Газымыз арзан деп жүргенде газсыз қалмаймыз ба?

Malim Админ

  • 28.08.2020

Қазақстанда газдандыру жұмысы әсіресе соңғы жылдары қарқынды жүрді. Осы күні қарапайым тұрғындар да көгілдір отынды тұтынудың тиімділігін әбден түсінген. Соңғы көрсеткіштер бойынша газ тұтынушылар саны 51 пайызға артқанының өзі көп нәрседен хабар береді. Жұрт қыста көмір жаққаннан гөрі газ тұтынудың әлдеқайда арзанға түсетінін жақсы біледі. Бірақ, мұнайға баймыз деп мақтанғанды жақсы көретін қазақ өздері тұтынып отырған газ бағасының өзгелерден әлдеқайда арзан екеніне мән беріп көрді ме екен...

Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Азаматтары газды көп тұтынуға және арзан бағаға сатып алуға мүмкіндігі бар елдердің көш басында Қазақстан тұр. 2019-2020 жылғы халықаралық рейтинг бойынша Қазақстан газ бағасы ең арзан ел ретінде танылған. Көрсеткішке сәйкес, біздің орташа жалақы алатын әр тұрғын 8,8 текше метр газ сатып ала алады.

«РИА Новости» сайты жүргізген рейтингте Қазақстаннан кейінгі тізімде Люксембург, Ресей, Ұлыбритания мемлекеттері тұр. Бірақ, бұл жерде орташа жалақы көрсеткішіне ерекше мән беру керек. Мәселен, газды көп тұтынуға мүмкіндігі бар екінші мемлекет Люксембургте газ бағасы біздегіден 10 есе қымбат. Қазақстандықтар мың текше метр газды 44,7 долларға тұтынса, Люксембургте бұл көлемдегі газ үшін 467,8 доллар төленеді. Әрине, Люксембугте орташа жалақы 7,4 мың АҚШ доллары болса, Қазақстанда 2019 жылғы көрсеткіш бойынша 191,1 мың (398 доллар) теңгені құраған. Орташа жалақы Люксембургте 20 еседей көп, газ 10 есе қымбат. Соған қарамастан, бұл ел газды біздің тұрғындардан аз тұтынады (8,3 мың текше метр).

- Бізде газ бағасы арзан ба, қымбат па, ол жағын ойламаппын. Біз мұнайлы елміз ғой, сондықтан арзан болуы заңды деп ойлаймын. Көмір жаққаннан гөрі газ пайдаланған жақсы ғой, әрине. Бізге газ келгелі көп болған жоқ, бірақ, өте тиімді. Уақытқа да, ақшаға да үнем. Жазда аз кететіндіктен, артығымен төлеп, қыста қысылып қалмаудың амалын да ойластырамыз. Бұл төлем жүйесі бізге өте ыңғайлы, - дейді Алматы облысы Талғар ауданы Бірлік ауылының тұрғыны Асхат Әлдибеков.

Қазақстанда 1 текше метр газдың бағасы орташа есеппен 18,5 теңгені құрайды. Бұл әлемдегі ең арзан баға екенін айтып өттік. Ал, ең қымбат баға Щвецияда – бұл ел тұрғындары 1 текше метр газ үшін 575 теңге төлейді. Яғни, бізден 30 есе қымбат. Бұл елде орташа жалақы 4 448,6 доллар болғанына қарамастан, бұл баға олар үшін өте қымбат екені түсінікті (швециялықтардың мұншалық қымбат отынды көп пайдаланбайтыны да содан).

Сонда, елді газбен қамтамасыз етуші «ҚазТранГаз» Компаниясы өзінің шығынын қалай өтеп, қалай пайда тауып жүр деген сұрақ туындайды. Өйткені ұлттық оператордың Амангелді кен орнынан басқа газ өндіретін кеніші жоқ. Оның өзі Жамбыл облысының қажетіне ғана жетеді. Қалған газды жер қойнауын пайдаланушылардан тікелей сатып алып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр.

Компания өкілдерінің хабарлауынша, қазір ішкі нарықтағы газ тұтынуға байланысты баға саясатын реформалау туралы талқылау жүріп жатыр.

«Газдың ішкі нарықтағы бағасын реттеуді Үкімет пен министрліктер, Энергетика министрлігі және табиғи монополияларды реттеу комитеті шешеді. Ұлттық оператор тарифті күрт емес біртіндеп өсіру керек деп санайды», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Демек, қалай дегенде де алдағы уақытта газ бағасын көтеру мәселесі туындайтыны анық. Оған бірнеше себеп бар. Соның ең бастысы – газ экспортының күрт құлдырауы. Коронавирус пандемиясы тарала бастағанда-ақ әлем бұдан былай мұнайға деген сұраныстың азаятынын болжаған. Дегендей болды, мұнай бағасы рекордтық деңгейде төмендеді. Шекаралар жаппай жабылып, алыс-беріс, барыс-келіс кілт тоқтағанда, көптеген елдерде қаржылық дағдарыс басталып кетті. Артынша біраз елдер сырттан алатын табиғи отынды тұтынуды азайтты. Тиісінше мұнай өндіруші елдер де мұнай өндіру жұмысын бәсеңдете бастады. Сұраныс азайған соң, әрине, солай болады. ОПЕК-тіңде газ өндіруді азайту туралы шешімді жайдан жай қабылдай салмағаны анық.

Мәселен, Қытай құбыр арқылы сырттан таситын газ көлемін 23 пайызға азайтқан. Қазақстан бұл көршімізге 2017 жылдан бері газ экспорттайды. 2018 жылы  «ҚазТрансГаз» АҚ Қытайға газ экспорттағанның арқасында жалпы пайдасы 1,5 есе артқанын (осы жылдың алғашқы 9 айындағы көрсеткіш)хабарлағаны есте. Және ол пайданың ішкі тұтынушыларды арзан газбен қамтамасыз етуге жұмсалатыны да айтылған. Демек, «ҚазТрансГаз» АҚ негізгі табысты ішкі тұтынудан емес, экспорттан тауып келген. Әлеуметтік міндеттемелер мен ішкі тұтынудың шығынын сыртқа сатылған газдың есебінен жауып келген ұлттық оператор коронавирусқа байланысты туындаған дағдарысты қалай шешпек? Бұл Қазақстанды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге кесірін тигізбей ме?

Бұл сұраққа Парламент Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Ләззат Қиынов былай жауап беріпті:

«ТМД-дағы ең төменгі газ бағасы – біздің елге тиесілі. Мәселен, Қазақстанда газдың 1 текше метрі орташа есеппен 18,5 теңгені тұрады. Бұл баға Ресейдегіден екі есе және Қырғыз еліне қарағанда 5 есе арзан. Бүгіндері пәтері бар тұрғынның ай сайынғы газға кететін шығынының құны орта есеппен 1,7%, яғни, алғанда коммуналдық қызмет құнының 600 теңгесіне жуық. Ал бұл жылу шығындарынан 16 есе, интернет пен телефоннан 12 есе, электр энергиясынан 6 есе аз, тіпті, қоқыс шығаруға кететін шығынның өзі газдан екі есе қымбат тұрады».

Техника ғылымдарының докторы пандемия тудырған қиындықтар газ саласына үлкен соққы болып тиюі мүмкін деп қауіп қылады. «Үкіметтез арада ойластырып, шұғыл шешім қабылдамаса, ертең суық күндері қарапайым халық қиналып қалады», - дейді Қиынов.

Расында, ең арзан газ тұтынып отырмыз, мұнайлы елміз деп арқаны кеңге салып жүріп, қыс келгенде газсыз қалмаймыз ба? Үкіметтің не ойлағаны бар екен... Бағаны өсіре ме, әлде онсыз да карантиннен титықтап шыққан халықтың жағдайын ескеріп, арба сынбайтын, өгіз өлмейтін басқа бір жол таба ма?

Пандемиядан кейінгі әлем мүлде басқаша болады деп болжанды ғой. Соның бірі – осы мұнайдың орнын жаңартылатын энергия көздері басады деген гәп. Бірақ, әлем есін жиғанша, жаңа энергияға жаппай ауысып болғанша қай заман?! Бір анығы, алдағы жылдары газ мәселесі қазақтың басын аз ауыртпайтын сияқты.

Байланысты жаналықтар

Ақталғыш Ахметов, Тоқаев жолдаған «сәлем» және Сқақовтың тағдыры

12.12.2022
MalimBlocks
Ақталғыш Ахметов, Тоқаев жолдаған «сәлем» және Сқақовтың тағдыры

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке «сәлем» жолдады. Ол ШҚО әкімінің осыдан бірнеше күн бұрын айтқан сөзіне кереғар пікір білдіріп, жылыту жүйелеріндегі ақауға тек үкімет қана емес, әкімдер де кінәлі екенін айтты.