарасқа жүгінетіндей. Позицияларын айқындап алған, өздерін мазалап жүрген мәселелері бар. Ол бір жеке бастың да дүниесі емес. Біреудің басынан өткерген хикаясы да емес. Қоғамдағы құбылыстар. Соған байыппен қарап, байсалды тұжырым жасағылары келеді. Жазуға жазушы боламын деп қана қарамайтындай. Әбішше айтқанда, әйтеуір, біртүрлі өзгешелік бар. Сол өзгешеліктері одан ары бедерлене түсіп, тереңдей беріп, әдебиет көшіне сән бере түссе дейсің.

Байланысты жаналықтар

Imanbek: Бір хиттік жұлдыз емес екенімді дәлелдеймін

16.03.2021

MalimWomen. Шатуновтың қазақ анасы

23.04.2021

12 гол жіберген Сандалова эмоциясын жасыра алмапты

08.12.2020

Әкім Әбдіқалықова айтыскерге ақша берді

10.12.2020

Кирилше «Ң ң» деп белгіленіп келген дауыссыз дыбыс жайлы

07.04.2021

Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай «құрмет-қошеметке» қарсы

18.03.2021