Үкімет ай қарап отыр ма: 187 мың науқастың көз жасы

Malim Админ

  • 29.07.2020

Коронавирус індеті қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға қиынға соғып жатыр. Онсыз да ауыр дертпен алысып жүрген жандар кезекті химиотерапияны алу үшін көптеген анализбен қоса коронавирусқа анықтайтын ПТР тест тапсыруға мәжбүр. ПТР тест іздеп әуре-сарсаңға түсетін науқастар емді кешіктіріп алып жатқанын айтады. Оны былай қойғанда, иммунитеті әлсіз науқастар анализ тапсырып жүргенде коронавирус жұқтырып алудан қорқады.

ПТР тестің әлегі

Қазақстанда 187 мыңнан астам адам қатерлі ісік ауруына шалдыққан. 2018 жылғы дерек бойынша, бұл 100 мың адамға шаққанда 195,7 адам. Пандемия басталғалы бері онкологиямен ауыратындардың ем алуы қиындаған.

Алматы тұрғыны, 42 жастағы Ольга Чуманова тоқ ішектің қатерлі ісігі дертіне шалдыққан. Алматы онкология орталығында ем алатын Ольга Чуманова 4-ші және 5-химиотерапиясын аларда ПТР тест іздеп әбден әуреге түскен.

"Тегін тест жасайтын зертхананы әрең таптым. Онкологиялық науқастар тест іздеп әбден сабылды. Енді бірі ақылы анализ тапсырды. Өйткені ПТР тест болмаса, химиотерапия ала алмайсың. Кейбір адамдар осының кесірінен емін кешіктіріп алды", - дейді О.Чуманова.

Онкологиямен ауыратын науқастарға ПТР тест өздері тіркелген емханада тегін жасалуы міндетті. Алайда емханада тестің реагенттері әр уақытта бола бермейді. Сондықтан кей науқастар ақылы ПТР тест тапсыруға мәжбүр.

Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар емін алардан бұрын ПТР тестен бөлек, вирусты гепатит, СПИД, басқа да ауруларға тексеріліп, анализ тапсыруы керек. "Біз онсыз да ауыр дертпен күресіп жүрміз, өзімізді үнемі жақсы сезінбейміз. Сондай кезде ары-бері жүру ауыр. Мен тіркелген аурухананың бас дәрігері түсіністікпен қарап, кей анализді үйімнен алатын болды. Бірақ көптеген науқас химиотерапияға жатпас бұрын анализді жинап табанынан таусылады", - дейді Ольга Чуманова.

[caption id="attachment_6158" align="alignleft" width="181"] Ләззат Сұлтанова[/caption]

Химияоерапия алу үшін табанынан таусылып, әбден әуреге түсетін науқастардың бірі – Ләззат Сұлтанова. Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылының 47 жастағы тұрғыны онкологиялық ауруханаға жатпас бұрын ауылдан аудан орталығы Талғарға қайта-қайта қатынап, аудандық ауруханада анализ тапсыратынын айтады.

"Көкірегімде ісік бар. Соны алдырту үшін 8 химиотерапия алу керек. Химиотерапияға жату үшін бірталай анализ тапсырамыз. Бауырымды тексертемін. Пандемия басталғалы коронавирусқа анықтайтын анализ шықты. Ол жеті күнге жарамды. Анализдерді түгел тапсырып, портал аштырамын дегенше, коронавирусқа анықтайтын тестің уақыты өтіп кетеді. Сөйтіп, портал дайын болғанда, ПТР тесті қайта тапсыруға тура келеді. Сөйтіп, қайтадан ары-бері жүріп сабыламын", - дейді Л.Сұлтанова.

Бұл мәселе аймақтағы науқастардың да басында бар. Атыраулық Айзат Қарымсақова 32 жастағы әпкесі Айғаным Қарымсақова екі апта сайын химиотерапия алатындықтан, ПТР тапшылығы кесірінен емі кешігетінін жеткізді. "Әпкем Құлсарыда тұрады. Емханада ПТР тестің реагенттері бітіп қалған кездер болды. Тесті екі апта сайын ақылы тапсыру қымбатқа түседі. Оның үстіне әр химия сайын ПТР іздеп тапсырып жүргенде, вирус жұқтырып алуы мүмкін. Екіншіден, химиотерапияны уақытында ала алмай қалса, емнің пайдасы болмайды", - дейді Айзат Қарымсақова.

Әпкесіне ауруханаға жатуға көмектесіп, қарайласып жүрген А.Қарымсақова онкологиямен ауыратын жандарға коронавирус анықтайтын ПТР немесе экспресс тест диспансерге жатардың алдында жасалса дейді. "Тест іздеп сабылу ауыр дертпен күресіп жүргендер үшін үлкен стресс. Денсаулық сақтау министрлігінің осы мәселені 2-3 айда шешпеген. Неге диспансерге жатар алдында сол жерде экспресс тест алуға рұқсат етпейді немесе арнайы онкологиялық аурулар үшін ПТР тесті жасамайды?" - дейді ол.

Ольга Чуманованың айтуынша,  ПТР тест кесірінен бесінші химиотерапияны бес күнге кешіктіріп алған. "Химиотерапияны уақытында алу керек. Оны алу ауыр, басым айналады, омыртқаға салмақ түседі. ПТР тесті үйде тегін тапсыра алмасақ, ең болмаса өзіміз тіркелген емхана, тіпті онкология орталығында тапсыра алсақ жақсы болар еді. Онкология орталығында бөлек палата ашып, ПТР тест нәтижесі дайын болғанша, науқастарды сонда жатқызуға болады. Бұл науқастардың да, дәрігерлердің де уақытын үнемдер еді", - дейді О.Чуманова.

Науқастардың өтініші

Жаман ауруға шалдыққандар пандемия кезінде басқа да мәселелерге тап болды. Ольга Чуманова сәуір айынан бері метастазға қарсы препарат болмағанын айтады. "Метастазды ағзаға таратпайтын препаратты тек маусым айынан қабылдай бастадым. Қазақстанда онкологиямен 187 мың адам ауырады. Осы науқастардың ортақ базасын жасап қоюға болады ғой. Сонда кімнің денсаулығы қандай, қандай препаратпен емделеді, бәрі көрініп тұрса, құба-құп. Кейде препарат болмай қалса, ол қандай орталықта бар екенін көре алар едік. Оның үстіне анализдерді тапсырған соң, сол база арқылы автоматты түрде химия терапияға жіберсе, бізге де, дәрігерлерге де оңай болар еді", - дейді О.Чуманова.

Шілденің 28-і күні Алматы өңірлік коммуникациялар орталығында брифинг берген Алматы онкология орталығының директоры Нұрсұлтан Ізмағамбетов онкологияны емдейтін кей препараттардың тапшы екенін мойындады. Директордың айтуынша, жыл басында қажет дәрі-дәрмектің бәрі артығымен сатып алынды. Алайда сүйектегі метастазды тоқтататын дәрілер жетпей қалған. "СҚ-Фармация" жыл басынан бері золедрон қышқылы, бонефос тәрізді сүйектегі метастазға қарсы препараттардың бірде-бір данасын бермеді. Өзіміз тасымалдаушылардан сатып алдық, бірақ ол маусым айының ортасына дейін ғана жетті. Оны басқа дәрімен алмастыруға тырысып жатырмыз, бірақ ол дәрігердің жағымсыз әсері көбірек", - деді Н.Ізмағамбетов.

Қазіргі кезде қатерлі ісікке шалдыққандарға мүгедектікті рәсімдеу қосымша мәселеге айналды. "Мүгедектік қатерлі ісікке шалдыққан науқас ретінде тіркеуге тұрған соң төрт айдан кейін ғана рәсімделеді. Оны рәсімдеу үшін тағы анализдер тапсырып, тексерістен өту керек. Мысалы, ішегімнің бір бөлігі алынып тасталған. Ол төрт айда қайта өсіп шықпайды ғой. Екіншіден, мұндай операциядан кейін көп жүруге болмайды, үйде жату керек. Ал біз болсақ анализ тапсырып, оны дәрігерге апарып жүрміз. Осыны шешуге болады ғой", - дейді ол.

Ал Ләззат Сұлтанова 2-топ мүгедектігі үшін берілетін ай сайынғы жәрдемақысы жұғын болмайтынын жеткізді. "Айына 46 мың теңге аламын. Әр химиотерапиядан кейін қалпыма келу үшін витамин салдыру керек. Химия бауырға қатты әсер етеді. Бауырымды емдеймін. Онкологиялық науқастарға ем тегін дейді. Бірақ анализдер мен химия ғана тегін. Қалғанын сатып алуға тура келеді. Жалғызбасты анамын. Қызым 12 жаста. Маған көмектесетін жанашыр ағайын-туысым жоқ. Тұрып жатқан пәтердің коммуналдық ақысын төлеймін. Анализ тапсыру үшін Талғарға 10-15 рет баруға тура келеді. Әр барып келгенім 1500 теңге. Бұл жәрдемақы жыртығымды жамамайды", - дейді Л.Сұлтанова.

Ләззат Сұлтанова барлық анализді тапсырғанымен, кезекті химиотерапияны ала алмады. Өйткені бауыр гепатозы анықталып, дәрігер бауырын емдеуге жіберген. Жәрдемақысын күнкөрісі мен еміне жеткізе алмай жатқан жалғызбасты ана Л.Сұлтанова көпшіліктен көмек сұрайды. Л.Сұлтанованың өз өтініші бойынша оның карточкасының нөмірін беріп отырмыз.

 

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Қазақстанда жыл сайын 39 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады

13.07.2023

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

27.09.2022

Маска режимі қайта оралуы мүмкін  

30.06.2022
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Қазақстанда жыл сайын 39 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады

Қазақстанда жылына 39 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығып, соның 14 мыңнан астамы қайтыс болған. Қазіргі таңда онкологиялық есепте 200 мыңнан астам қазақстандық тұр.

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

Kaspi.kz Цифрландыру министрлігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жаңа сервисті іске қосты.

Маска режимі қайта оралуы мүмкін  

Ауру жұқтырғандар саны тәулігіне 100 адамға дейін жетіп отыр