Израиль–Иран қақтығысы: Шиеленіс Қазақстанға қалай әсер етеді?

13 маусымға қараған түні Израиль әскери-әуе күштері Иран аумағындағы стратегиялық нысандарға әуе соққысын жасады. Бұл операция алдын ала жоспарланған, ұзақ дайындалған әрекет ретінде сипатталып отыр.
Израиль мұндай қадамға Иранның ядролық бағдарламасының жетілуіне байланысты барғанын ресми түрде мәлімдеді. Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, Иран бірнеше күн ішінде оннан аса ядролық оқтұмсық жасай алатын деңгейге жеткен. Осы қауіптің алдын алу мақсатында Израиль тарапы 200-ден астам әскери ұшақпен 100-ден аса нысанды бомбалап, 330-дан астам оқ-дәрі қолданған. Нысана ретінде ядролық инфрақұрылымдар мен зымыран кешендері таңдалған.
Саясаттанушылардың айтуынша, бұл – тек Таяу Шығысқа ғана емес, бүкіл әлемге ықпал ететін маңызды оқиға. Себебі Парсы шығанағы жаһандық стратегиялық аймақ. Мұнда мұнай тасымалы, энергетикалық қауіпсіздік және геосаяси тепе-теңдік түйісіп жатыр. Қақтығыс алдағы апталар мен айларда ушыға түсуі мүмкін. Бұл - сойқанның басы ғана, деп болжайды сарапшылар.
Шығыстанушы Қуанышбек Қари Израиль-Иран арасындағы қазіргі шиеленістің Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне жанама болса да әсері болуы ықтимал екенін айтады.
Оның сөзінше, Ирандағы ішкі жағдай бұл қақтығысқа дейін-ақ тұрақсыз болатын. Ядролық бағдарламасына байланысты Иран ондаған жыл бойы қатаң санкциялардың құрсауында өмір сүріп келді. Соның салдарынан Қазақстан мен Орталық Азия елдері Иранмен толыққанды экономикалық ынтымақтастық орната алмады. Қуанышбек Қари: «Жалпы алғанда, өзара мүдде де, ниет те бар. Алғашқы қадамдар жасалды. Бірақ бұл байланыстар толыққанды серіктестікке айнала алған жоқ. Оның басты себебі - халықаралық санкциялар. Ал қазіргі Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс осы жаңа жолға қойылып келе жатқан қарым-қатынасқа тағы да кедергі келтіруі мүмкін», — дейді.
Сарапшы сонымен қатар Иранның Ресеймен тығыз байланысын да ескертіп отыр. Оның айтуынша, Иран өз мұқтаждықтарының бір бөлігін, әсіресе әскери-техникалық қажеттіліктерін Ресей арқылы өтеп отыр. Мәселен, қолға түскен дрондардың үлгісін көшіріп, «Шахид» деп атау беріп, кейін оны Ресейге экспорттап жатқан жағдайлар белгілі. Ал Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің Ресеймен экономикалық байланысы терең болғандықтан, бұл жанама түрде аймақ елдеріне әсер етуі мүмкін. Қуанышбек Қари бұл қақтығыс тікелей әскери қауіп тудырмайтынын айтқанымен, экономикалық және сауда байланыстары тұрғысынан қиындықтар туындауы ықтимал екенін жоққа шығармайды.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанның Парсы шығанағы арқылы әлемдік нарыққа шығу жоспарына да бұл жағдай кері әсер етуі мүмкін. Бұл бағыттағы жоспарларға бұған дейін де санкциялар кедергі болып келсе, енді әскери шиеленіс те қосылып отыр. Қазірдің өзінде Иранмен шекаралас бағыттарда логистикалық тәуекелдер артып, жаңа инфрақұрылымдық жобалар тежелуі ықтимал. "Қазақстанның әлемдік саудаға Парсы шығанағы арқылы шығу ниеті бар. Бірақ бұл жолға салынған тыйымдар — ең алдымен санкциялар — бұрыннан-ақ кедергі болып келді. Қазір жағдай одан әрі күрделене түсті", — дейді Қари.
Саясаттанушы Айдос Бәделұлы да Иранның ішкі жағдайының бұл соғысқа тікелей ықпал еткенін айтады. Оның айтуынша, саяси жүйенің жабықтығы, қоғамның үрейі мен үкіметке деген сенімсіздік бұл елдің қорғаныс қабілетіне әсер етіп отыр. Сонымен қатар, Иранның геосаяси қолдаушылары шектеулі. Ресей мен Қытай сынды державалар ашық түрде араласуға асық емес. Қалған ислам мемлекеттері АҚШ-тың әскери ықпал аймағында орналасқан. Бұл жағдай Иранды оқшау күйде қалдырып отыр.
Қорыта айтқанда, Израиль мен Иран арасындағы бұл қақтығыс Таяу Шығыс шеңберінен шығып, жаһандық деңгейде әсер етуі мүмкін. Қазақстан мен Орталық Азия үшін бұл шиеленіс жаңа экономикалық бастамалар мен логистикалық жобалардың кейінге шегерілуіне, аймақтық қауіпсіздік теңгерімінің өзгеруіне себеп болуы ықтимал. Мұндай жағдайда өңірлік елдердің сыртқы саяси стратегиялары мен экономикалық серіктестік бағыттары қайта қаралуы қажет.
Фото: noi.md

Ең көп оқылған
