Рысбек Сәрсенбайұлы: Сайлау кейінге қалуы керек

  • 28.10.2020
  • Елнұр Бақытқызы

Еліміздегі бір топ оппозициялық саясаткер, қоғам қайраткерлері мен белсенділер "Ел бірлігі" атты қозғалыс құрды. Біз осы қозғалыстың мүшесі, журналист, саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлынан қозғалыстың мақсаты мен жоспары туралы сұрап білдік.

–  Рысбек аға, "Ел бірлігі" қозғалысының бастамашысы кім?

– Бұл бастама көпшіліктің арасынан шықты. Көпшіліктің тілегі, тіпті талабы десек те болады. Бізге хабарласқандар "бәріміз шашырап жүрміз, басымыз неге бірікпейді, оппозицияда бұрыннан жүрген адамдар, зиялы қауым, ақсақалдар, бәріңіз біріксеңіздер, сіздердің артыңыздағы халық та бірігеді" деді. Сөйтіп, наразы болып жүрген, қудаланып жүрген белсенділер, аймақтағы адамдар жиналып бірнеше рет қостық. Бізді біріктіретін ортақ мақсат болуы керек, сол мақсатты қолдаған адамдар сосын өздері-ақ топтасады деген қорытындыға келді.  Шындығында да, өмір мұның дұрыстығын көрсетті.  "Ел бірлігі" қозғалысының мақсаты  – елдің тілегін орындау, басын біріктіру, өзгеріс жасау. Ал бұл өзгеріс билікті өзгертуден басталады.  Ал биліктің ауысатын жері – сайлау. Бейбіт жолмен, халықтың қалауымен, Конституция мен конституциялық заңдар негізінде.

Бірақ осы сайлауда билікті ауыстырайық, мәжіліске, мәслихатқа елдің мүддесін ойлайтын, қорғайтын адамдар келсін десек, оған тағы мүмкіндік жоқ. Өйткені бұл сайлауға партияға мүше емес адамдар түсе алмайды. Қазақстанда 12-13 миллион сайлаушы бар десек, оның 1 миллионы ғана партия мүшесі. Демек, осындай әділетсіз заңмен сайлау өткізу керек пе? Әрине, қажет емес. Сондықтан сайлау дұрыс өтуі үшін, парламентте халық өкілдері болуы үшін "Саяси партиялар туралы", "Сайлау туралы" және "Бейбіт шерулер туралы" заңды өзгерту керек. Осы заңдар өзгерсе ғана саяси партиялар құрыла алады. Ал заңды талаптарды қою үшін "Бейбіт шерулер" туралы заңды өзгерту керек. Заң өзгеріп, жаңа партиялар құрылған соң ғана сайлау өткізу керек.

– Қозғалысқа кімдер мүше?

– Қозғалыстың басы-қасында ынталы топ, белсенділер жүр. Танымал адамдардан Балташ Тұрсымбаев, қозғалысқа қолдау көрсеткен Ғазиз Алдамжаров, Ермұрат Бапи, Гүлжан Ерғалиева, Хасен Қожа-Ахмет, Жарылқап Қалыбай, Марат Тоқашбаев, Есенғазы Қандық, Нұрлан Бұланбаев, Ғаббас Қабышұлы, Темірхан Медетбек, белсенділер Марат Тұрымбетов, Даная Қалиева, Геннадий Крестьянский, Рысбек Тоқтасын бар. Өткен сайлауға қатысқан бақылаушылар тобы да бар. Қатарымызға адвокаттар Шынқуат Байжанов, Абзал Құспан қосылды. Қозғалыстың жоғарғы органы құрылтай ақылдастар алқасын сайлайды. Үйлестіру орталығы бес бағыт бойынша жұмыс істейді.

Біз қойылған талаптар орындалмаса, яғни заңдар өзгермесе, сайлауды бақылаймыз. Сайлаудағы заңбұзушылықтарды анықтаймыз. Ақыр аяғында сайлау заңды өтті десе, қайта сайлау өткізуді талап етеміз.

– Бірқатар белсенді ЖСДП төңірегіне топтасып жатқандай. Олар ЖСДП-мен бірге сайлауға қатысуға мүдделі. Ал сіздер бойкот мәселесін көтересіздер ме?

– Бойкот мәселесі бар. Біз әзірге заңдарды өзгерту туралы талап қойып отырмыз. Егер ол талаптар орындалмаса, бүкілхалықтық бойкотқа кірісеміз. Қозғалыс құрудың өзін бойкот бастамасы деп есептеу керек. Өйткені ертеңгі сайлау нәтижесі қалай болатын түсінікті ғой. Бойкот деген мәселені өздері күн тәртібіне қойып береді. Бірақ бірден бойкот деп жариялап жатқанымыз жоқ, әзірге билік жауабын естімедік.

Ал жалпы, пандемияға байланысты сайлауды тоқтату керек деп есептейміз. Кешегі құрылтайдағы пікірлердің қорытындысы осындай. Өйткені егер биліктің халыққа жаны ашитын болса, сайлауға миллиондаған адам қатысуы керек. Ауру жұқтырудың алдын алу үшін сайлаушылар ара қашықтықты сақтайтындай дауыс беруді ұйымдастырса, бүкіл сайлаушы дауыс беріп үлгере алмайды. Біз сондай-ақ онлайн сайлауға қарсымыз.

Ал ЖСДП қатарына белсенділерді қосу арқылы сайлауға қатысу идеясын ұстанатындар бар. Сырттағы Ермек Нарымбаев, ХАҚ қозғалысының бастамашысы Тоғжан Қожалиева осы бағытты ұстанады. Алайда ол – үлкен қателік. Олар ставканы ЖСДП-ға қойып отыр. Ал ЖСДП екінші Қосановтың нақ өзі. Ертеңгі күні олар бас тартады. Екіншіден, бұл партияға халық сенімі жоқ. Халық үшін жұмыс істейтінін көрсете қойған жоқ. Халық сенбейтін партяға адамдарды қосу арқылы сайлауда жеңеміз деу – халықты алдау. Бұл сайлауды заңдастыру әрекеті.

 

 

Байланысты жаналықтар

Манхэттенді басып алған қазақ байлары кімдер?

07.01.2021

«Ағама ауыртпалық түсіргенім жоқ»

13.04.2020

Әсия Төлесовадан  алты полицей "жәбір көрдік" дейді

07.07.2020

Наурызда теракт жасамақ болған

14.03.2020

Карантин кезінде Тоқаев тапсырмасымен заң жобасы мақұлданды

22.04.2020

«Әйелдер сүйікті ісімен айналысу керек»

10.11.2020