Министр Цой Тоқаевтың тапсырмасын әлі орындамапты

  • 23.09.2020
  • Malim Админ

Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙДЫ Nur Otan партиясы іздеп жатыр. Олар оны партия фракциясында тергемек сияқты. Өйткені, ол осыдан 6 ай бұрын Тоқаев берген тапсырманы әлі орындамапты.

«Нұротандықтар» Мәжіліс төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИНМЕН қосылып, осы уаққа дейін медицина қызметкерлеріне берілуге тиіс өтемақыны әлі күнге не үшін бермей жүргені жайлы есеп сұрамақ екен.

«Біз президиумда жақын арада Nur Otan партиясы фракциясына министр Цойды өзге меморгандар жетекшілерімен қосып шақырамыз деп айтқанбыз, есеп берсін. Міне, жарты жыл боп қалды, президенттің тікелей тапсырмасы (медқызметкерлерге төленетін өтемақы) әлі орындалмай келе жатыр. Не боп жатыр? Медицина қызметкерлері қиын жағдайда жұмыс істеді, ең алдыңғы шепте болды, біреулерінің денсаулығы құрыды, біреулері қайтыс болды – сонда да орындалмапты», - деді нығматуллин мәжілістің пленарлық отырысында.

Бұл мәселені көтерген депутат Зәуреш АМАНЖОЛОВА екен. Ол COVID-19-ға байланысты жұмыс істеген медқызметкерлерге берілуге тиіс өтемақы сонау наурыз айында тағайындалғанын, бірақ, әлі күнге берілмегенін алға тартады.

«Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 22 қыркүйегіндегі мәліметі бойынша, 12 830 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Бұған қоса, Еңбек министрлігінің күнделікті мониторингіне сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігінен 2475 өтініш қана түскен, бұл ауырғандардың 19 пайызын ғана құрайды. Ал, бір реттік әлеуметтік көмекті 1830 адам ғана алған, яғни, ауырғандардың 14,3 пайызы. Қайтыс болған медицина қызметкерлеріне берілген төлемнің жайы бұдан да жаман. Міне, 197 медицина қызметкері қайтыс болған, Денсауминнен өтемақы төлеуге бар болғаны 38 өтініш түскен, яғни, 19,2 пайыз, оның тек 25-іне ғана өтемақы берілген, бұл қайтыс болғандардың 12,7 пайызы ғана. Сұрақ туындайды: неге сонша ұзақ, 5 айдан астам уақыт бойы қағазбастылыққа салынып, министрліктер жауапкершілікті бір біріне итеріп қойып жүр?"

Айта кету керек, президенттің тапсырмасына орай 9 сәуірдегі қос министрліктің бірлескен шешімі бойынша ауру жұқтырған медқызметкерлерге – 2 млн, қайтыс болғандардың отбасына  - 10 млн теңге көлемінде өтемақы төленуге тиіс болатын.

Бұл бір бүгін Мәжілісте көтерілген мәселе емес, медицина қызметкерлері бұған дейін де бірнеше рет өздеріне төленуге тиіс өтемақыны әлі алмағандарын айтып, наразылық білдірген.

Байланысты жаналықтар

Соңғы жазба: "Еш жерің ауырмай оянудың өзі бақыт"

18.05.2020

"Денсаулық сақтау жүйесінің шамасы жоқ"

27.06.2020

Бас мүфти ауысты

07.02.2020

«Nur Otan» партиясының Түркістанға сапары

27.02.2020

Алмаз Шарман: Бәрібір вакцина салдырған дұрыс

17.09.2020

Ішімдік – жүйке уы

19.02.2020