Ақберен Елгезек: «Болмаған балалық шақта» жазылмаған кейбір оқиғалар фильмге енді

Басында фильмге мені түсіретін болды

Олжас Қасым

  • 24.02.2025

27 ақпаннан бастап «Болмаған балалық шақ» фильмі еліміздегі барлық кинотеатрларынан көрермен назарына ұсынылмақ. «Болмаған балалық шақ» – танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің кейінгі жылдары бестселлерге айналған кітабы.  Осы тағдырлы шығарманың желісі бойынша драмалық фильм түсірілді. Бас продюсері автордың өзі – Ақберен Елгезек, режиссері – Айдын Сахаман, сценарийін жазған – Ефрат Шәріпов. Осы орайда  Malim.kz тілшісі шығарма авторымен аз-кем сұхбаттасқан болатын.

Ақберен аға, жақын күндері «Болмаған балалық шақ» фильмі кинотеатрлардан көрерменге жол тартпақ. Өзіңіз түсірілім жұмыстарына араласып, дайындық процесіне қатысқан боларсыз. Кинотуынды көңіліңізден шықты ма? Шығармашылық ұжым үлкен Ақбереннің ішіндегі «балақайды» шынайы кейіптей алды ма?   

— Мен түсірілім жұмысына араласуды құп көрмедім. Айдын Сахаманды режиссерлікке шақырған кезде оған «Үлкен экрандағы «Болмаған балалық шақ» - сенің туындың. Сен оны қалай көресің, Ақошты қалай танисың, кейіпкерлермен қалай жұмыс істейсің, ол өзіңнің еншіңдегі шаруа» деп айттым. Таспалау жұмысына мүлдем араласпадым. Түсірілім алаңына бір-ақ мәрте бардым. Басында фильмге мені түсіретін болды. Кейін сценарийді өзгерттік те ол кадрды алып тастадық. Бірақ, киноның алғашқы нұсқасын көріп шықтық. Ол толықтай пісіп-жетілмеген фильм еді. Дегенмен, кітаптағы оқиға желілерінен аса көп ауытқыған жоқ. Режиссер киноның заңдылықтарына байланысты көп дүниені қосқанын байқадым. «Болмаған балалық шақ» кітабына кірмеген оқиғаларды, басқа да жағдайларды шығармашылық ұжымға айтып берген едім. Соларды да қамтыған. Өзімнің ойымша, қызық фильм шыққан секілді. Балалар да, үлкендер де қызығып көре алатын салмақты әлеуметтік туынды болды. Фэнтези жанрының да элементтері бар. Әркім өзінің жазған шығармасына баға бере алмайтыны заңды.   Оны бағалап, сараптайтын көрермен. Қалай болғанда да қазақ киносының қатарына жақсы дүние қосылды деп пайымдаймын.  

— «Болмаған балалық шақ» заманауи қазақ әдебиетінің бестселлеріне айналды. Одан кейін аталған туынды бірнеше театрда сахналанды. Ендігі қадам – фильм.  Фильм  кітап пен  спектакльден қалай ерекшеленеді? 

— Қуанышымызға орай,  балалар арасынан Шәкәрім Алмасбек пен Нұртілек Жарылқасын деген екі актер таңдалды. Екеуі де кітаптағы Ақоштың рөлін өте жақсы, жоғары деңгейде  сомдап шықты деп есептеймін. Әсіресе, кішкентай Ақош – Шәкәрім Алмасбекті табу қиынға соққанын жасырмаймын. Бұл баланы бізге Құдайдың өзі жіберді деуге болады.

Кастинг ұзақ уақыт жүрді. Өйткені басты рөлде кәсіби емес актерлер, кішкентай балалар бар. Кішкентай балалардың құрамына ашық кастинг жарияланды. Басында бұл жобаны демеп, осы жобаның болуына атсалысқан Қазақфильмнің бұрынғы президенті Азамат Сатыбалды еді. Режиссер Айдын Сахаманның айтуынша, Қазақфильм базасында кастинг шамамен 3-4 ай болды, 700-ге жуық бала қатысты. Әртүрлі актерлық мекемелерден, үйірмелер мен мектептерден айлар бойы балалар тоқтамай келіп отырды. Солардың арасынан іріктеу жүргізілді. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші фотосуреттен бастап, өнеріне қатысты, одан кейін сахнада ойнаған, партнерлық сахнада ойнаған іріктеулер болды. Солардың арасынан төрт айда тапқан басты кейіпкеріміз Ақошты ойнайтын екі жас айырмашылығындағы кейіпкер. 

Тіпті кәсіби актер Берік Айтжановтың өзі оның ойынына тәнті болып, «осы жылдың “Үздік ер адам рөлі” Шәкәрімде болады» деп сенім білдірді. Бұл өте жоғары баға. Сондықтан, Шәкәрім өзіне берілген тапсырма, міндеттерді толықтай алып шықты деп ойлаймыз. Бұл қойылымды үш театр сахналағанын білесіздер. Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театр және Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы театр. Үшеуі бір біріне ұқсамайтын үш түрлі қойылым шығарды. Ал киноның тілі драматургиядан мүлдем басқа. Кинода өзгеше дүние бар – мысалы, Семей полигоны, 80-90-жылдардағы қазақ қоғамының атмосферасы, біздің отбасылық және ұлттық құндылықтарымыз. Осылардың бәрі фильмде көрініс тапты. Мұндай жайттарды театр қойылымына енгізу мүмкін емес, ал кинода оны қимылдармен, әртүрлі штрихтармен, диалогтармен ауқымды етіп көрсетуге мүмкіндік бар. Сондықтан, кино, әлбетте, ерекшеленеді, өзгеше болады.

«Болмаған балалық шақты» үш театрдағы үш режиссер өз қолтаңбасымен сахналады. Ал Айдын Сахаман кинодағы болмаған балалық шақты жазып шықты. Мен тек қана кітаптың авторымын. Сондықтан, бұл – негізінен режиссерлердің еңбегі. Алғыс та, сұрақ та соларға арналуы керек. 

— Алматыны бағындыруға аттанған жетім баланың бастан кешкен тағдыры арқау болған туындының осындай зор қошеметке, халық сүйіспеншілігіне бөленуінің сыры неде?

— Бұл сұраққа былай деп жауап берер едім: Адам өз кітабын оқытам деп қаншалықты жарнама жасаса да, қанша тырмысса да оқылмайтын кітап бәрібір оқылмайды. Мысалы, маған өзімнің поэзиям жақын. Ал “Болмаған балалық шақ” – Құдайдың шығармасы болды. Ол маған осындай тағдыр берді, қабілет берді, солай жазғызды. Сол арқылы қаншама жүректі жұмсартып, емдедік деуге болады. Маған көптеген адам ата-анасының қадірін түсінгенін, “Бақытты балалық шағымызға шүкір айттық” деп жазып, әсерлерімен бөлісіп жатады. Сондықтан, халықтың сүйіспеншілігі ең алдымен Құдайдан. Өлеңдерім де жақсы оқылады, әнге жазылған сөздерім де халық арасында айтылып жүр, Құдайға шүкір. Сондықтан, адам мұндай нәрсені өзі істей алмайды. Бұл – тек қана бізді жаратқан Құдайдың қолындағы дүние. Сол себепті мен Аллаға сансыз мадақ, сансыз шүкір айтамын. Жаратқанның осындай тағдыр бергеніне ризамын және осы шығарманы жаздырғанына разымын. Әйтпесе, қаншама жазушы бар, менікінен де ауыр тағдырлар кешкендер аз емес. Бірақ дәл осы шығарманы қазақтың ішінде маған жаздырғанына қуаныштымын және Жаратқан Иеме шүкір деймін. 

- Сұхбатыңызға рахмет!   

Байланысты жаналықтар

Биыл мемлекет қаржысына түсірілген қандай фильмдер экранға шығады

25.01.2025

Ақберен Елгезек: Мағауин елден талақ үшін емес, қазақ үшін кетті...

14.01.2025

«Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі ұлтараздықты қоздырды – танымал режиссер

04.12.2024

«Бауырына салу» «Оскар»-ға ұсынылды

16.11.2024

«Маған көрсетпеді»: Ханбибі Есенқарақызы «Нұрикамал» фильмі туралы айтты

13.11.2024

921 млн теңге бөлінген екі кино прокатқа шыққан жоқ

08.10.2024
MalimBlocks
Биыл мемлекет қаржысына түсірілген қандай фильмдер экранға шығады

Ақберен Елгезек: Мағауин елден талақ үшін емес, қазақ үшін кетті...

«Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі ұлтараздықты қоздырды – танымал режиссер

Танымал режиссер Айсұлтан Сейітов фильмді сынап, пікір білдірген

«Бауырына салу» «Оскар»-ға ұсынылды

Фильм ауыл өмірінің қиын тіршілігін бейнелейді

«Маған көрсетпеді»: Ханбибі Есенқарақызы «Нұрикамал» фильмі туралы айтты

921 млн теңге бөлінген екі кино прокатқа шыққан жоқ

2019-2021 жылдары «Выбор» кинофильміне 500 млн теңге бөлінген