Қазақ салт-дәстүрінің шығуының негізі бар

Қайбір жолы Алматыда атақты Бауыржан Момышұлының келіні – Зейнеп Ахметова халықпен кездесіп, тәлімге толы кеш өткізген болатын. Осы жүздесуде Зейнеп апа батыр атасынан қандай өнеге алғанын, ұрпақ тәрбиесі мен қазақ ұлтының салт-дәстүрі жайлы баяндап берген еді.

Malim Админ

  • 20.06.2024

«Тәртіпке бағынбайтын кісінің затын реттеп нең бар еді?»

Зейнеп Ахметованың әңгімелері арқылы батыр Бауыржан Момышұлының тұлғасын көпшілік тани түсті. Қатал, сұсты атасының тәрбиесінде шыңдалған Зейнеп ападан үйренеріміз көп.

"Жолдасым Бауыржанұлы Бақытжан Алматының асфальтында, балконда өскен бала. Мен болсам, ауылдан келдім. Ауылдағы апалардың тәрбиесінде өскем. Қыз күнімде "жалғыз болсаң өзің жалғызсың, қылығың жалғыз емес" деп шешем ұрсатын. Тіпті, жайылып тұрған жұдырығы лезде жұмыла кететін. Ерте жасымда кесте тігетінмін. 8-9 жасымда нанды дөңгелетіп жаятынмын".

Зейнеп апа мына оқиғаны айтып берді: "Жүзімдей үлбіреп тұрған жас кезім еді. Қазір ғой «кішміш» болып бүрісіп қалғаным. Атаның кабинетіндегі қағаздар шашылып жатыр екен. Жинап шықтым. Бір кезде атам кеп ақырмай ма?! Зәрем ұшты.

Жуынатын бөлмеге кіріп, суды сарылдатып ағызып қойып ал кеп жыладым. Жылап-жылап кәдімгідей босап қалдым.

"Мой беспорядок – это и есть высший порядок" деді атам. Меніңше, шашылып жатқан қағаз өзі білетін реттілікпен орналасқан ғой. Атам сөзін айтып болғасын "Балам, бұдан былай жылағың келгенде, суды сарылдатпай-ақ жылай бер" деді. Бақытжан "өзі тәртіпке бағынбайтын кісінің затын реттеп нең бар еді?!" деді.

Асүйде дәптерім тұратын. Атамның әрбір сөзін жазып қалуға тырысатынмын. "Күріштің арқасында күрмек су ішіпті" дейді ғой, сол күрмекпін.

Мен жазушы емес, баяндаушымын. Бірді-екілі жерде ғана оқиғаны жұмсартып бердім. Бірақ оның ешкімге зияны жоқ.

Кәсіби жазушы тамшыдан теңіз, бір жапырақтан желек орман жасайды. Мен кәсіби жазушы емеспін. Қалай бар, солай жаздым көргенімді. Жазғанымды үлкен де, кіші де түсініп жатса, міндетімнің орындалғаны. Жазғаным кейін бір кітап болып шығады деген тіпті ойымда болған жоқ.

Атаның айқайын естімеген адам білмейді. Естіген адам ұмытпайды. Қайшылықтардан жаратылған, көктемдей құбылмалы мінезі бар еді жарықтық атамның. Үстелді тарс еткізіп ұрып, көзіме тура қара дейтін ашуланғанда.

Оң қабағы жоғары көтерілгенде не ойлағанын, мұрты жыбырлағаны ненің белгісі екенін біліп алдым, ақыры. Өз балаларымызды да үлкенге ізет көрсетіп тәрбиеледік. Бүгінде үлкен немерем кебісіңізді сүртейін десе, кіші немерем етігіңіздің сыдырғысын жүргізейін деп жанталасады.

Ер мен әйел теңелген жерде тіршілік заңы бұзылған

Қытайдың данасы Сыма Цзянь "Ер мен әйел теңелген жерде тіршілік заңы бұзылады" деген екен.

Гендерлік теңдікті Кеңес өкіметі кезінде орнатуға тырысты. "Саған«А» десе, сен «Б» де" деп үйретті. Еркек пен әйел тең деп екеуін теңестіруге тырысты. Алла Тағала екеуінің міндетін жаратылысына сай ажыратып берген ғой, негізі. "Бір баланы сен ту, бір баланы мен туайын" дей алмайды әйел еркекке. Байқұс әйелдер еркек құсап жұмыс істеп, үйіне келгесін тамағын істеп, кірін жуды.

Гендерлік теңдіктің кесірінен әйел құсап ырбиып сөйлейтін босбелбеу еркектер пайда болды. Еркек "жаным – арымның садағасы" деп тұрса, қыздарымыз шетке кетпес еді.

Көйлек, орамал – қазақтың қасиеті, онымен әйелдің ажары артады. Тырыстырып шалбар кию денсаулыққа да зиян әрі көзге көріксіз. Бір тауға шыққанда болмаса, басқа кезде шалбар кию орынсыз деп санаймын өз басым.

Баланың тұсауын қайшымен кеспейді

Қазіргі атақты әншілердің екінші кәсібі – тұсау кесу. Елдің бәрі баласын әнші жасағысы келе ме сонда? Сахнаның ар жағында ол әнші қандай адам екенін де ойлау керек қой. Көрші-қолаң, жолдас-жора, туыс-туғанының арасында бір адам жоқ па лайық?

Баланың тұсауын қайшымен кеспейді қазақта, қайшыланып қалады деп. Кісінің ала жібін аттамасын дейді. Ал тұсауды кескенде ақ жіп пен қара жіпті араластыру Құдайдан басқаның бәрі екіден дегенді білдіреді. Ақ жіп пен қара жіптің мағынасы сол.

Тұрмысқа шықпаған қызға, үйленбеген жігітке тұсау кестірмеген. Кәрі, әрең жүрген кемпірге тұсау кестірмеген. Сылбыр, ауыра беретін адамға да тұсау кестірмеген қазақ. Қазір осы салтымыздың бәріне әсіредіншілдер шабуыл жасап жүр.

Сөздерін тыңдасаң, "Біздің уақытымыз туады" дейді. Өкіметтің басына біз келеміз дегені ол...

Хиджаб туралы...

Әсіредіншілдерде қисын жоқ, қарап отырсаң. Қазақтың салты, дәстүрі, ырым-тыйымдары шығуының мәні, негізі бар.

Мұсылман болу үшін араб болудың қажеті жоқ. Қазақ болып қалуымыз керек!

Қазақтың қыздары күйеуге тигенге дейін орамал салмаған. Кәмшат бөрік, әдемі бас киім киген. Шаш күтіміне ерекше көңіл бөлген. Қыздың жүрісі әдемі болса, шашбауы сыңғырлап әдемі дыбыс шығарған. Осының бәрін қара орамалдың астына көмуге тырысады қазір.

Қазақтың әйелі некесі қиылған соң шашын, самайын көрсетпеген.

Қыз күйеуге шығып келіншек болып сәукелені шешкесін желек салған. Жас келін алғашқы жылы желек киген. "Желегі түспеген жас келін" деген сөз содан қалған. Бір жылдан кейін ауылдағы келіншектер жиналып келінге кимешек кигізген. Кимешектің шеттерін маржанмен зерлеген. Кимешек ұсқыны нашар әйелдің өзін сұлу ғып көрсетеді емес пе?!

Қазақтың қызы шашын жаймаған. Күйеуі өлген әйелдер ғана шашын жайған жоқтау айтып.

Қазақ қыздың шашын біреу ғып өрмеген, жалғыз қалады деп. Мндетті түрде екіге бөліп өрген. Ал кейде сәндеп он екіге бөліп, тарамдап өрген.

Зейнеп апаның нақылдары:

Мақтансүйгіш адамның талтаңы көп.

Мақтауды көп естіген адам шындықтан адасады.

Атам "Сен тас санасаң, халық құм санайды. Халықпен бірге бол. Қатарыңнан ассаң да, халықтан аса алмайсың" дейтін.

Жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба.

Қазақ көкбөріміз дейміз. Сол көкбөріні шибөрілер талап, бұтынан алып жан-жаққа тартып жатыр қазргі уақытта…

Кешегі жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастыра біл.

Келіннің сәлем салуы – барған жерінің әруақтарына құрмет көрсеткені.

Жазып алған Бану Оңдасынова
Фото: abai.kz

Байланысты жаналықтар

Мақпал Жүнісова Дубайда қалай демалғанын көрсетті

14.10.2024

Айгүл Иманбаева күйеуімен түскен суретін жариялап, көпшілікті сүйсіндірді

10.10.2024

Меруерт Түсіпбаева: Марқұмның құпиясын ақтару - көргенсіздік

09.10.2024

Арман Дүйсеновтің тұңғышын біреулер қастықпен өлтірген – Мақпал Жүнісова

08.10.2024

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады

07.10.2024

Әнші Гүлнәр Сихымбаева өмірден өтті

05.10.2024
MalimBlocks
Мақпал Жүнісова Дубайда қалай демалғанын көрсетті

Әншінің демалысы көңілдегідей өткен тәрізді.

Айгүл Иманбаева күйеуімен түскен суретін жариялап, көпшілікті сүйсіндірді

Актриса жазда тұрмысқа шыққан.

Меруерт Түсіпбаева: Марқұмның құпиясын ақтару - көргенсіздік

Өнер иесі барша әріптестеріне үндеу жасады

Арман Дүйсеновтің тұңғышын біреулер қастықпен өлтірген – Мақпал Жүнісова

Полиция қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады

Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 мың 487

Әнші Гүлнәр Сихымбаева өмірден өтті

Марқұм туған жері Түркістан облысы Төлеби ауданы Жамбыл ауылында жерленеді