Дархан Қыдырәлі ректор болғалы жатыр. «Егемен» қайтпек?

  • 12.10.2020
  • Malim Админ

Қырғыз бүлігінің көлеңкесінде қалып қалған «Нұр Отан» праймеризінің қорытындысына қайта оралсақ, осы науқаннан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма басшысы және Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қопаңдап отырғандай. Билік партиясындағы саяси кеңес бюросының бір мүшесі Дархан Қуандықұлы праймеризге қатысқан жоқ, алайда осы праймериз оған жаңа жолдар ашпақ. Қалай дерсіз?
Жақында ғана «Нұр Отан» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев мынандай мәлімдеме жасады: «Партия ішілік праймериздің бірінші айналымы өткенімен, тартыс әлі алда. Үміткерлер енді екінші кезеңде бақтары мен баптарын сынайды».
Арман Қырықбаевтың бұл сөзін праймеризде Нұр-Сұлтан қаласында ең көп дауыс жинаған Ерлан Сыдықов құлағына да қыстырмайтындай. Екінші кезеңді күтпей-ақ, ұзын құлақтардың айтуынша, жүгін жинап, буынып-түйініп дайын отыр екен. Әлбетте, Н.Назарбаев билігін созу реформасын сонау Семейде жатып көтеріп, содан кейін-ақ кіші ректорлықтан үлкен ректорлыққа өрлеп, астанадағы Еуразия Ұлттық университетін он жылдай басқарған, «Нұр-Отанның» Нұр-Сұлтандағы филиалының саяси кеңес мүшесі Ерлан Сыдықовтың праймеризден оқ бойы алда келгеніне қарағанда, Арман Қырықбаев қорқытқан екінші кезеңінен оның сүрінбейтіні анық. Яғни, Ерлан Сыдықов енді депутат болмақ.
Ал оның орнын кім басады? Қазір ректор тағайындалмайды, сайланады дегенмен жоғарғы жақта Ерлан Сыдықовтан босайтын орынды Дархан Қырырәліге сыбағадай сақтап отыр екен. Әлбетте, Дархан Қуандықұлы жақында ғана академик атанғанын, Халықаралық Түркі академиясында ең мықты президент болғанын, «Егемен Қазақстан» газетін елбасының сүйікті басылымына айналдырып жібергенін қайтара айтып, «мұндай қызметтің өтеуі министрлік дәрежесінен кем болмаса, ақпарат бұйырмаса да, мәдениет министрлігін басқарып кете аламын» дегенге салып көріпті. Бірақ, бұйырғалы тұрғаны ректорлық екен.
Сонымен, сайлау өткен соң Дархан Қыдырәлі бұйырса, ЕҰУ-дің ректоры болмақ. Ал, Дархан Қуандықұлының «Егемен Қазақстан» газетіндегі орнына кім бармақ? Жоғары жақтағылар бізді тыңдаса, Дархан Қыдырәліні «Егемен Қазақстан» газетінен қозғауға болмайды. Халықаралық Түркі академиясы президенттігінен де алмау керек. Ал ректор қызметін жүктегісі келсе, жүктей берсін, халықаралық академия мен елбасы газетін қатар басқаруда түк қиналмаған Дархан Қуандықұлы үш қызметті де қатар атқарып жүре беретін ұлт зиялысы емес пе!

Байланысты жаналықтар

Алтын мен мысы көп ауылда мектеп жоқ

14.01.2021

Коронавирустан он сегіз адам жазылды

28.03.2020

Шымкентте ҰБТ қалай өтеді?

31.03.2021

Студенттер офлайн оқуға қашан оралады?

02.03.2021

Карикатура сөйлесін

26.04.2021

Мамин Нұр-Сұлтанда жүріп-тұруға бір жылда 140 миллион теңге жұмсамақ

26.10.2020