Алматы облысындағы Букреев шыңы ауданында теңіз деңгейінен 3010 метр биіктікте құтқару операциясы жүргізілді, деп хабарлайды Malim.kz.
ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық құтқару қызметі мен Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің мамандары жардан құлап, басынан жарақат алған қызды эвакуациялады. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шегуші өздігінен қозғала алмаған. Құтқарушылар келгенге дейін оған алғашқы медициналық көмекті оқиға куәгері көрсеткен.
Эвакуациялау жұмыстарына «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жұмылдырылды. Қыз «Медеу» тікұшақ алаңына жеткізіліп, одан әрі ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының медициналық бригадасына тапсырылды.