Жұмабай аға айтатын жылы сөз

  • 09.10.2020
  • Malim Админ

Жазушы Есболат Айдабосын Facedook парақшасына «Әке...» деп аталған шағын жазба жариялапты.

«Ғимаратқа кіріп, күзетшілердің қасынан өтіп бара жатқам. «Кел, әке, көрейік» деген дауысқа елең ете қалдым. Егде тартқан күзетші. Қолында қызу өлшейтін құрылғысы бар, маңдайыма тақады да «36,5 екен, жүре бер» деді. Жүріп кеттім. Құлағымнан әлгі кісінің «әке» деген сөзі кетер емес. Атам мен апам өзінен кейінгілерге қарата айтатын. Бүгінгілерден көп естімейтін сөзді естіп, көп дүние еске орала берді».

Замандастың бұл жазбасына «Бізге оны Жұмабай ағай көп айтатын» деп пікір жазып қойдым. Мақтанғаным ғой...

Расында Жұмабай ағаның қарамағында жұмыс істеген жылдары ол кісіден үлкендер айтатын, бүгінгілерден көп естімейтін жылы сөздерді көп естідік...

2000 жылдары қағаз газеттер халық арасына кең таралып, олардың арасында бәсеке жоғары еді. Жұмабай аға Бас редактор болған «Заман-Қазақстан» газеті сол бәсекегеде оқ бойы озық шыққан, мазмұнды басылымның бірі болды. Мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітіріп «Заман-Қазақстан» газетіне тәжірибеден өтуге бардым. Жұмабай ағамен сол кезде жолықтым. Одан бұрын «Біздің заманның Аяз биі» шығармасын оқыған едім. Шығармасына қарап ағаны мінезі ауыр, көп сөйлемейтін адам болар деп топшылағанмын. Кейін тани келе елгезек, ширақ, ойын іркіп қалмайтын ашық адам екенін байқадым. Жұмабай аға журналистикаға аттаған алғашқы қадамымды осы басылымға апарған шағын жазбамды «Әкелерге әлди айтқыздық» деген атпен жариялап, шыңдады.

Жазуға тапсырма беретін кезде бір мәселе туралы ойыңды әңгімелесіп отырып айтқызып алады да, «Сен осыны жазсаңшы, әке?» деп сөзін аяқтайды... Бұл ол кісінің тапсырма берудегі жақсы тәсілі. Тапсырманы берген соң тағы бір пысықтап, «Қалай, әке, қолайыңа жаға ма?», дейді. Біз кейде онысына тіпті еркінсіп, тақырыптың бізге жақпай тұрғанын қабағымызбен түсіндіретінбіз. Еркелік екен ғой...

Алғаш «Заман-Қазақстан»  газетінде, кейін «Қазақ әдебиеті» басылымында жүріп оқырманға ой салар тәуір мақала жазсам Жұмабай ағаның арқасы деп білемін. Жас болған соң мақалаларымызда ойымызды шолақ қайырып, шорт кесетін кезіміз көп еді. Редакторымыз бізге үлкендерше айтқанда «әріден ойлап, кең пішудің» не екенін ұғындырды. Мақаламызды Бас редакторға беріп дүниені тындырғандай болатын күй мен ол кісінің қаламы тиген тұстарды көрген күйдің екі арасында едәуір есейетінбіз. Жұмабай ағадан шыққан мақаламызды көргенде сөзді ойнатудан бұрын ой иірімдерінің соншалықты терең, әрі қатпарлы болатынына көзіміз жететін.

Жұмыс барысында өтетін түрлі жиындарда аға «Құдай аман қойса...» деген сөзді жиі айтатын. Біз алғашында жастықпен ол сөзді «Құдай аман болса...» деп түсінеді екенбіз, оның үстіне ағаның тез сөйлейтіні бар... Кейін ол сөзді анық ұғынғанда тағы да шолақ ойлайтынымызға ұялған едік.

Қазақстан Ұлттық арнасында эфирге шыққан «Үзеңгі жолдас» бағдарламасында аз уақыт редактор болдым. Хабарға Қазақстанның дамуына үлес қосқан атақты адамдар, үлкен кісілер көп қатысады. Хабардың қонақтарын қарсы алу шығарып салу менің міндетім. Сол кезде ағаның үлкен кісілермен сөйлесу әдебін, оларды құрметтейтінін сұрақ қоюынан аңғаратынмын. «Үзеңгі жолдас» бағдарламасын эфирге дайындау барысында бір кітап оқығандай рухани азық алып шығатынмын.

Қазақ журналистикасында Жұмабай Шаштайұлының мектебінен өткен қыз-жігіттердің алдыңғы қатарында Дидар Амантай, Қасым Аманжол, Болат Мүрсәлім, Қанағат Әбілқайыр, Роза Сейілхан есімдері тұрса,  кейінгі толқында Алмас Нүсіп, Бағашар Тұрсынбайұлы, Әлібек Байбол, Арман Әлменбет, Қарагөз Сімәділ, Айнара Ашанова, Гүлім Сыдықова сынды шәкірттердің есімі аталады. Жұмабай ағаның шығармашылық жолында журналистика мен жазушылық домбыраның қос ішегіндей қатар келетіні көзі қарақты оқырманға белгілі. Газетте қызмет етіп жүрген жылдары прозасын ақсатып алғанына қынжылса да, ол кезеңде аға прозаға қалам тербейтін бірқатар жас жігіттерді тәрбиелеп шығарды. Бұл қазақ прозасындағы ұрпақ сабақтастығын жалғауға қосылған үлкен үлес деп білемін.

«Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті номерін 8-наурыз Халықаралық Әйелдер мерекесіне арнауымыз керек болып жоспар жасадық. Маған қазақ қыздарының болмысына заманның әсері туралы жазу тапсырылды. Мақаланың ішіндегі бір сөйлемде 10 бала өмірге әкелген әженің аузына «...алтын алқа алғандардың мәртебесі биік еді...» деген сөз салдым. Жұмабай аға мақаланы оқып шыққан соң «мәртебесі биік» деген сөзді басқаша жаз деді. Қандай сөзбен ауыстыратынымды білмей, «тұра берсінші» деген уәжіме «мағынасы дұрыс, бірақ бұрынғының адамдары «мәртебе» деген сөзді айтпайды», – деді. Мен сол кезге дейін әдеби шығармалардағы кейіпкерлердің сөйлеу мәнерінен де олардың өмір сүрген жылдарын ажыратуға болатынын шын ұғындым.

Жұмабай ағаның қасында жүргенде ол кісі жиі айтатын бұрынғының сөздерін кәдімгі күнделікті сөздердей қабылдаппыз. Қазір қасынан кеткен соң ол сөздердің біздің әке-шешеміз, ата-әжеміз айтатын жылы сөздер екенін шын сезініп, бағасын біліп жүрміз. Жұмабай аға бізге тек Бас редактор ретінде ғана емес, әкемізбен қарайлас үлкен адам ретінде де көп сабақ үйретті. Өмірдің сабағын!

Жұмабай ағаны мерейлі 70 жасымен «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет еткен барлық шәкірттері атынан құттықтаймын! Ол кісінің өзі  айтатындай біз «кішкентай адамбыз ғой», Жұмабай ағаның жазу мектебінен, өмірлік мектебінен өтуге нәсіп еткен тағдырға ризамыз! Аға, ғұмырлы болыңыз!

Шәкіртіңіз Назым ДҮТБАЕВА    

Байланысты жаналықтар

Данэлия Тулешова America's Got Talent финалда ұтылып қалды

24.09.2020

Айбек Ережеп: Аққулар ұйықтағанда

25.02.2021

Жас қаламгерлер «ақылды кейіпкер» феноменінен арылуы керек

26.04.2020

Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов қайтыс болды

05.04.2021

MalimWomen. Жертөледе өскен қыз

23.05.2021

Ерболат БАЯТ. Жанар және Моника

22.04.2021