Журналист Сырым Итқұлов әлеуметтік желіде 1990 жылы түсірілген сирек фотосуретті бөлісті. Онда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолына темекі ұстап тұрған сәтте бейнеленген, деп хабарлайды Malim.kz.
Иткұловтың мәліметінше, сурет Григорий Явлинскиймен әңгіме барысында түсірілген. Кейін Явлинский Қазақстан басшысының экономикалық кеңесшісі ретінде жұмысқа шақырылған. Ол КСРО ыдырар тұста кеңінен талқыланған «500 күн» нарықтық реформалар бағдарламасын әзірлеген экономистердің бірі болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев кейінірек естеліктерінде Явлинский бастаған мамандар тобының сол кезеңдегі жұмысына оң баға берген.

Алайда Григорий Явлинский бұл мәселеге қатысты басқа пікір айтқан. Оның сөзінше, өзін реформалардың басталғанын көрсету үшін ғана шақырмақ болғандықтан, ұзақ уақыт бірге жұмыс істеуге келіспеген. Соның нәтижесінде екі тараптың ынтымақтастығы бір жылға да жетпеген.
Одан кейін Қазақстан Үкіметі бірқатар шетелдік сарапшылармен жұмыс істеді. Олардың қатарында Борис Немцов, Джеймс Гиффен, Чан Янг Бен және Москович те болды.
Ал 2015 жылы өткен кезектен тыс президент сайлауы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев әлгі суреттегі темекіге қатысты өзі түсініктеме берген еді. Оның айтуынша, Кеңес Одағы тараған тұстағы ауыр экономикалық жағдай мен үлкен жауапкершілік жүйкеге салмақ түсірген. Сол себепті әріптестерімен және шетелдік делегация өкілдерімен жұмыс мәселелерін талқылау кезінде темекі шегуді әдетке айналдырған.
Тұңғыш президент студент кезінде темекі тартпағанын, кейін бұл әдеттен толықтай бас тартқанын да айтқан.