Белгілі жазушы Мархабат Байғұтты ақтық сапарға шығарып салды
Бүгін қаралы топ белгілі жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұтты ақтық сапарға шығарып салды.
Марқұммен қоштасу Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы Қазақ драма театрында өтті. Жаназа намазы Байғұт Баба мешітінде оқылды. Түлкібас ауданы Түркібасы әулие етегіндегі Азаттық ауылының мазарына жерленді. Топырақ салуға алыс-жақыннан келгендердің қарасы көп болды. Солардың ішінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де болып, қаралы қауымға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтуын жеткізді.
«Болмысы бекзат, бітімі бөлек, жазуы ерек, жаны жайсаң, алашқа ардақты, қалың қазаққа қадірлі қаламгер Мархабат ағаны ақтық сапарға, мәңгілік мекеніне шығарып салдық. Қаралы қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көңіл айту сөзін жеткіздім» деп жазды кейіннен министр Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мархабат Байғұт 1945 жылы 25 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық басылымдарда, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Оның «Шілде», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек», «Серт пен сенім» және тағы да басқа кітаптары жарық көрген. Шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған.