Армениядағы парламент сайлауының түпкілікті нәтижелеріне сәйкес, ел парламентіне небәрі үш саяси күш өтті. Олар – премьер-министр Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы, сондай-ақ ресейшіл бағыттағы екі саяси ұйым – миллиардер Самвел Карапетянның «Күшті Армения» партиясы және экс-президент Роберт Кочарян жетекшілік ететін «Армения» блогы.
Бұл туралы 14 маусым, жексенбі күні Ереванда өткен баспасөз мәслихатында Армения Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ваагн Овакимян мәлімдеді.
ОСК деректеріне сәйкес, «Азаматтық келісім» партиясы сайлаушылардың 49,75 пайыз дауысын жинап, парламенттен 64 мандатқа ие болды. Ал «Күшті Армения» партиясына сайлаушылардың 23,27 пайызы қолдау көрсетіп, ол 29 мандат алды. Роберт Кочарянның «Армения» блогы 9,92 пайыз дауыс жинап, 12 депутаттық орынға ие болды.
Осылайша, еуропалық интеграцияны қолдайтын Пашинян партиясы жаңа үкіметті ешбір коалициясыз өз бетінше құру мүмкіндігіне ие болды.
«Гүлденген Армения» парламентке өтпеді
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, кәсіпкер Гагик Царукянның «Гүлденген Армения» партиясы және сайлауға қатысқан тағы 14 саяси күш парламентке өту үшін қажетті 4 пайыздық межеден аса алмады. Аталған партия 3,9893 пайыз дауыс жинаған.
News.am сайтының жазуынша, қазіргі басты саяси интрига – «Гүлденген Арменияның» парламентке өте ме, жоқ па деген мәселе. Себебі екі күн бұрын ОСК сайлау учаскелерінің үштен бір бөлігіндегі дауыстарды қайта санап, нәтижесінде партияның дауысы 147-ге артқан. Алайда сонымен қатар үш сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижелері жарамсыз деп танылып, партия 222 дауыстан айырылды.
Басылымның мәліметінше, егер ОСК осы үш учаскеде қайта дауыс беру өткізу туралы шешім қабылдаса, оппозиция талап етіп отырғандай, партия жетпей тұрған бірнеше ондаған дауысты жинап, Ұлттық жиналыстың жаңа құрамына өтуі мүмкін.
7 маусым күні өткен сайлауға қатысу көрсеткіші 58,97 пайызды құрады. Бұл 2018 және 2021 жылдардағы парламент сайлауларымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Алдыңғы парламент сайлауында Никол Пашинянның партиясы сайлаушылардың шамамен 54 пайыз даусына ие болған еді.