Көрші елдерде қалыңмал қанша, жасау қандай?

  • 28.09.2020
  • Malim Админ

Қазақстандықтарға көршілес, Орта Азия елдерінде қалың мал төлеу дәстүрі қай деңгейде, бізден арзан ба, қымбат па деген сұрақ қызық болатыны сөзсіз. Malim.kz осы мақсатта оқырмандарына «Настоящее время» сайты жариялаған зерттеу материалды ұсынғанды жөн көрді.

«Қалыңмал және жасау: Орта Азияда келін мен күйеу жігіт үшін қанша төленеді және бұл қандай проблема тудырады?» атты мақалада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты елдердегі қазіргі қалың мал мен жасау мәселесі бойынша кейіпкерлер сөйлейді.

«Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанда қыз бен жігіттің әке-шешесі бір біріне не үшін ақша береді және бұл той-құдалық дәстүрлері отбасылық қарым-қатынасқа, несие жырына және жастарға қалай әсер етеді?

«Енем мені жарымаған деп атайтын, менің әке-шешем туралы да жаман сөздер айтатын және өздері берген қалыңмалдың ақшасын қайда құртқанымды сұрайтын», - бұл душанбелік Азизаның өмір-тарихы және бұл соншалық ерекше оқиға емес. Қыздың әке-шешесі беретін жасау мен күйеу жағынан берілетін қалыңмал Орта Азия елдері өмірінің ажырамас бір бөлігі. Тіпті, кей жағдайда отбасылық проблеманың негізі.

Азиза күйеуге бір жыл бұрын, 20 жасында шыққан. Күйеуінің туыстары қалыңмал деп 2 мың $ әкеліпті. Азизаның әкесі – әскери адам, шешесі – сатушы. Жасау үшін әрі той өткізу үшін банктен 3 мың $ несие алыпты. Әке-шешесі тұрмыстық заттар, әшейкейлер, көрпе-жастық, жамылғы сатып алып, күйеу баланың үйіндегі жатын бөлмені толықтай жабдықтап, болашақ күйеуінің отбасына сыйлықтар таңдаған.

«Тойдан кейінгі алғашқы күні енем мен қайын бикем біздің бөлмеге кірді де, менің артымнан келген барлық заттарды қарай бастады. Мен қарап тұр-ау деген жоқ: жиһаздарды ұстап көрді, қораптарды ашып, ыдыс-аяқтарды тексерді. Енем менің отбасым неге «конфорлы пеш» әкелмеген деп сұрады. Мен ақша жетпегенін айттым, оның үстіне, осы үйде де бар екен ғой дедім. Осыдан бастап күн сайынғы бітпейтін жазғырулар басталды», - деп еске алады Азиза.

«Мен бұл туралы әке-шешеме айттым. Мені бұдан ары қинамасын деп, әкем конфорлы пеш сатып алып, әкеп берді». Бірақ, бұдан соң де ештеңе өзгермеген, жақтырмаушылық сол қалпында жалғасып келеді. Күйеуі мүлде сөзін сөйлемейді, бұлар қалыңмалға апарған үлкен сомаға не керектің бәрін сатып алу керек еді деп өзін кінәлайды екен.

Қыздың бағасы

Тәжікстанда жасауды қыз мектепте жүргенде-ақ жинай бастайды. Жігіт өз кезегінде қыздың туғандарына қалыңмал төлеуге тиіс. Бұл дәстүр негізінен ауылдық жерлер мен елдің оңтүстігінде сақталған.

Ертеректе солтүстік және шығыс өңірлерде қызға «сарупо» - киімдер мен аяқ киімдер жиынтығы – әкелетін болған. Бұл салт қазір де кейбір аймақтарда сақталған. Бірақ, негізінен киім-кешектің орнына 1 мың $-дан 3 мың $-ға дейін ақша бере салады.

Қыз жақ жасауды дайындау үшін 5 мың $ шамасында ақша жұмсайды: тұрмыстық техника, жиһаз, кілем, іші түрлі матаға толтырылған сандық, көйлектер, бірнеше жұп аяқ киім, әшекей бүйымдар, фарфор ыдыстар және төсек-орын жабдықтары. Бұдан бөлек қыздың отбасы жас жұбайлардың жатын бөлмесін толықтай жабдықтауға тиіс.

Ұлым мұндай әйел алсын дегем жоқ

Зебоның үш ұлы бар. Ешқайсысы жоғарғы білім алмаған. Өз тойларының ақшасын өздері жинаған. Ресейде жұмыс істеп жүріп...

Зебо кенже ұлы Далерге ауылдық жерден қыз таңдапты. Ол Ресейден осы жазда Душанбеге келген де, көп созбай үйленген. Далер болашақ жарын неке қию кезінде бір-ақ көрген. Қалыңмал ретінде қыз жағына 15 мың сомони (1,5 мың $) беріпті.

«Қыз жақ кедей болған соң, біз оларға айттық, жатын бөлмені жабдықтап керегі жоқ, киім-кешек сатып алсын, көрпелер, үйге керек-жарақтар, кілем, тұрмыстық техникалар мен өзіне керекті заттарын алсын дедік. Бірақ, ол, былайша айтқанда, түксіз келді. Өзіне киім-кешек алыпты, бірер көрпе-жастық, бір кілем, ықыс-аяқ және сандық. Тұрмыстық техника атаулыдан «духовка» ғана бар, болды. Тіпті, кір жуғыш машина әкелмепті. Біз оларға 1500 $ бердік қой. Бұл ауылдық жер үшін аз ақша емес. Мен  бірден шешесіне звондап, айтып-айтып тастадым. Ол ақшалары жоқ екенін айтты, сосын біз ұрсысып қалдық. Мен балам мұндай әйел алсын дегем жоқ», - дейді Зебо. 

Енесі келінін қорлап отырады

«Ыңғайы келіп қалса болды, күйеуімнің әке-шешесі менің өте аз дүние әкелгенімді айтып, тиісіп қалады. Мұны күйеуім байқап қалды да, оларға ұрысты», - дейді Робия.

Оның сөзінше, әлі күнге қайын жұртымен дұрыс тіл табыса алмайды:

«Енем мені ылғи да құр алақан келгенімді айтып қорлайды. Күйеуім бұл қорлық туралы біледі, тағы біраз шыдай тұр, сосын пәтер жалдап, көшіп кетеміз деп айтады. Мен күйеуімнің отбасына ашуланбаймын. Біз жақта ылғи да солай болып келген: енесі келінін қинайды. Апаларымыз соған көнген, шешелеріміз де, бірақ, жаңа буын қазір басқа. Қыздар қорлыққа көне беру – ақымақшылық екенін түсіне бастады. Егер күйеуімді сүймесем, баяғыда-ақ кетіп қалар едім».

Түркияның киімін әкеледі деп ойладым, бірақ, олар сараңдық танытты

Осындай дәстүр Өзбекстанда да бар. Ол жақта қыз жақ жасау ретінде болашақ күйеу балаға және оның туыстарына киім апарады.

Бір жыл бұрын Науаида болған оқиға – күйеу жігіт қалыңдықтың туыстары әкелген киімді ұнатпай, оны тастап кеткені жайлы әлеуметтік желіде біраз талқыланды.

«Менің достарыма сарпоға (жасау ішіндегі күйеу балаға берілетін киім) Түркияның киімін әкелді. Маған да сөйтеді деп ойладым, өйткені, оның отбасының жағдайы жақсы болатын. Бірақ, олар сараңдық танытты, не киім екені, не басқа екені түсініксіз – Ғиждувонда жасалған өзбек трикотажын әкепті», - дейді болмай қалған күйеу жігіт Өзбекстанның мемлекеттік "Ёшлар" арнасы көрсеткен видеода.

Шешесі шаңсорғыш сатып әпермей, енесі шу шығарған

Наргиздың отбасында тұрмыстық техника үшін проблема пайда болған.

«Менің шешем шаңсорғыш сатып әпермеді, енем сол үшін шу шығарды. Мен де қатқыл жауап бердім. Сосын, ол күйеуіме: «Мынаны үйіне апарып таста, енді бізге керегі жоқ», деді. Күйеуім жиіркенішті болды мен үшін. Жақындасудан қаштым, бірақ, ол мені зорлады. Болары болған соң, ауыраяқ едім. Босанғанда күйеуім болған жоқ. Күйеуім мені тастап кеткен соң, шариғат бойынша тағы бір әйел алды. Баласы туралы сұрамайды да, алимент деген атымен жоқ», - дейді Наргиз.

Алдымен ақша, содаң кейін ғана құдалық

Қырғызстан мен Қазақстанда қалыңмалдың төменгі шегі 1000 $ төңірегінде. Қалыңдықтың жасауы осы сомаға сай немесе одан да көп болуы керек. Қалыңмалдың сомасы жайлы екі жақ алдын ала келіседі, содан кейін ғана ұл жақ қызға құдаласуға барады.

Жасау үшін жанжал

Бақыт 36 жаста, Қырғызстанда түрады, үйленген. Бірінші тойы болмай қалыпты – екі жақ қалыңмал мен жасау үшін ұрсысып қалған.

«22 жаста болдым, ол 18-де. Мен оны сүйдім. Ол бір байдың жалғыз қызы еді. Мен мигрант отбасының төрт ұлының бірімін. Әке-шешем Ресейден келді, 3 мың $ бермек болған, бірақ, оның әке-шешесі 10 мың $ сұрады. Қыздың жасауы кем дегенде 10 мың $ доллар тұрады деді, қымбат-қымбат ыдыстар, бриллиантар мен автокөлік дегендей», - дейді Бақыт.

Оның сөзінше, әкесі тойдан бас тартуға үгіттеп көргенмен, ол көнбей тұрып алыпты: «туыстардың бәрі қалыңмалға көмектесті, біз әупірімдеп жүріп 10 $ жинадық. «Осы аралықта қалыңдығым екеуміз бірнеше мәрте ренжістік. Оның әке-шешесін жек көріп кеттім, бірақ, ол – ол ма, нағыз азап жасау әкелгендегі менің әке-шешемнің әрекеті болды». 

Олар мұздатқыш пен салқындатқышты, шкаф пен қыздың киімдеріне дейін тәптіштеп есептеген. Сосын, мынаның бәрі қайткенде де 10 мың $-дан аспайтынын, қалыңмалды артық беріп жібергендерін айтыпты. Сосын Бақыттың қалыңдығы төркініне кетіп қалған.

«Олар келесі күні келіп, жасау-жабдықты тией бастады. Сосын бір ағасы менен қыздың «пәктігін» алдың ба деп сұрады. Әлбетте, біз жаттық. Сол жерде ол мен қызды «құртқаным» үшін жасауды алып кететінін, бірақ, қалыңмалды қайтармайтындарын айтты. Сол сәтте-ақ менің туыстарым қалыңмалды қайтармасаңдар, біз де бермейміз деп, жасау үшін төбелес шығарды».

«Қызымды алып кеттік, бірақ күйеуі жасауды қайтрағысы келмейді»

Қазақстандық Арқаттың қызын алып қашып кеткен.

«Біз артынан бардық – күйеу бала одан 10 жас үлкен екен, енді, отбасы жақсы, әке-шешесі – дәрігер, кедей емес екені көрініп тұр, оның үстіне қызым да оны бұрыннан таниды екен. Оның қалғысы келмеді, бірақ, әйелім ұят болады, оның үстіне күйеуге шықпайтыны бар, неменеге кездеседі деп, тұрып алды», - дейді Арқат.

Қызды алып қашып кетті деп қарап отыратын емес, жасауын жабдықтай бастаған.

«Біз банктен несие алдық. Бірнеше мың долларға айналды. Олар «сүт ақы» деп 1000 $ берді сосын той жасады. Несиенің ақшасына тағы да оның туыстарына сыйлықтар алдық. Бір жылдай өткенде, біз қызымызды күйеуінің ұратынын білдік, таяқтың кесірінен түсік тастады. Алып кетейік деп едік, өзі қалам деп шешті. Тағы бір жыл өткен соң ол екінші әйел алмақ болып, оны біздің қызымызбен таныстыруға алып кепті. Біз оны алып кеттік. Ал жасауды қайтарып аламыз деп бірнеше ай жүрдік. Күйеуі бергісі келмейді. Басқа әйелмен тұрып жатқан жатын бөлмеге кіріп, қызымыздың зттарын алып кеттік», - дейді ол.

Ықшамдалып алынды

Байланысты жаналықтар

Коронавирус: вакцина салу керек пе?

16.02.2021

Екі адам коронавирустан айықты

25.03.2020

Пандемиядан кейін онлайн курстар көбейеді

27.05.2020

Соғыстан кейін Совет әскері қайыр тілеп кетті

08.05.2020

Коронавирусқа шалдыққандар саны 300 мыңға жетіп қалды

20.04.2021

"Әкім Әбдіқалықова, жанайқайымызды тыңдаңыз!"

01.09.2020